Accessibility links

Ресей Ақтауда атом электр станциясын салмақшы


Үлбі зауытындағы радиоактивті затты сақтауға арналған арнайы ыдыс. Өскемен, сәуір, 2010 жыл.

Үлбі зауытындағы радиоактивті затты сақтауға арналған арнайы ыдыс. Өскемен, сәуір, 2010 жыл.

Бұл туралы Мәскеуде өткен "Атомэкспо-2010" форумында "Қазатомпром" басшысы Владимир Школьник мәлімдеді. Оның сөзінше, екіжақты келісім-шартқа осы жылдың аяғында қол қойылуы мүмкін. Дегенмен, бұған қатысты Қазақстан ғалымдарының пікірі екіге жарылып отыр.


«ВИРТУАЛДЫ ЖОБА»

«Қазатомпром» ұлттық компаниясының басшысы Владимир Школьниктің сөзінше, Ақтаудағы атом электростанциясы – Қазақстан мен Ресейдің бірлескен пилоттық жобасы. Оның негізінде ВБЭР-300 реакторы іске қосылады деп хабарланып отыр.

Дегенмен, эколог-ғалым Еділ Жаңбыршин, бұл реактор еш жерде сынақтан өтпеген «виртуалды» жоба болып табылатындығын айтады.

– Бізге әкелеміз деп жүрген жобасы – ВБЭР-300 деген қондырғы. Бұл – бұрынғы атом сүңгуір қайықтарында қолданылып жүрген КТЛ-40 С деген ядролық қондырғының екі есе үлкейтілген түрі. Ол тек қана эскиздік жобада ғана бар, еш жерде сыналмаған, ешбір елде тұрғызылмаған, ешқашан сараптаудан өтпеген «виртуалды» жоба. Ал енді оны алып келіп, Маңғыстауға салып эксперимент жасағылары келеді, – дейді эколог-ғалым.

Бұл айтылғандарды Ресей мен Қазақстандық мамандар да мойындап отыр дейді ғалым.

– Ақша – біздікі, жер – біздікі, ал күмәнді технология – Ресейдікі, – дейді Жаңбыршин.


АТОМҒА БАЛАМА ҚУАТ КӨЗДЕРІ


Еділ Жаңбыршин дәл қазір Қазақстанға бұндай станцияның керегі шамалы деп санайды.

– Себебі бізде энергия тапшы емес. Екіншіден, бізде сол энергия көздерін қамтамасыз етіп, соны шығаратын пайдалы қазбалар артығымен бар. Мұнай, газ, тіпті оларды санамағанда, балама энергия көздері де мол. Жел мен күннің қуатын, сосын, Алматы және оңтүстіктің басқа да аймақтарында су энергиясын да дамыту мүмкіндігі бар, – дейді эколог-ғалым.

Қазақстанда балама қуат көздерінің бар екендігін Қазақстанның Ұлттық ядролық орталығы директорының орынбасары Сергей Лукашенко да растап отыр. Дегенмен оның қоры 2015 жылы таусылып, энергия тапшылығы байқалады деген болжам жасайды маман.

– Тіпті Қазақстанның кейбір аймақтарында алдағы жылдардан бастап энергия тапшылығы сезілуі мүмкін. Қазір мемлекеттің дамуы мен энергияны қолдану жобалары – бізде электрге айналдырушы жаңа қуат көзінің қажет екендігін көрсетеді. Осы тұрғыдан алғанда АЭС бізге қажет. Ал қауіпсіздік тұрғысынан қарағанда, егер қалыпты жұмыс істесе ешқандай зияны жоқ, – дейді маман.

Қазақстандағы электр энергиясының басым бөлiгi, яғни 87 пайызы – жылу электр станцияларында, 12 пайызы су электр станцияларында өндiрiледi. Бірақ, сарапшылардың пiкiрiнше, электр станцияларының ресурсы күн өткен сайын азайып бара жатыр.

Одан өзге Қазақстанның оңтүстiгi мен батысы Ресей мен Орталық Азиядан тасымалданатын энергияға тәуелдi. Қазақстан уран қоры жағынан әлемде 9-шы орынды иеленетiн бай мемлекет екендігін алға тартқан мамандар, сол уранды өңдеу үшiн ең тиiмдiсi – атом электр станциясын салу екендігін айтады.

