Accessibility links

Халима Бекмұхамедова: ХІХ ғасырды зерттеу арқылы Ерекеңнің (Ермұхан Бекмаханов) басы айықпас дауға қалған еді


Белгілі тарихшы Ермұхан Бекмахановтың жұбайы Халима Бекмаханова. Алматы, 17 сәуір, 2009 жыл.
Белгілі тарихшы Ермұхан Бекмахановтың жұбайы Халима Бекмаханова. Алматы, 17 сәуір, 2009 жыл.

Совет тарих ғылымында доктор атағына алғаш ие болған қазақ азаматы, профессор, Қазақстан Ғылым академиясының корреспондент мүшесі болған Ермұхан Бекмахановтың туғанына биыл 95 жыл толады. Тарихшының жары Халима әжей Азаттық тілшісіне арнайы сұхбат берген еді.

ҒАЛЫМ БАҚЫТЫ

Халима әжеймен сұхбатымыз қайтыс болғанына да қырық жылдың жүзі болған қазақ ғалымының мұралары жөнінде басталды.

— Ерекеңнің қайтыс болғанына да 43 жыл өтті. Ол 50 жасында өмірден өтті, содан бері әр он жыл сайын біздің интеллигенция, тарихшылар қауымы ол кісінің мерейтойларын атап өтіп келеді, Бекмахановтың есімін есте қалдыру мақсатында жасалып жатқан шаралар үшін мен басымды иіп, ризалығымды білдіремін. Әл-Фараби атындағы ұлттық университетте Ерекеңнің атындағы аудитория бар, онда диссертациялық кеңестер, түрлі дәрежедегі қорғаулармен қоса жыл сайын Бекмаханов оқулары өткізіліп тұрады.

Өзі қайтыс болғаннан кейін «Қазақстан ХІХ ғасырдың 20-40 жылдарында» атты кітабы қазақ тілінде жарық көрді, бұл кітапты Ерекеңнің шәкірті марқұм Әбу Тәкенов деген азамат шығартып еді. Туылғанына 90 жыл толған кезде Павлодардағы С. Торайғыров атындағы университет 7 томдық шығармалар жинағын шығарды. Жалпы алғанда Ерекең ғалым ретінде бақытты деп айтуыма болады, өйткені оның еңбектері іздеусіз қалып жатқан жоқ.

ЕРМҰХАНМЕН ӨТКІЗГЕН ӘР КҮНІМЕ РИЗАМЫН

— Алғашқы танысқан кездеріңіз есіңізге түсіріңізші?

— Мен ол кезді өмірі ұмытпайтын шығармын. Бізді таныстырып, табыстырған да, мәңгілікке ажыратқан да мамыр айы. Бұл сұрағыңа толық жауап бермес бұрын кішкене шегініс жасай кетейін, оқырманға түсінікті болсын.

Менің анам Айша Зайсан көпесі Пидахмет деген кісінің қызы, ал әкем Алашордашы Адамбек Бекмұхамедов. Күйеуі қайтыс болғаннан кейін «байдың қызы, Алашордашының әйелі» ретінде қуғын көрген анам жалғыз қызы мені алып, Семейден Өзбекстанға қашып барған.

Сөйтіп біз Өзбекстанда 16 жыл тұрдық. Мен Ташкенттегі Орталық Азия мемлекеттік университетінің (САГУ) филология факультетінде оқып жүрдім. 1946 жылдың мамыр айында университетті тәмамдайтын болып, «Лев Толстойдың «Қажымұрат» шығармасындағы шығыс сөздері» тақырыбында диплом жұмысын жазып жүрдім, қажетті материалдар іздеп, күнде кітапханаға баратынмын.

Бір күні өзім ылғи баратын Әлішер Науаи атындағы кітапханада «Туркестанский сборникті» бар ынтасымен оқып отырған сымбатты да сұлу қазақ жігітіне көзім түсті. Ол кезде, әрине, бұл жігіттің өмірлік жарым боларын білген жоқпын, бірақ Ерекеңнің кескін-келбетінің әдемілігі сонша, оны байқамау мүмкін емес. Белгілі композитор Е.Брусиловскийдің бірде маған «Ермұхан сырт бейнесі кинематографияға лайық жігіт» дегені бар, ол расымен де ақылына көркі сай азамат еді.

Екеуміз танысқанда ол маған «докторлық диссертация жазып жүрмін» деген. Мен алғашында сенген жоқпын, өзінің жасы отызда ғана, жап-жас жігітке қайдағы докторлық, маған мақтанып айтқан болар деп ойладым.

Бір көргеннен-ақ ол менің көзіме бұрыннан таныс адам сияқты жылы ұшырады, сонымен таныстығымыз сыйластыққа, сіз-бізіміз қыз-жігіт боп қол ұстасып қыдырған күндерге ұласты. Ерекеңнің ең алғашқы кездесуге шақырғаны да күні кеше сияқты, жадымда сайрап тұр.

Табиғатынан кешігуді ұнатпайтын ол асықпай келген мені күтпестен, кітапханаға кетіп қалыпты. Оның қайда баратынын білетін мен артынан іздеп бардым. Сәл кейістік білдірген ол мені «Фархад-Шырын» операсына шақырды. Театрдағы антракт кезінде сыртқа шықтық, Ермұхан маған сол кезде жарық көрген «Абай жолының» орысша кітабын сыйлады, бұл оның алғашқы сыйы еді және Абайдың «Айттым сәлем, Қаламқасын» ыңылдап айтып берді, кейін бұл ән біздің махаббатымыздың символына айналды, қазіргі күнге дейін Ерекеңді сағынғанда мен ылғи осы әнді айтамын.

Бір күні мен де оны үйге шақырдым, анаммен таныстырдым, олар ортақ тіл табысып, ұзақ әңгімелесті. Танысқалы бері қанша сөйлестік, бір-бірімізге айтпаған әңгімеміз де қалмағандай, бірақ сонда да маған Ермұханның жасырған сыры бардай көрінетін. Қоштасарда ол мені Мәскеуге, докторлық диссертациясының қорғауына шақырды.

Ермұханнан шақырту келген соң, соғыстан соңғы уақыттағы қиыншылыққа қарамастан, анам мені Мәскеуге жіберді. Мен орысша оқығанмын, киім киісім мен жүріс-тұрысым жергілікті өзбек қыздарынан мүлде бөлек, сондықтан ба екен, маған өзбек жігіттері көп сөз айтатын. Бұл, әрине, анама ұнамайтын. Өзіне қатты ұнаған қазақ жігітімен тағдыр қосуыма анамның еңбегі зор болды.

Сонымен, тамыздың бірінде Мәскеуге келіп түстім, содан екі жарым ай Ерекеңнің қасында болдым. Ол кісі кешке дейін Ленин атындағы кітапханада жұмыстарымен шұғылданады, кешке театрға барамыз. Ленинградта тұратын Ерекеңнің оппоненті М.Вяткиннің үйіне де бірге баратынбыз.

Осы кезде ғана мен аңғарған сырдың түйіні шешілді. Ол маған өзінің әйелі, екі қызы барын айтты. Бұдан соң «ештеңеге алаңдама, қалай болғанда да, біз бірге болуымыз керек, бірақ ол үшін саған көп қиындыққа төзуге тура келеді» деп ескертті.

Қиындығы мен қызығы аралас 20 жыл ерлі-зайыпты боп өмір сүрдік. Ерекең айтқандай, екеуміз қосылғаннан кейін расымен де небір қиындықтарға төзіммен қарауыма тура келді. Өзі 1952 жылдың қыркүйегінен 1953 жылдың ақпанына дейін айдауда болды.

Осы аралықта жалғыз өзім балаларды бағып-қағып, түрмеге ақша жіберіп жүрдім. Әйелі Әмина 8 жыл бойы ажырасуға келісім бермегендіктен, біз 1954 жылға дейін заңды некеге де тұра алмадық, сол себепті екі ұлымыз да менің фамилиямда болды.

Ол кісі менен он жас үлкен еді, сондықтан өмір бойы Ереке дейтінмін. Ол кісінің арқасында мен оқулықтардың авторы атандым, кандидаттық диссертация қорғадым, 19 аспирантқа жетекшілік еттім, өмірге үш бала әкеліп, ана болдым. Ел көріп, жер танығаным да сол кісінің арқасында.

Отбасылы болғаннан кейін де ол мені жанынан қалдырмайтын, Мәскеу ме, Ленинград па, қайда барса да ертіп жүретін. Егер мен Ерекеңді кездестірмесем, өмірім мүлдем басқа арнамен ағар ма еді деп те ойлаймын, осындай қазақтың марқасқа азаматымен өткізген өмірімнің әрбір күніне ризамын, екеумізді табыстырған тағдырға басымды иіп өтемін.

БАРҒАН ЖЕРДІҢ БӘРІНЕН ТЕК РУХАНИ БАЙЛЫҚ ЖИНАЙТЫН

— Ол кісіні ғылымнан басқа не қызықтыратын еді?


— Мен сүйген Ерекең ғылымға берілген, өте мәдениетті, өнерге құрметпен қарайтын адам еді. Театрға баруды өте жақсы көретін, операны сүйіп тыңдайтын. Онымен бірге жер- жердің кітапханасын, театрларын, сурет көрмелерін аралағаным күні кешегідей есімде.

Саяхаттауды, теңізде демалуды ұнататын және сұмдық кітапқұмар еді, бір жаққа қыдырып бара қалсақ, саяхатты кітап дүкенінен бастайтынбыз, алып қайтатын базарлығымыздың да көбі кітап болатын. Ол букинистік дүкендерді сағаттап аралайтын.

Осындай дүкендердің бірінен Шоқанның 1904 жылы шыққан кітабын тауып алып балаша қуанғаны есімде. Талай шет мемлекеттерді көрген ол Қытайға баруды армандайтын, «біз орыстың, Еуропаның кітапханасын ақтарып жүрміз, қазақтың талай тарихы Қытайда жатыр» дейтін, бірақ ол арманына жете алмады. Өмірде қанша қиындық көрсе де мойымайтын қайсар еді, табанды болатын.

Ұлтшыл атанып, қудалаудың түр-түрін көрсе де «мен саясатпен емес, ғылыммен шұғылданып жүрмін, ғылым бүгін де, ертең де керек» деген ұстанымынан айныған жоқ. Оған көре алмаушылардың тарапынан «өзі жазбайды, біреулерден ұрлап алған» деген жала да жабылды.

Ғылым жолындағы күрес пен аяқтан шалулар және отбасындағы мазасыздық оның жүйкесін жұқартқан еді, оның үстіне жастайынан көрген жоқшылық пен жетіспеушіліктің салдарынан денсаулығы өте нашар еді. Өкпесі ауыратын, ақыры 1966 жылдың 5 мамыры күні бар-жоғы 50 жасында рактан қайтыс болды, жүзеге аспаған армандары да көп еді, амал қанша, ғұмыры қысқа болды.

Ол кісі өте ұқыпты адам еді, хатты да, керекті адрестерді де мұқияттап сақтап жүретін. Ерекең қайтыс болғаннан кейін екеуара жазысқан хаттарымыз бен фотосуреттерді жинап, бірге өткізген өмірімізді бейнелейтін «Вместе 20 лет» атты естелік кітап жасадым. Ол өмірден өткеннен кейін көзін көргендердің естеліктерін жинап жүруші едім, сол отыз жылдай жинаған естеліктерді қамтып, 90 жылдығының қарсаңында кітап етіп шығардым.

Бір тәубе дейтінім, өмірден өткеніне 40 жылдан асса да, ол кісінің еңбектері елдің қажетіне жарап, ғылым жолына түскен жастар үшін қызмет етіп келеді, ал кезінде оның сыртынан жала жапқандардың аты-жөні де ешкімнің есінде жоқ.

Мұны неге айтып отырмын, қазақтың «біреуге өлім тілегенше, өзіңе өмір тіле» деген ғажап сөзі бар, ол кісілер біреудің ізіне түсіп, өнбейтін дауды қуғанша, еңбек жазып қалдырғанда ғой, елге анағұрлым пайдалы болған болар еді.

Ерекең үнемі «біз талантты халықпыз, қазақтан ғалым да, өнер қайраткері де көп шығуы тиіс, әлі-ақ біздің халықтың болашағы жарқын болады» деп отырушы еді, қазіргі шетелдерде білім алып, шетелдің тілінде өз тілінен кем сөйлемейтін жастарды көріп, Ерекеңнің ойы орындалуда деп ойлаймын, ол өз халқының адал ұлы еді, сондай-ақ қазақтың келешегі үшін қатты алаңдайтын.

КЕНЕСАРЫ ҚОЗҒАЛЫСЫН ХАЛЫҚТЫҚ КӨТЕРІЛІС ДЕП БАҒАЛАҒАНЫ ҮШІН ҚУҒЫНДАЛДЫ

— Бекмахановтың тарихи көзқарасы мен ғылыми еңбегі үшін 25 жылға сотталғаны белгілі, осы жайында тарқатып айтып беріңізші?

— Ерекең Воронежде білім алған, 1935 жылы оқуын бітіріп келіп, Алматыдағы № 28 М.Мәметова атындағы мектепте сабақ береді, қазіргі Ы.Алтынсарин атындағы академияда директор болған.

Соғыс басталған тұста Мәскеу түбіндегі қауіпті жағдайларға байланысты ондағы тарихшы оқымыстылардың бір тобы Алматыға эвакуацияланады, Ерекең солармен бірге жұмыс істеп, бір жарым жылда үлкен зерттеу еңбегін жазып шығады. Осы еңбектің негізіндегі докторлық диссертациясын 1946 жылы Мәскеуде қорғады.

Көп ғалымдар қорғаған соң бірден кітап шығармайды, ал ол кісінің кітабы 1947 жылы шығып қойды, бұл кітаптың төңірегінде 4 дискуссия өтті, ал аттестациялық комиссия (ВАК) 1948 жылы ғана докторлық дипломын берді.

Ол дискуссиялар Ерекеңді сынап, кітапты қаралап, Кенесарының көтерілісі халықтың емес, феодализмнің қозғалысы, бұл орыстарға қарсы ұйымдастырылған күресті дәріптеу деп ол кісіні түрлі қуғынға ұшыратты. Осылайша ХІХ ғасырды зерттеу арқылы Ерекеңнің басы айықпас дауға қалды.

Сол уақытта өзі бір түсініспеушілік жағдайлар көп болды, «ұлы орыс халқына қарсылық» деген сылтаумен жүргізілген сол науқанда тарихшылар ғана емес, әдебиетшілер мен тілшілер де қуғынға ұшырады.

Ал Ерекең үшін көптеген қиыншылықтардың соңы 1952 жылғы сотпен түйінделді, сот оны 25 жылға түрмеге жіберді. «Аққа құдай жақ» болып түрмеде отырғанына 2 жыл болған кезде Сталин қайтыс болып кетті, сөйтіп ол кісі абақтыдан үйге оралды.

Ерекең түрмеде болған кезде де, одан кейін оның босатылып шығуына да үлкен үлесін тигізген, жақсылығын аямаған адам сол уақыттың білгір тарихшысы Анна Михайловна Панкратова еді. Ол кісінің 1949 жылы Ілияс Омаровқа былай деп хат жазғаны бар:

«...Среди ряд историков существует непременное стремление ухудшить историю казахского народа, вопреки исторической правде. Я совершенно не понимаю, почему грузинские цари или узбекские ханы могут считаться при аналогичных исторических условиях прегрессивными деятелями, а казахи должны чернить Аблая и Кенесары Касымова? Я ни в коем случае не могу стать на антиисторический путь оценки этих виднейших деятелей казахской истории, тем более, что наши критики не подтверждают своих выводов решительно никакими документами и историческими фактами».

Ерекең елге келген соң 1957 жылы «Қазақстанның Ресейге қосылуы» атты тағы бір кітап жазып шығарды, осы еңбегі үшін екінші мәрте докторлық атақ берілді. Партиялық билетін қайтып алып, қуанып, Мәскеуде монографиясын шығарды. Университетте жұмыс істеп, кафедра меңгерушісі болды, аз уақыттың ішінде 20 аспирант дайындап шығарды.

ОРНЫНДА БАР ОҢАЛАР...

— Оқырман қауым атақты тарихшының ұрпақтары жайында да білгісі келеді...


— Ол кісінің бәйбішесінен үш қызы бар, үлкен қызы Неля тарих ғылымының докторы, екінші қызы филолог, үшінші қызы биолог, ол да ғылым докторы. Менің екі ұлым, бір қызым бар. Үлкен ұлым әкесімен аттас Ермұхан математик, кино саласында да жұмыс істеді, ол 57 жасында қайтыс болды.

Үш қыздан кейінгі зарығып көрген ұлы болғандықтан ба, менің аяғым ауыр кезде іште жатқан баласын қатты еркелететін, сол кезде неге екені белгісіз, оны ылғи Ермұхан деп атайтын. Ұлымыз өмірге келгеннен кейін де солай атадық. Екінші ұлымызды Сермұхан деп атадық, ол қазір транспорт академиясында сабақ береді.

Халима Адамбекқызы құдай қосқан қосағы, тарихшы ғалым Ермұхан Бекмаханов туралы айтудан, ол кісінің жақсылығы мен ізгі қасиеттерін дәріптеуден еш жалыққан емеспін, жалықпаймын да. Алла қанша өмір берсе, сол ғұмырымның бәрін осы азаматты бақытты қылуға жұмсармын деген сертім болды дейді. Бұл күнде Бекмахановтар әулетінің түтінін түтетіп, алты немере мен олардан тараған шөберелердің әжесі болып отырған Халима әжей әңгімесін түйіндей келе, сөзінің соңында ел болашағы – жастарға арнайы тілек білдірді:

— Менің жасым 84-ке келді, талай қиындықты да, қуанышты да күндерді бастан өткерген тірі тарихпын десем де болады. Ермұхан сияқты мықты қазақпен бір шаңырақта жиырма жыл ғұмыр кешу дегеннің өзі қандай бақыт десеңізші. Ол кісіден үйренгенім көп.

Өмірдің де талай қиыншылығын кешірген, шынығып, шымыр болған адаммын мен. Осы тұрғыдан өзімнің немере, шөберелеріммен замандас жастарға сөз арнасам сөкеттігі болмас. Қазір, Аллаға шүкір, оқимын, адам боламын деп алға ұмтылған жастарға мүмкіндіктер жеткілікті.

Біздің көрген қиындығымыз жастарды айналып өтсе екен деп тілеймін. Қазақ деген елдің көшін алға сүйрейтін жастарға тілерім, рухтарың мықты болсын, сонда ғана өмірдің қиындықтарын жеңе аласыңдар. Бүгін бар да, ертең жоқ жалт-жұлт еткен дүниеге емес, адамды қайда жүрсе де, кіммен жолдас болса да сатып кетпейтін, өлсең өзіңмен кететін рухани байлыққа құмар болыңдар.

Біз тарыдай шашыраған аз ғана халықпыз, жан-жағымыздағы алып мемлекеттермен салыстырғанда теңіздің тамшысындаймыз, бірақ бірлігіміз мықты болса, бізді жау да, дау да ала алмайды. Ол үшін жастар мықты, саналы болсын, ал үлкендер оларды құр кінәлаудан аулақ болып, үлгі көрсете білейік. Ең бастысы еліміз аман, заманымыз тыныш болсын!

— Әңгімеңізге көп рахмет, Халима әже!
XS
SM
MD
LG