Accessibility links

Ауғанстан 2014 жылдан бастап өз қауіпсіздігін өзі қорғамақ


Ауған президенті Хамид Карзай. Кабул, 20 шілде 2010 жыл

Ауған президенті Хамид Карзай. Кабул, 20 шілде 2010 жыл

Ауғанстан президенті бүгін халықаралық қауымдастықтан ел қауіпсіздігін бақылау тізгінін төрт жылдан соң ауған қауіпсіздік күштеріне қалдыруын, бұған қоса халықаралық көмекті бөлу жұмысында Кабулдың маңызды рөл атқаруын сұрады. Бірақ, Хамид Карзайдың Кабулдағы халықаралық конференцияда жасаған ұсыныстары бірқатар халықаралық саясаткерлердің қарсылығына тап болды.


ҚАУІПСІЗДІК ПЕН ҚАРЖЫЛАЙ КӨМЕКТІ ҚАДАҒАЛАУ


Конференцияға қатысушылардың бірсыпырасы Кабулдан сыбайласқан жемқорлықпен күресуге және ауған полициясы мен қауіпсіздік қызметін реформалауға көңіл бөлуін сұрап отыр.

Ауғанстан президенті Хамид Карзай халықаралық донорларды ауған полициясы мен әскері елдегі қауіпсіздікті 2014 жылға қарай өз күшімен бақылай алады дегенге сендіруге тырысты.

Карзай Кабулда Ауғанстанның болашағы туралы халықаралық конференцияға жиналған 70-тен астам елдің өкілдері алдында сөз сөйледі. Форумға қатысушылардың арасында БҰҰ-ның Бас хатшысы Пан Ги Мун, АҚШ мемлекеттік хатшысы Хиллари Клинтон бар. Халықаралық конференцияда елдегі қауіпсіздік жауапкершілігін 2014 жылы ауған күштеріне тапсыру мәселесі мақұлданды

Карзай Ауғанстан ұлттық әскері ел аумағында қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін айтарлықтай жетістіктерге жетті деп мәлімдеді.
Кабул халықаралық конференциясына қатысушылар. Кабул, 20 шілде 2010 жыл

«Біз Ауғанстан ұлттық әскерінің жетістіктерін жоғары бағалаймыз. Біздің ауған ұлттық қауіпсіздік күштері 2014 жылы елдің барлық аймағында әскери және құқық қорғаушылық қызметтерге жауапты бола алады дегенге мен әбден сенемін», - деді Карзай.

Ауғанстанда ұлттық әскерді реформалау жұмыстарының баяу жүруіне, сыбайласқан жемқорлықтың азаймауына байланысты Кабулдың саясатына көп сын айтылып жатыр. Бірақ, Карзай ауған полициясы мен барлау қызметі реформаланып жатыр дегенді алға тартты.

Бұған қоса, Карзай донор мемлекеттердің Ауғанстанды дамытуға бөлген миллиардтаған доллар қаржысының жұмсалуын Кабулдың өзі қадағалап отыру керек деген ұсыныс жасады. Оның пікірінше, донор қаржысы жобалардың «қайтарымы» үшін емес, Ауғанстан мүддесіне сай жұмсалуы тиіс.

БАС ҚОНАҚТАРДЫҢ БАҒАСЫ

БҰҰ-ның Бас хатшысы Пан Ги Мун ауған басшысының қауіпсіздік пен даму қорын өз бақылауына алу туралы ұсынысын мақұл көріп, бұл қадамның жарты жыл бұрын Лондонда өткен дәл осындай конференцияда қабылданған міндеттерден туындағанын атап көрсетті.

Пан Ги Мун қазірдің өзінде Кабул даму бағдарламаларын дайындау жұмысына белсенді ат салысып отыр деп мәлімдеді. БҰҰ Бас хатшысы бұл жобалардан нәтиже шығару үшін ауған билігін «ерекше ықыласпен» жұмыс істеуге шақырды.
БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мун сөйлеп отыр. Кабул, 20 шілде 2010 жыл

«Үкімет бағдарламаларды әзірлеуде маңызды рөл атқаруы керек, халықаралық қауымдастық оны қолдайды. Бұл жоспарлар жұмыстың нәтижесін көру үшін, ауған халқына пайдасы тию үшін жасалады. Олар демократиялық басқару жүйесін құрып, құқық пен заң үстемдігін орнатуға бағытталған. Бірақ сіздер ерекше ықыласпен қолдау көрсетпесеңіздер, бұл бағдарламалардан нәтиже шықпайды»,- деді Пан Ги Мун.

АҚШ мемлекеттік хатшысы Хиллари Клинтон конференцияда сөйлеген сөзінде басқару тізгінінің Ауғанстанға өтуі өте маңызды, оны белгісіз мерзімге созуға болмайды деп атап көрсетті. Дей тұрғанмен, Клинтон халықаралық қауымдастық Ауғанстаннан сыбайласқан жемқорлыққа қарсы нақты нәтижелер күтеді дегенді алға тартты.

Ауғанстанда қауіпсіздікті қамтамасыз ету ісіне қаржы мен әскер, соның ішінде НАТО басқаруындағы халықаралық коалицияға жаңадан қосылған 10 мыңға жуық сарбаз жұмылдырылғандығын айтып өткен Клинтон «халықаралық қауымдастық Ауғанстан қауіпсіздік күштерін нығайту үшін күні-түні жұмыс істеп жатыр» деп мәлімдеді. Бірақ, ол тұтас ел аумағында қауіпсіздікті қалыпты жағдайға жеткізу үшін «көп жұмыс» жасалуы керек деп атап көрсетті.

«Ауған әріптестерімізбен бірге біз елдің ұзақ уақыт бойы бүлікшілер бақылауында қалған бірқатар аймақтарында шабуылға көштік. Және біздің әскери іс-әрекеттеріміз халықпен бірге тиімді институттар құрып, экономиканы дамытуға сай келеді», - деді Клинтон.

Кабул орталығында бүгін қауіпсіздік күшейтілді. Конференция өтіп жатқан орынды ауған күштері мен НАТО әскері қоршап қойды.
АҚШ мемлекеттік хатшысы Хилари Клинтон. Кабул, 20 шілде 2010 жыл

Солтүстік атлантикалық альянс бүгін Кабулдағы халықаралық конференцияда шабуыл ұйымдастыруды көздеген бірнеше тәліб ұсталды деп мәлімдеді.

«Талибан» қозғалысының өкілі Забиуллах Муджахид телефон арқылы Кабулдағы әуежайға төрт зымыран атылды деп хабарлады. Оның дәл қай жерден хабарлағаны белгісіз.

Швеция сыртқы істер министрі Карл Бильд бүгін зымыран шабуылына байланысты өзімен бірге БҰҰ-ның Бас хатшысы Кабулдың солтүстігіндегі Баграм әуежайына қонғандығын, ауған астанасына олар тікұшақпен келгендігін растады.

Даниялық БАҚ-ның хабарлауынша, дат сыртқы істер министрі Лене Есперсен мінген ұшақ түнгі шабуылдарға байланысты Қазақстанға жіберілген. Есперсеннің халықаралық конференцияға қатысу-қатыспауы әзірге белгісіз. Дат министрі форумның екінші бөлімінде әйел құқықтары жөнінде баяндама жасауы керек болатын.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG