Accessibility links

Cүлеймен Шаткам: Баламды қазақ болсын деп Қазақстанда оқытып жатырмын


Cүлеймен Шаткам, Германияның Мюнхен қаласында тұратын қазақ азаматы.
Cүлеймен Шаткам, Германияның Мюнхен қаласында тұратын қазақ азаматы.

Қазір әлемнің 40-тан астам елінде қазақтар өмір сүреді. Соның бірі – Иран Ислам Республикасында 10 мыңға жуық қазақ бар дейді бейресми дерек көздері.

Германияның Мюнхен қаласында тұратын қазақ азаматы Сүлеймен Шаткам өткен ғасырдың 90-шы жылдарында Ираннан шамамен 250-дей адамның Қазақстанға қоныс аударғандығын айтады. Солардың арасында Сүлеймен Шаткамның да ата-анасы бар екен.

Алматыға жақында ғана жолы түскен Сүлеймен Шаткаммен кездесіп, әңгімелесудің сәті түскен еді.

Сүлеймен Шаткам Иранға қазақтардың Маңғыстау өңірінен Түркіменстан арқылы өткендігін айтады. Өткен ғасырдың зұлматы саналатын 30-шы жылдардағы сталиндік репрессиядан бассауғалаған қазақтардың бір тобы Иранға өтіп кеткен екен. Сүлеймен өз аталарының да осы репрессия жылдары Иранды паналағанын айтады.

Алғашқы жылдары босқын мәртебесіне ғана қол жеткізген қазақтар Иранның Горган, Бәндар Түркімен және Күмбед деген үш қаласында өмір сүріпті. Олар тек 20 жылдан кейін ғана Иран азаматтығына қол жеткізіп, содан кейін жастарды оқытуға мүмкіндік алған.

Ал, Сүлеймен Шаткам 1980 жылы «Түрікпен автономиясын» құру ниетіндегі адамдармен идеялас болғандығы үшін Иран елінен саяси қуғынға ұшырап Германияға қоныс аударған екен.

Содан бері Сүлеймен Шаткам Германияның Мюнхен қаласында тұрады. Иран елінің есігі Сүлеймен үшін жабық. Осында Қауіпсіздік және құқық саласының мамандығы бойынша білім алып, 30 жыл бойы табан аудармай темір жол қауіпсіздігінде қызмет етіп келеді.

– Біздің тағдырымыз да оңай болған жоқ. Жат елде қазақ тілін, дәстүрін жоғалттық десек өтірік айтқандық болмас. Сондықтан да, үлкен ұлымды 13 жасынан Қазақстанға алып келдім. Мақсатым – баламды қазақ ету болып еді. Содан бері қазақ-түрік лицейінде оқып жатыр. Ойымның орындалғанына қуаныштымын. Балам енді Германияға қайтқысы жоқ. Осында қалып, ендігі тағдырын Қазақстанмен байланыстырғанды жөн көреді. Бір қазақтың бетін бері бұрғаным үшін де өзімді бақытты сезінемін, – дейді Сүлеймен Шаткам.

Әйткенмен, Сүлейменнің өз әзірге тарихи Отанына біржолата қоныс аударып келе алмайтынын айтады.

– Өйткені, мен жас ортасына келдім. Қазақ тілінде еркін сөйлегеніммен жаза алмаймын, ал орыс тілін білмеймін. Сондықтан, менің мұнда нан тауып жеуім екіталай дүние болмақ, – деп түсіндіреді ол.

Сүлеймен Шаткамның айтуынша, Мюнхенде бүгінде 60-тан астам қазақ отбасы тұрады екен. Ондағы қазақтар жиі бас қосатын көрінеді.

– Алайда, ең өкініштісі сол, бір-бірімізбен өз ана тілімізде қарым-қатынас жасай алмаймыз. Ол жерде тегі қазақ, жаны өзге ұлттың ұрпақтары тәрбиеленіп жатыр, – деген Сүлеймен Шаткамның ендігі мақсаты Қазақстан мен Германияның біріккен қорын құрып, түйткілі мол тіл, мәдениет, руханият пен әлеуметтік мәселелердің шешілуіне ат салысу болып отыр екен.

– Қор құру туралы ой маған өзінен-өзі келген жоқ. Маған жиі телефон соғып, шыбын жанына араша сұрайтын қандастарымыз өте көп. Өзім бизнесмен емеспін, тек жалақыға қарап отырған жанмын. Бірақ, соған қарамастан, жәрдем сұраған қандастарымыздың барлығына бірдей көмектесуге тырысамын. Жақында Алматыдан Меруерт есімді қыз келіп, Мюнхенде емделді. «Білмейтін жердің ой-шұңқыры көп» дегендей, жат жерде жаутаңдап жүрген қарындасымызға көмек қолын созуға тырыстым. Әрине, бөліп берер байлығым жоқ, бірақ, есігім ашық. Атамекеннен келген әрбір қазақ менің үйімді іздеп табады. Баратын жеріне ертіп барып, дәрігерлермен сөйлесіп, жылы шырай танытқанымыздың өзі өмірден шаршаған жандарға көп медеу. Осында келгелі бері де маған хабарласып көмек сұраушылар, Германияда емделу жолын айтып беруімді өтінушілер тым көп. Сол үшін өмірден мехнат тартқан жандарға көмектесуді жөн көріп, қайырымдылық қорын ашуды жоспарлап отырмын, - дейді Сүлеймен Шаткам.
XS
SM
MD
LG