Accessibility links

Ермұхамет Ертісбаев: «Банкирден басқаның бәрі саясатпен айналысса болады»


Ермұхамет Ертісбаев, Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың кеңесшісі.
Ермұхамет Ертісбаев, Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың кеңесшісі.

Қазақстан президентінің кеңесшісі Ермұхамет Ертісбаев Азаттық радиосына берген сұқбатында, елде «түрлі-түсті төңкерістерді» ұйымдастыруы мүмкін болғандықтан, қазақ банкирлеріне саясатпен айналысуға тыйым салу керек деп мәлімдеді.


НАЗАРБАЕВТЫҢ «ЕРЕКШЕ» ТАНЫМАЛДЫҒЫ ЖӨНІНДЕ

– Ермұхамет мырза, 1995 жылдың наурыз айында сіздің президенттің кеңесшісі болып тағайындалғаныңыз белгілі. Содан бері арадағы аздаған үзілістерді есептемегенде 15 жылға жетер-жетпес уақыт бойы Нұрсұлтан Назарбаевтың қасында жұмыс істеп келе жатырсыз. Қарпайым халықты былай қойғанда сіз оны өзге саясаткерлерге қарағанда да жақсырақ білесіз.

Сәуірдің 24-і Нұрсұлтан Назарбаев үшін елеулі дата. Осыдан тура 20 жыл бұрын, 1990 жылдың 24 сәуірінде өткен Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің бірінші сессиясында ол алғаш рет президент болып сайланды. Ол кездері Нұрсұлтан Назарбаев саясаткер, мемлекеттің бірінші басшысы ретінде қандай адам болған еді? Арада 15-20 жыл өткен соң оның бойында қандай өзгерістер болды? Оң және теріс тұстарын атап өтіңізші. Әрине, қызметтік міндетіңізге орай сіздің теріс өзгерістер жайында айтпайтындығыңызды түсінемін.


– Осыдан 20 жыл бұрын, 1990 жылдың сәуір айында біз – 12 шақырылымдағы Жоғарғы Кеңестің депутаттары Совет Одағының құрамында болған сол кездегі Қазақ ССР-інде президент институтын енгіздік. Әлі 50-ге де толмаған Нұрсұлтан Әбішұлын ел президенттігіне сайладық. Бұл кезде ол Одақ көлемінде кеңінен танылған болатын. 1989 жылдың мамыр айында өткен халық депутаттарының бірінші съезінен бастап оны бүкіл ел білді.

Ол бүкілодақтық саяси аренада бірден үлкен беделге ие болды, ел ішінде де көпке танымал болатын. Бұл кезде ол Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы еді.

Әрине, осы 20 жылдың ішінде ешнәрсе орнында тұрған жоқ. Президент бұдан ары қарайғы тұлға және ірі мемлекет қайраткері ретіндегі қалыптасуының барлық кезеңдерінен өтті. Мен сіздің сұрағыңыздың қитұрқы астарын түсініп отырмын. Егер сіздің сұрағыңызға оң және теріс істер тұрғысынан қарайтын болсақ, әрине, оң істердің көбірек болатындығына мен толық сенімдімін. Ең алдымен бұл Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретінде қалыптасуы мен дамуы, елде енгізілген нарықтық экономика, саяси демократия мен плюрализм және тағы басқалар.

КОМПАРТИЯ МЕКТЕБІНДЕГІ ОҚУ

– Ермұхамет мырза, Қазақстанда Нұрсұлтан Назарбаевты бірінші президент деп атау қалыптасқан. Тіпті бірінші президент туралы арнайы заң да қабылданды. Бірақ, неге екені белгісіз, елдің бірінші президенті Қазақстанның соңғы коммунистік басшысы екендігі айтылмайды.

Егер Нұрсұлтан Назарбаевтың бүкіл өткен жолын қарап шықсақ, оның барлығы комсомолмен және Коммунистік париямен тығыз байланыста болғанын байқауға болады. Саясаткер ретінде тек коммунистік идеологияның арқасында тәрбиеленіп, өскен. Егер Қазақстанда кеңінен танымал болған сөзбен айтар болсақ, онда ол жанымен де, тәнімен де Компартияның «өнімі». Енді ол өзін демократ етіп көрсеткісі келеді, бұл жайында өзі де талай мәрте мәлімдеген. Осы жері онша келіңкіремейтін сияқты. Сіз қалай ойлайсыз?


– Шындығында советтік кезеңде партия саяси менеджменттің бірден-бір мектебі болды. Бұдан өзге мектеп болған жоқ. Елде бір ғана меншік, бір ғана партия және бір ғана идеология болғанын барлығы да біледі. Зауыт директоры, обкомның хатшысы немесе университет ректоры бола ма, адам тек КПСС мүшесі ретінде ғана менеджер, үлкен ұйымдастырушы ретінде өзін көрсете алатын. Тоталитаризмді, коммунистік өткен өмірді қаншалықты сынға алсақ та, ол кезде бірыңғай жаман нәрселер ғана емес, сонымен бірге жақсы дүниелер де болды. 20 миллиондық КПСС мүшелері елдің авангарды болғандығы шынайы факті болып қала береді. Ол жерде ең мықты адамдар жиналған болатын, мен бұған еш күмәнданбаймын.

Сіздің екінші сұрағыңыз біріншісіне қарағанда анағұрлым әлсіздеу. Мен ешқандай қитұрқы астарды көріп тұрған жоқпын. Қандай коммунистік өткен өмір? Қандай коммунистік идеология? Сіз не жайында айтып тұрсыз? Шындап келгенде Назарбаев барлық нәрсемен айналысты. Ол қалалық комсомол комитетінде жарты жылдай жұмыс істеді-ау деймін. Содан соң оны партиялық жұмыстарға алды. Ол бірден Қарағанды металлургия комбинатының партком хатшысы болды. Шындап келгенде Назарбаев алып нысанда бірінші менеджер болды.

«Ақиқаттың ақ жолы» атты кітабында өзі жақсылап суреттегеніндей, ол кездері зауыт директоры Тищенко еді. Ол жақсы ұйымдастырушы болатын. Ал бүкіл идеологиялық жұмыстарды, сонымен бірге екінші басшылық қызметті атқарған – Назарбаев. Ол зауытта әбден шыңдалды. Бұған дейін он жыл бойы домна пешінде қара жұмысшы, учаске басшысы болып еңбек етті. Яғни, ол өндірістегі барлық сатылардан өтті. Сондықтан да оны Қарағанды облыстық партия комитетінің өндіріс жөніндегі хатшысы қылып алды. Бұл жерде ол төрт жыл жұмыс істеді. Бұл Қазақстанның аса ірі өнеркәсіптік аймағы болатын.

Назарбаев, қандай да бір саланың, үкіметтің басшысы, содан соң ел масштабындағы басшы ретінде барлық жерде басқарудың мықты мектебінен өтті. Сонау 1991 жылдың өзінде Павловқа балама ретінде одақтық үкіметтің төрағалығына оның да кандидатурасын қарастыруы кездейсоқтықтан емес. Бұл – Советтік Социалистік Республикалар Одағын сақтап қалудың бір шарты болатын. Қалай болғанда да, ұлы державаның қирауын қаламағандар осылай деп ойлаған.

«НАЗАРБАЕВ НАҒЫЗ КОММУНИСТ БОЛА АЛҒАН ЖОҚ»

– Ермұхамет мырза, «Время» газетінің сұрағына жауап бере келіп сіз былай деген едіңіз: «Мен 53 жастамын. 10 жылдан соң зейнет демалысына өзім кетемін. Сол кездері Нұрсұлтан Назарбаев бұрынғысынша ел президенті болып қала береді деп ойлаймын». Демек, енді 10 жылдан соң сіз 63 жасқа келсеңіз сіздің бастығыңыз 80 жасқа келеді екен. Құдай оған ұзақ өмір мен денсаулық берсін! Он жылдан соң ол Қазақстанды қатарынан үздіксіз 31 жыл басқарып тұрады екен. Онда КПСС ОК-нің қаусаған бас хатшыларынан оның қандай айырмашылығы болады? Назарбаевтың советтік билеушілерден ең маңызды үш айырмашылығын атаңызшы.

– Мен оның ең басты айырмашылығын айтайын – ол нарықтық реформаларды жүзеге асырды. Біріншіден, елді өзгертуге қол жеткізе алмаған бұрынғы бас хатшылардан, оның ішінде соңғы жас бас хатшы Горбачев те бар, айырмашылығы, Назарбаев өз елінің масштабында өзгерістер жасады.

Екіншіден, Назарбаев, мысалы марксизм-ленинизмнің догматигі Суслов сияқты нағыз берілген коммунист болған жоқ. Жаңа заман
Бізде мемлекеттік идеология жоқ. «Нұр Отан» партиясының идеологиясы мемлекеттік идеология емес.
басталған уақытта ол партияны 1991 жылдың қыркүйек айында тастады. Ол кездері миллиондаған адамдар партиядан шықты. Ол шын мәнінде либералды нарықтық ұстанымда болып, мемлекет меншігімен қатар жеке меншікті де енгізе бастады. Және де жеке меншік экономикада басымдау болып тұр.

Идеологияда – саяси плюрализм. Бізде мемлекеттік идеология жоқ. «Нұр Отан» партиясының идеологиясы мемлекеттік идеология емес. Ұлтшыл-патриоттардың, «Азат» партиясының, біздің өзге де оппоненттеріміздің идеологиялары бар. Сондықтан үшінші сұрақ екіншіге қарағанда да әлсіздеу. Сіз ренжімеңіз, бірақ мен сіздің сұрақтарыңызға бірден баға беріп отырамын.

«БЕТ ЖЫРТЫСАТЫН» ПІКІРТАЛАС КЛУБТАРЫ

– Сіз және президенттік партияның өзге де идеологтары Қазақстанда «Нұр Отанға» сай келер серіктес партиялар жоқ деп қайталаудан шаршамайсыздар. Бір жолы сіз «әзірге Қазақстаның жоғары билігінде мемлекет басшысы ретінде үйлесімді және табиғи көрінетін бір де бір адам жоқ» деп мәлімдеген едіңіз.

Егер бұл айтқаныңыз рас болса, онда жергілікті жерлердегі сайлау комиссияларының құрамына барлық партиялардың, әсіресе оппозициялық партиялардың өкілдерін неге жібермеске? Кезекті президенттік немесе парламенттік сайлау науқаны барысында оппозиицияның бұқаралық ақпарат құралдарына, ең алдымен телевидение мен радиоға теңдей қолы жетуін неге қамтамасыз етпеске?

– Мен сайлау комиссияларында барлық партиялар өкілдерінің болуына түбірімен қарсымын. Сайлау комиссияларының құрамына партияға мүше еместерді алу керек. Өйткені жергілікті билік органдарына, парламентке сайлау кезінде, президент сайлауы кезінде сайлау комиссиясының орнына «бет жыртысатын» пікірталас клубтары пайда болады. Партия мүшелері жұмыс істеудің орнына бірімен-бірі айтысып-тартысып кетеді.

Сондықтан да мен сайлау комиссияларының құрамына партияда жоқтарды алған дұрыс деп ойлаймын. Иә, қазір бізде партияда жоқтар қалған жоқ десе болады. Өйткені елдегі 12 партияның айтуларынша олардың қатарында мыңдаған адамдар бар көрінеді. Мысалы «Азат» партиясы өзінің қатарында 250 мың мүше бар дейді. «Патриоттардың» айтуларынша олардың мүшелері 150 мың адам. Мен бір жолы санап шыққанмын, екі миллионға дейін жетті. Демек, Қазақстанның естияр әрбір төртінші азаматы әлдебір партияның мүшесі болып шығады. Менің ойымша барлық партияларда мұқият тексеру жұмыстарын жүргізіп, әрбір партияның шынайы мүшелерінің саны қанша екендігін анықтап есептеу керек.

ҚАРАПАЙЫМ ҒАНА ШЫНДЫҚ

– Ермұхамет мырза, сіздің бастығыңыз отандық бизнесмендер мен банкирлерге саясатпен айналыспаулары жөнінде бірнеше мәрте ашық және түсінікті түрде ескерту жасады. «Назарбаев Конституциясы» деп аталатын Қазақстанның қазіргі қолданыстағы Конституциясы елдің барлық азаматтарына бірдей саясатпен айналысуына кепілдік бермейді ме? Бизнес өкілдеріне саясатпен айналыспаңдар деп ескерту жасай отырып президенттің өзі Конституция нормаларын бұзып отырған жоқ па? Әлде саясатпен айналысуға тек президент Назарбаевтың отбасы мүшелерінің ғана құқы бар ма?

– Ең алдымен түзету енгізіп алайық – бизнесмендер туралы президент ешқашан ешнәрсе деген емес, ол тек банкирлер туралы айтқан болатын. Бұл өте маңызды тұс. Өйткені шындап келгенде бизнесмендер «Нұр Отан» партиясына енеді. Олар саяси кеңес мүшелігіне де енген.

Мен «Азат» партиясында да бизнесмендер бар деп ойлаймын. Иә, олар өздері туралы ашық айтпауы мүмкін. Бірақ олар бұл партияға материалдық жағынан көмектеседі. Мен қалай болғанда да Қазақстанның әрбір саяси партиясын қамтамасыз етіп отырған бірнеше демеушілері бар екендігін білемін. Сондықтан да, соншалықты белсенді түрде болмаса да барлық бизнемендердің саясатқа араласы бар.

Ал банкирлерге келсек, мен президентпен толықтай келісемін. Әлемнің бір де бір елінде (мен дамыған мемлекеттер туралы айтып отырмын) банкир әлдебір саяси партияның мүшесі болып немесе қандай да бір саяси позиция ұстанғанын көрмейсіз. Мысалы Әблязовтың кезінде ол жерде ең тиімді шарттар болса-дағы мен принципті түрде «ТұранӘлем Банкіне» ақша салған жоқпын. Мен Мұхтар Әблязовтың ерте ме, кеш пе саясатпен айналысатынын білгенмін. Өйткені, оған басыңды бір сұққан соң қайтып шығу деген жоқ. Одан сотталғандығы туралы айыпты алып, банк қызметімен айналысуға рұқсат бергенде мен қатты таң қалғанмын.

Есіңізде болса, 2004 жылы «Ақ жол» партиясы парламенттік сайлауға бара жатқанда мен «Казкоммерцбанкке» қарсы сөз сөйлегенмін. Өйткені ол кезде «Казкоммерцбанк» «Ақ жол» партиясын қолдайды деп есептейтінмін. Және сол кезде Нұржан Сұбханбердин (мен оны банкир ретінде «жұмыстан босатамын») бұлай емес деп жария түрде ақталуға мәжбүр болды. Бірақ, мен мәселенің осылай болғандығына сенімдімін.

Мен банкирлер саясатпен айналыспауы керек деп есептейтінмін. Неге? Өйткені бұл банктерде шетелдік акционерлер бар. Содан соң бұл қауіпті тірлік. Егер банктің басшысы, акционері немесе құрылтайшысы саясатпен айналысуға шешім қаблдаса, онда бұл банктің күйреп тынуы мүмкін. Содан соң, бұның барлығы салымшылардың ақшасы ғой.

Мейлі, ол миллион доллар берсе, жақсы. Бірақ кенеттен ол «түрлі-түсті» төңкеріс жасауға немесе тағы бір нәрсеге 100 миллион доллар берсе ше? Сондықтан да барлық өркениетті әлемде банкирлер саясатқа араласпайды. Бұл дегеніңіз қарапайым ғана шындық және бұл жерде президент ешқандай Америка ашып отырған жоқ. Ол банкирлер саясатпен айналыспауы тиіс деді. Бұның осылай екендігі рас. Заң жүзінде оған тыйым салуға болмайды. Бірақ, өркениетті және постсоветтік елдерде банкирлер саясатпен мүлдем айналыспайды десе болады.

Мысалға Ходорковскийді алайық. Оның аса ірі мұнай компаниясы, «Менатеп» банкі, тағысын тағылары болды. Оның саясатпен айналысқысы келіп еді мемлекет оған: «Қымбаттым, кешіріңіз, біз сені менеджерлікке тағайындағанбыз, біз сені ірі мұнай салаларына қойдық. Ал, демек сенің саясатпен айналысқың келген екен ғой. Жақсы, ендеше біз сенің шаруашылығыңды тексереміз» деді. Содан соң тексерді де, миллиардтаған сомаға салықтан жалтарғанын тағы сол сияқты кемшіліктерді тапты.

Ельциннің кезінде ғой ол жеті банкир Ельцинді, оның партиясын сайлауларда, тағы басқа кездері белсенді түрде қолдап, есесіне талай игіліктерге қол жеткізді. Ал Путиннің кезінде қалай жасалды? Барлық аса ірі қаржылық олигархтар саясаттан кетіп, тек өз шаруаларымен айналысып жүр. Олар Кремль әкімшілігіне, кадр саясатына ықпал етулерін тоқтатты. Елден қашып бас сауғалауға мәжбүр болған Березовский мен Гусинскийлердің қателіктері де осында.

– Бірақ шыныңызды айтыңызшы, Қазақстаннның Конституциясы бұған шек қоймайтын болса, онда Батыстың тәжірибесі мен дәстүрінің қатысы қанша? Қазақстанның барлық азаматтарының саясатпен айналысуға құқылары бар емес пе?

– Сұлтанхан, мен тағы да қайталап айтамын. Сіз қателесіп отырсыз. Сіз Конституция мен заңнамалық нормаларды мұқият оқып шығыңыз. Бізде құқық органдары, соттар партиялық-саяси алаңнан тысқары тұрады. Сондықтан, егер ақырына дейін айтар болсақ, адамның жас мөлшері де бар. Қазақстан халқының жартысы саясатқа белсенді түрде араласады, жартысы әлі кәмелетке де толған жоқ және тағы сол сияқты.

НАЗАРБАЕВ ӘКІМШІЛІГІНІҢ ТАКТИКАСЫ

– Ермұхамет мырза, президенттің үлкен қызы Дариға Назарбаеваның қатысы бар-мыс делінетін «Даму» деген партия жайында сіз еш нәрсе білмейсіз бе?

– Мен бұған қатысты көзқарасымды «Время» газетінде айтқанмын: бұған президент әкімшілігінің ешқандай қатысы жоқ. Біздің қазір бұнымен айналысуға уақытымыз жоқ. Бұл жасанды партияларды шығара берудің бізге не қажеті бар? Кім кіммен қаласа, біріге берсін. Әкімшілік бұнымен айналыспайды. Мен сізге толықтай жауапкершілікпен айтып отырмын.

– Ермұхамет мырза, менің сізбен келіскім келмейді. Өйткені, 1999 жылы кезекті парламент сайлауының қарсаңында президент әкімшілігі бір бизнесменге – Ромин Мәдиновке «Аграрлық партияны» құруға мүмкіндік бергеніне өзім куәмін. Екінші бір бизнесменге – сол кездердегі ұлттық компанияның жетекшісіне партия құруға тыйым салды. Президент әкімшілігінің жетекшісі оны өзіне шақырып алды. Жаңылмасам сол кездері президент әкімшілігін Сарыбай Қалмырзаев басқаратын.

– Сіз «Даму» туралы сұрақ қойдыңыз, мен жауап бердім. Ал 1999 жылы болған оқиға екінші мәселе. Мен сіздің бұл сұрағыңызға жауап беруге дайынмын. Сол кездері президент әкімшілігі стратегиялық емес, тактикалық мақсатта президент электоратын үш партияға бөлуге барды. Олар: «Отан», Азаматтық және Аграрлық партиялар болатын.

Бұл тактикалық мақсатта жасалды. Бұл үш партияның да президент әкімшілігімен белсенді түрде ынтымақтаса жұмыс істегенін барлығы да білді. Осыған қарамастан, олардың өздерінің нақты мүшелері, құрылымдары, ұйымдары, газеттері және т.б. болды. Бұл тактика. Бұндай жағдай Ресейде де бар. Мысалы «Справедливая Россия» мен «Единая Росиияны» алайық. Шындығында бұның барлығы медведев-путин электораты екендігін барлықтары да түсінеді.

КІНӘСІЗДІК ПРЕЗУМПЦИЯСЫ

– Сіз жақында Әблязов пен Роман Солодченко БТА банктен 10 миллиард доллар қаржы жымқырды деген едіңіз. Бұлай деп айту үшін Әблязов пен Солодченконың осыншама қыруар қаржыны жымқырғаны дәлелденген, заңдық күшіне енген сот шешімі бар ма? Әлде сіздің оларға кінәсіздік презумпциясын бергіңіз келмейді ме?

– Мен оларды айыптап отырған жоқпын. Мұндай мәселе туралы жазбас бұрын президенттің кеңесшісі ретінде менде БТА банктің қазіргі басшылығымен, құқық органдарымен және тиісті құрылымдармен байланысып, құжаттарды сұрауға мүмкіндігім бар. Бұған менің құқым бар, олар президенттің кеңесшісіне мен сұрап отырған құжаттардың барлығын беруге міндетті. Содан соң мен оларды мұқият оқып шыққан соң тиісті мәлімдеме жасаймын. Мен ешқашан әлдеқандай айыптауларды ойымнан шығармаймын. Маған оның не қажеті бар?

– Бірақ мойындаңызшы, бұл үшін соттың шешімі болуы керек емес пе?

– Олай емес. Әблязовқа қарсы ресми түрде қылмыстық іс қозғалды. Бұл жайында көп жазылды, сондықтан мен оның барлығын қайталамай-ақ қояйын және бұдан кейін бұл тақырыпқа ешнәрсе айтпаймын.

– Егер сот шешімі болмаса, онда кінәсіздік презумпциясы қайда қалады?

– Сіз өзіңіз мені Жоғарғы соттың төрағасы сияқты және мен үкім шығарғандай сұрақ қоясыз. Сіз түсініңіз, сөз бостандығы деген бар. Мысалы, мен министр болып жұмыс істедім және бір депутат мені Александр Машкевичтан бес миллион доллар алып, «Қазақстан» телерадиокомпаниясын сатып жіберді дейді. Бұл нағыз ақымақтық қой! Менің не істеуім керек? Оны сотқа беруім керек пе? Кінәсіздік презумпциясы туралы айқайлап, баспасөз-мәслихатын өткізуім керек пе?

Мен жайында да, менің отбасым жайында да болмайтын әңгімелерді жазған, жазып та жатыр. Мен бұған баяғыда-ақ қолымды бір сілтегенмін. Өйткені мен жария саясаткермін. Сондықтан мен саясатпен айналысып жатқан кезеңде бұның барлығы да болатынын түсінемін. Бұдан қашып құтыла алмайсың. Сондықтан оған мойынұсыну керек. Бұған қарсы бір ғана амал бар. Күтпеген жерден далаға немесе тайгаға кетіп қалу керек. Екі-үш жыл сонда жүре тұрсаң, сен жайында барлығы да ұмытады. Ешкім ешнәрсе жазбайды. Саған ешқандай жала жабылмайды.

«БҮКІЛ БИЛІК ҮШІН ЖАУАП БЕРУДІҢ ҚАЖЕТІ НЕ?»

– Ермұхамет мырза, сіз бір жолы биліктің оппозицияға қарсы әлдебір әрекеттерін ақтап алғыңыз келіп, биліктің де қорғануға құқы бар деп мәлімдеген едіңіз. Кімнен және қалай қорғануы керек? Қазіргі билік өзінің уәделері мен міндеттемелерін орындаса, ол қорғанғандық емес пе?

– Мен бүкіл билік үшін жауап бермеймін. Мен осы әңгімелерді айтып отырғанда тек өз атымнан сөйлеймін. Өйткені, Азаттық радиосы шабуылдайды, «К-плюс» шабуылдайды, «Республика» шабуылдайды, «Свобода слова» шабуылдайды. Митингілерде президент пен билікке қарсы топ бақырады. Менің кеңесші ретінде жауап беруге құқым бар ма, жоқ па?

Менің бар қолымнан келетіні – айту. Мен айтамын, жазамын, теледидардан сөйлеймін, Азаттық радиосына сұқбат беремін. Мені сіздер не үшін қудалайсыздар? Сөз бостандығы үшін бе? Менің өз пікірімді білдіргенім үшін бе? Менің сіздердің көзқарастарыңыздан бөлек пікір білдіргеніме риза емессіздер ме? Сіздердің демократияларыңыз қайда? Демократиялық құндылықтарыңыз қайда? Сөз бостандығы қайда?

– Ермұхамет мырза, президент өзінің жыл сайынғы халыққа кезекті жолдауында немесе түрлі кеңестерде ондаған тапсырмалар береді, нақты міндеттер жүктеп, кейде өзінің түрлі тапсырмаларының нақты орындалар мерзімін белгілейді. Әрбір жаңа үкімет пен «Самұрық-қазына» қоры әр жолы түрлі бағдарламалар қабылдайды. Бірақ үкіметтен тұтастай немесе жекелеген министрден, «Самұрық-Қазынаның» топ-менеджерлерінен осы тапсырмалар мен бағдарламалардың орындалуы жайында президенттің сұрағанын байқамаппыз. Сіз бұны қалай түсіндірер едіңіз?
Нарықтық экономика тұрғысынан қарасақ, бизнесмендер де, кәсіпкерлер де, жағдайы бар адамдар да елге келуге, кетуге, шекарадан өтіп, қай жерден болса да меншігіне әлдене сатып алуға құқылы. Бұған заңдық тұрғыдан тыйым жоқ.

– Ал мен ешнәрсені де түсіндірмеймін. Сіз бұл сұрақтарыңызды жазбаша түрде «Самұрық-Қазынаға», үкіметке жіберіңіз. Өйткені сұқбат барысында мен бүкіл билік үшін жауап бермеймін деп айттым емес пе? Не үшін мен бұл сұрақтарға жауап беруім керек?

– Ермұхамет мырза, жақында Қазақстандағы бір облыс әкімінің бұрынғы бір орынбасары қазіргі уақытта барлық дерлік ірі шенеуніктер шетелден қосымша мекен даярлап қойған деп мәлімдеді. Сіз бұған қандай түсініктеме берер едіңіз?

– Мен бұны асырып айтылған әңгіме деп ойлаймын. Нарықтық экономика тұрғысынан қарасақ, бизнесмендер де, кәсіпкерлер де, жағдайы бар адамдар да елге келуге, кетуге, шекарадан өтіп, қай жерден болса да меншігіне әлдене сатып алуға құқылы. Бұған заңдық тұрғыдан тыйым жоқ.

– Ермұхамет мырза, сұхбатыңыз үшін рақмет.
XS
SM
MD
LG