Accessibility links

Кеннет Росс: Назарбаев үкіметтің назарын адам құқықтарын сақтаудың маңыздылығына бұруы керек


«Хьюман Райтс Вотч» құқық қорғау ұйымының атқарушы директоры Кеннет Росс.
«Хьюман Райтс Вотч» құқық қорғау ұйымының атқарушы директоры Кеннет Росс.

Азаттық радиосына берген сұхбатында «Хьюман Райтс Вотч» құқық қорғау ұйымының атқарушы директоры Кеннет Росс жігерсіз министрлер мен саяси тұтқындардың құқықтары туралы айтып берді.

– Кеннет мырза, ЕҚЫҰ-на мүше елдер сіздің ұйымның «ЕҚЫҰ-на төрағалық етуге жеті ай қалған кездегі Қазақстандағы адам құқықтарының жағдайы» атты есебіне қалай қарады?

– Біз ешқандай жауап күткен жоқпыз. Біз шешімін табуы керек мәселелерді көтердік. Бірақ, алдағы айларда түрлі ұсыныстармен хаттар түсетінін жоққа шығармаймын.

«Хьюман Райтс Вотч» өзінің ЕҚЫҰ стандарттарын сыйлайтындығын білдіру үшін, үкімет қабылдайтын кейбір қадамдарды көрсетіп береді. Біз бір түннің ішінде үкіметті өзгертіп тастаймыз деп жатқан жоқпыз.

Астанада үкімет мүшелерімен келелі әңгіме болды. Олар адам құқықтарының проблемалары туралы ықыласпен әңгімелеседі. Бірақ, ЕҚЫҰ алдындағы міндеттемелер туралы бір шешімге келу қиындау болды. Шешімін күткен шетін мәселелер өте көп. Бұл – саяси плюрализм, сөз бостандығы, жиын өткізу бостандығы, дін бостандығы. Тіпті министрлердің сенімсіздігі таңдандырады. Менің байқауымша, олар жоғарыдан берілетін нұсқаусыз нақты шешім қабылдай алмайтын сияқты.

Президент Нұрсұлтан Назарбаев немесе премьер-министр Кәрім Мәсімов көтеріліп отырған мәселелердің маңыздылығы туралы нақты белгі бермейінше, атқарушы органдар адам құқықтарына байланысты жағдайларды жақсартуға қажетті шараларды қабылдамайды деген қорытындыға келдік.

– Азаттық радиосы билік сол елден депортациялайын деп жатқан Чехиядағы қазақ босқындары туралы бірнеше мәрте айтты. Көптеген босқындар содан соң Швецияны баспаналады. Чехия үкіметі діни себептерге байланысты елінен кетуге мәжбүр болған босқындардың құқықтарын бұзып отыр ма?

– Мен өзім таныс болмағандықтан, нақты бұл жағдай туралы айта алмаймын. Бірақ, Қазақстанда діни сенім бостандығына байланысты проблемалар бар. Діни азшылық өкілдерінің барлығы ондай проблемаларға кезігеді.

Біз дін туралы заң жобасын кері қайтару туралы Конституциялық кеңестің шешімін қолдадық. Бұл заң жобасы екіұшты стандарттарды орнатып, дінге сенушілер үшін көптеген проблемалар туғызар еді. Солай бола тұра, діни азшылық өкілдерінің құқықтары шектеулі күйде қалуда.

– Сіздің ұйымда саяси тұтқындарға қатысты қандай ақпараттар бар? Куәларды қорғау бағдарламасы бойынша құқық органдарының адамдарды еріксіз ұстап отырғандығы туралы оқиғалар сіздерге белгілі ме?

– Маған бұндай фактілер белгілі. Біз адамдарды қамауда ұстаудың проблемаларын көтердік. Бұл жерде, тұтқындардың өз туыстарымен кездесуіне және адвокатты таңдауға мүмкіндігінің болуына назар аудардық. Егер, үкімет бұған келіспесе, онда бұл - проблема.

– Сұхбатыңызға рахмет, Кеннет мырза.

P.S. Саяси тұтқындардың жағдайына байланысты жан-жақты ақпарат алу үшін Кеннет Росс «Хьюман Райтс Вотч» халықаралық құқық қорғау ұйымының Еуропа және Орталық Азия бойынша бөлімшесінің қызметкері Андре Бергпен сөйлесуге кеңес берді. Бірақ, аталған ұйымның сарапшылары Қазақстандағы бұл проблеманы зерттемеген болып шықты.
XS
SM
MD
LG