БАЛҚАШТАН АҚТАУҒА

Қазақстанда атом электр станциясын салу туралы алғаш 1998 жылы айтылған еді. Сол кездегі жоба бойынша, АЭС-ті Қазақстанның оңтүстiгінде – Балқаш көлiнiң жағасынан салу туралы ұсыныс жасалған болатын. Оның алғашқы блогын 2005 жылы пайдалану жоспарланған. Алайда, сол кезде қоғам тарапынан бұл жоспарға деген табанды қарсылық үкіметті ойынан қайтарған-тын.

Өткен жылы бұл мәселе қайтадан күн тәртібіне шығып, енді АЭС-ті Ақтауда салу туралы айтыла бастады. Оның құрылысын Балқаштан Ақтауға ауыстыруға не себеп болды?

Қазақстандық басылымдардың атап өтуінше, ең алдымен бұған Ақтау қаласында бүгiнде iстен шыққан жергiлiктi энергокомбинаттың аумағында орналасқан жылдам нейтрондарға негiзделген БН-350 атом реакторы себеп. Демек, АЭС осы алаңда жұмысын жандандыратын болады. Екiншiден, Ақтау қаласында өнеркәсiптердiң қарқынды дамуы – энергия тапшылығын тудырды.

ҮМІТ ПЕН КҮДІК

Эколог-ғалым Еділ Жаңбыршин АЭС-тің пайдасынан шығыны көп екендігін айтады.

– Атом электр станциясынан салынатын капиталдық шығын 1 КВт қуатқа кемінде 2000-3000 доллар қаржы керек екен. Ал егер жобаға сәйкес ол 600 Мвт шығаратын атом электр станциясы болатын болса, оған төрт миллиард доллар қаржы керек болады. Оны қазіргідей дағдарыс кезінде мемлекетіміз көтере алады ма? Ал неге біз сол ақшаны балама энергияны дамытуға жұмсамаймыз?- дейді Еділ Жаңбыршин.

Ақтауға салынатын ВБЭР-300 реакторы 60 жыл жұмыс істейді деп жоспарланып отыр. Оның алғашқы үш жылында – 300 Мвт, қалған 57 жылы 600 Мвт қуатпен жұмыс істейді.

– Жоба авторлары сол шыққан электр энергиясын 1 теңге 78 тиыннан – 5 теңге 42 тиынға дейін бағалап отыр. Ал оның 87-95 пайызы шығынға кетеді. Берген мәліметтерді есепке салып, АЭС-ті салуға кететін қаржы мен одан түсетін пайданы санасақ, біз 340-400 миллиондай шығынға ұшыраймыз, – дейді ғалым.

Алайда, Қазақстанның Ұлттық ядролық орталығы директорының орынбасары Сергей Лукашенко бұндай пікірмен келіспейді. Оның ойынша, атом электр станциясының пайдасы мол болмақ.

– Ең бастысы – жақсы жобаны таңдап алу. Ресейдің ұсынып отырған ВБЭР-300 реакторы сынақтан өтпегендіктен күмән тудыратындығы рас. Мен оны жақсы-жаман деуден аулақпын. Дегенмен, процесс барысында мықты жоба таңдалып алынып, станция салынса, оның пайдасы көп, – дейді Сергей Лукашенко.

ӘЛЕМДЕ ҚУАТ ТАПШЫЛЫҒЫ СЕЗІЛЕДІ

АҚШ, Ұлыбритания, Жапония секілді дамыған елдер атом электр станцияларының санын көбейтуге мүдделі.

Бақылаушылардың айтуынша, қазiр энергетика тапшылығы байқалып, энерготасымалдау қымбатқа түсе бастады. Сондықтан дүниежүзі атом энергиясын пайдалануды тиiмдi деп тауып, оған қайта оралғанды жөн санап отыр.

Қазiр АҚШ барлық энергияның пайызын беретiн 100-ден аса реакторлы блокқа ие болып отырса, Жапонияда атом энергиясы – 40 пайыз, Францияда – 80 пайыз деңгейiнде қолданылады.

Ал Қытай мемлекеті алдағы жиырма жылдықта 40 АЭС салуды жоспарлап отыр. Алайда Қытай жел энергетикасын өндіруге де баса мән беруде.
  • 16x9 Image

    Мәншүк АСАУТАЙ

    1980 жылы туған. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін бітірген.

    Қарағанды қаласындағы жергілікті телеарнада қызмет еткен. 2004 жылдан бері Азаттықтың тілшісі. 

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG