Accessibility links

Алматы қалалық Қаржы полициясы «Қазақ мұнай және газ институты» АҚ-ның басшыларына қатысты қылмыстық іс қозғады. Бұл жерде бюджеттен ұрланған 2 млрд 400 миллион теңге төңірегінде сөз болып отыр. Iс қозғала салысымен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қарауына тапсырылды.

Жұртшылық арасында "KING" деген атауға ие «Қазақ мұнай және газ институты» акционерлік қоғамының басшыларына қатысты Қылмыстық кодексінің 176-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалғаны туралы ақпаратты ҚР экономикалық қылмыс пен сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі, яғни, қаржы полициясы таратты. Аталған бап өзгенің мүлкін ұрлау немесе талан-таражға салу қылмысын қарастырады. Қаржы полициясының мәліметі бойынша, сөз болып отырған қылмыстық істе бюджеттен бөлінген 2 400 000 000 теңгенің есепсіз жоғалғандығы баяндалған. Осыншама қаржының кімдердің қалтасында кеткені әзірге белгісіз болып отыр.

- Қылмыстық істі қозғай салысымен прокуратура арқылы істі Ұлттық қауіпсіздік комитетіне тапсырдық. Іс біздің қолымызда болмағандықтан бұл туралы ештеңе айта алмаймыз,- деді Алматы қалалық қаржы полициясының баспасөз хатшысы Әлияш Тубина.

Алайда ҚР ұлттық қауіпсіздік комитеті де бұл іске қатысты ақпараттарды мейлінше құпия ұстағанды жөн көреді.

- Бізден жауап болмайды, - деп қысқаша қайырды комитеттің баспасөз хатшысы Кенжеболат Бекназаров.

Ресми органдардан жауап болмаған соң институттың өзіне шыққанымызда «KING» мекемесінің өз ішінде де құпия көп екендігін байқадық. Біріншіден, институт басшысыз қалыпты: директорлық таққа отырғанына көп уақыт бола қоймаған Александр Просвирнов желтоқсанның 1-нен бастап жұмыстан кетіпті. Директордың не себептен орыннан алынғандығын мекеме қызметкерлері білмейді.

- Бізге жаңа бастық келеді. Оның әзірге кім екендігі белгісіз. Осы аптаның ішінде келуі керек, - деді өз есімінің баспасөз бетінде аталуын жөн көрмеген институт қызметкері.

Оның айтуынша, қаржы полициясы қозғаған қылмыстық іс төңірегінде әртүрлі алып-қашпа әңгімелер көп. Солардың бірі «Қазмұнайгаз» ұлттық компаниясының бұрынғы басшысы Серік Бүркітбаевқа барып тіреледі.

2002-2007 жылдары "Қазақ мұнай және газ институтында", ал биылғы мамыр айында «Қазмұнайгаздың» төріне шығып, белгісіз себептермен тамыз айында бұл қызметінен босатылған Серік Бүркітбаевтың бүгінгі жағдайына қатысты ақпарат жоқтың қасы. Қаржы полициясы осыдан екі ай бұрын Бүркітбаев мырзаға қатысты қылмыстық іс қозғалғандығын жариялады да, істің мән-жайын түсіндіріп жатпады. Жергілікті тәуелсіз ақпарат құралдары Серік Минаварұлының ұсталуына орай «қазір Австрияда қашып жүрген Рахат Әлиевке ірі лауазымды тұлғалардың телефонмен әңгімесін басып алуына көмектескендігі түрткі болыпты-мыс» дегендей болжамдар жасады.

«Қазақ мұнай және газ институты" директорлар кеңесінің мүшесі, академик Нәдір Нәдіровтың айтуынша, үш айдан бері Серік Бүркітбаев үй қамауында отыр.

- Үй қамауында отыр. Қай уақытқа дейін отыратындығын ешкім білмейді, - деді академик. Оның айтуынша, қылмыстық істе көрсетілген қыруар қаржы «Наукоград» жобасына қатысты болуы керек.


- Талғар өзенінің бойынан жер сатып алынған. Бұл жерде келешекте «Наукоград» деген қала салынады. Бұл жобаға 5 млрд теңге бөлінген. Ал бұл қаржының қайда кеткенін ақшаны қолына ұстаған адам ғана біледі, - деді Нәдір Нәдіров.


«Наукоград» жобасы 2006 жылы, яғни Серік Бүркітбаев "Қазақ мұнай және газ" АҚ-ын басқарып тұрған уақытта қолға алынған болатын.


«Қазақ мұнай және газ институты» АҚ-ы 2002 жылғы желтоқсанда үкіметтің қаулысына сәйкес ашылған. Акционерлік қоғамның 90,2 пайызы " Қазмұнайгазға", қалған бөлігі «Қазмұнайгаз» Барлау Өндіру» компаниясына тиесілі.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG