Accessibility links

Ежелгі Қашқар үйіндіге айнала ма?


Қашқар мешіті алдында. Сүрет www.ryanpyle.com сайтынан алынды. Қараша, 2006 жыл
Қашқар мешіті алдында. Сүрет www.ryanpyle.com сайтынан алынды. Қараша, 2006 жыл

Қашқар қаласы - Жібек жолы бойында орналасқан тарихи шаһар. Жергілікті биліктің жоспары Қытайдың Шыңжаң аймағындағы бұл жәдігер мекеннің тарихи келбетіне алдағы уақытта нұқсан келетін сыңайлы.

Қашқар қаласы Қытайдағы Шыңжаң-ұйғыр аутономиялық аймағының ірі қаласы ғана емес, ұйғыр халқының мәдени орталығы боп есептеледі.

Айрықша архитектуралық өрнектері мен ерекше өмір салты бірнеше ғасырлардан бері жалғасып келе жатқан бұл қаланың сәулет құндылықтарына қатер төне бастағандай.

Дабыл қағушы арнайы мамандар мен сарапшылардың айтуынша, қала ресмилері Қашқардың ескі қала ауданында тұратын көптеген отбасыларын өзге мекендерге көшіріп, ол ескі үйлерді қайта салып, инфрақұрылымдар жүргізу қажеттігін алға тартуда.

Қаладағы бұзылып жатқан ескі ғимарат. Қашқар, 2009 ж.
Жалпы алғанда ресмилер 5 миллион шаршы метрден де көп ескі үйлерді қайта жөндеуден өткізіп, 45 мыңдай отбасын өзге ғимараттарға көшірмекші.

Қала ресмилері мұндай әрекеттердің өте қажеттілігін алда болуы мүмкін жерсілкіністермен байланыстыруда. Расында, Шыңжаң, яғни Шығыс Түркістан аймағында жерсілкіністері жиі болуда. Мысалы, бір ғана 2003 жылғы жерсілкінісі кесірінен 270 адам қаза болған-ды.

Қала басшыларының уәде-сөздеріне қарағанда, маңызды ғимараттар сақталатын болады. Бірнеше онжылдық тарихы бар небір үйлер ұйғыр халқының архитектуралық ерекшеліктерін, яғни жерсілкінісіне төтеп бере алатын қасиеттерін ескере отырып, қайта салынбақшы.

Алайда, ежелгі тұрғын аймағындағы сандаған үйлердің орнына жаңа сипаттағы көп қабатты үйлер салынып, ірі базарлар мен мектептер тұрғызылмақшы.

Ұлттық қолөнер бұйымдарын жасаушы шебер. Қашқар, қараша, 2006 ж.
Ресмилердің сөзіне қарағанда, мұндай жаңалау бағдарламасын жүргізудің маңыздылығы су, электр және құбыр жүйелерін жүргізудің қажеттілігіне байланысты болып отыр.

Бейжіңдегі Мәдени саланы қолдау орталығының кеңесшісі Масью Ху Шиньюдің айтуынша:

- Ол ұйғыр тұрғындардың әрбірінің үйі маңызды деп айта алмаймын. Алайда ол үйлердің кейбірінің есігінде немесе жалпы архитектурасында ағашқа оймышталып салынған небір құнды тарихи өрнектер бар. Кезінде түрлі мешіттердің айналасына топтастырыла салынған үйлер үлгісі арқылы тұтас қаланың қалай тұрғызылғанын осы архитектуралық айшықтардан білуге болады. Егер ондай үйлер бұзылып, қайта салынса, онда әлгіндей тарихи-архитектуралық дәстүр жойылып, қаланың маңыздылығы көзден кетпекші, - деді Масью.

Қытай және Орталық Азия елдері Жібек жолы бойындағы тарихи қалалардың ЮНЕСКО-ның тарихи, мәдени құндылықтарды сақтауға бағытталған Әлемдік мұра тізіміне енгізілгендерін қалайда.

Алайда ресми Бейжің ежелгі Қашқарды ол тізімге енгізбей тастады.

Қашқарлық тәуіп, қараша, 2006 ж.
Осылайша Қашқар қаласының тарихи құндылықтарын сақтап қалу Қытайдың өзге де ескі қалаларын сақтау мүмкіндігінің азая түскені сияқты проблемаларға тап болып отыр.

Дей тұрғанмен, көптеген сарапшылардың пікірінше, Қашқарды қайта жаңғырту бағдарламасы астарында Қытайдың саяси мүддесі де жатыр.

Мысалы, Вашингтонда орналасқан Ұйғыр өкілдерінің хұқын қорғау бағдарламасының басшысы Хенрик Цадзиевскийдің пікірінше, ол бағдарлама ұйғыр халқын ассимиляцияға түсіріп, олардың бейбіт қарсылықтарын әлсіретуді көздеуде.

Басқаша айтқанда, ұйғыр халқын ғасырлар бойы қалыптасқан үйлесімді өмір салттарынан ажыратып, оларды үкімет тарапынан ұйымдастырылған, көпшілікке арналған, көп қабатты үйлерге көшіру.

Ондай үйлерде тұрып жатқан ұйғыр ұлт өкілдерінің кез-келген наразылық әрекеттерін Қытай үкіметі еркін бақылай алады дейді сарапшы.
XS
SM
MD
LG