Accessibility links

Өзбекстанның Ислам қозғалысы өз жетекшісінің қаза тапқанын енді жариялады


Тахир Юлдаш, Өзбекстан Ислам қозғалысының жетекшісі.

Тахир Юлдаш, Өзбекстан Ислам қозғалысының жетекшісі.

Өзбекстанның Ислам қозғалысы ресми түрде бір жыл бұрын қаза болған жетекшілері Тахир Юлдаштың өлімін растады. Осыған дейін оның АҚШ-тың Пәкістандағы зымыран шабуылынан қаза болғанын исламистік топ жасырып келген.




Тамыздың 17-сі күні Өзбекстанның Ислам қозғалысы өздерінің жетекшілері Тахир Юлдаштың бір жыл бұрын қаза болғанын мәлімдеді. Ол 2009 жылғы тамыздың 27-і Пәкістанның Оңтүстік Уәзірстан аймағына жасалған АҚШ-тың әуе соққысынан өлген.

Өзбекстанның Ислам қозғалысының Forqon.com сайтында Тахир Юлдаш деп сақалы өскен ер адамның қаза тапқандағы суретін жариялаған. Сонымен қатар қозғалыстың жаңа жетекшісі ретінде Усман Одил деген адамның суреті мен мәлімдемесі берілген.

Ислам қозғалысының сейсенбі күні таратылған мәлімдемесінде, Тахир Юлдаштың өлімі жайлы не себепті жарияланбағаны туралы жазған. Қозғалыс өкілдері “Тахир Юлдаштың қазасы туралы кешірек хабарлауымызға себеп болған мәселеге тоқсалсақ, ол мұсылмандардың рухы өшіп қалмасын, дінсіздер қуанбасын дедік” деп хабарлады.

Өткен жылы Тахир Юлдаштың қаза тапқаны туралы мәліметтер бірнеше мәрте теріске шығарылып келген. 2009 жылғы қыркүйектің 27-і Азаттық радиосының Өзбек қызметіне Тахир Юлдаш қаза болды деп оның оққағарларының бірі хабарлап, қозғалыс әзірге оның өлімін жасырып отыр деп мойындаған:

«Өзбекстанның Ислам қозғалысының әмірі Мохаммад Тахир Фарух - Тахир Юлдаш зымыран оғынан жараланып, қаза тапты. Бірақ қозғалыс оны әзірге айтпай, жасырып отыр» деген еді Тахир Юлдаштың оққағарларының бірі.

Ауғанстанмен шекаралас Оңтүстік Уәзірстан аймағында бірнеше жыл жасырынып жүрген Юлдашпен бірге сол кезде оның көмекшісі де қаза тапқан.


Енді Тахир Юлдаштың орнын басқан, Өзбекстанның Ислам қозғалысының әмірі Усман Одил сейсенбі күні қозғалыс бұрынғыдай дінсіздерге қарсы жихадын жалғастыра береді деп мәлімдеді. Оның бұл мәлімдемесінің аудио жазбасы Forqon.com вебсайтында жарияланған:

«Мохаммад Тахир Фарух шахид болғанына бір жыл толған бұл күні біз дүниеге былай деп жар саламыз: Израиль, АҚШ, Еуропа Одағы, Ресей, Қытай және басқа да кәпір мемлекеттер төңкеріліп, мұсылман елдері азат болғанша және дініміз осы күресте жеңімпаз болып шыққанша біз бұл жихадымызды жалғастыра береміз, иншалла!»

Өзбекстанның Ислам қозғалысы 1996 жылы құрылған. Оның құрамына елдегі бірнеше діни партия мен топтар енген. Басында бұл қозғалыс шетелдегі мұсылмандардың ұйымы болып саналған.

Одан кейін қозғалыс өздерінің Орталық Азияда Ислам халифатын құру мақсаттары бар екенін мәлімдеген. Бұл аймаққа Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан және Қытайдың ұйғырлар тұратын аудандарын сыртынан кіргізіп қойған.

АҚШ мемлекеттік департаменті аталмыш қозғалысты террорлық ұйымдар санатына жатқызады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG