Accessibility links

Таяуда Қазақстан президенті жанындағы Адам құқықтары комиссиясы «2009 - 2012 жылдарға арналған адам құқықтары саласындағы жұмыстың Ұлттық жоспарын» бекітті. Жоспарды жасағандар бәрін де қамтығандарына сенімді. Ал, адам құқықтарын қорғаушылар оның тиімділігіне күмән келтіруде.

«...ҚАЙДАМ, МҰНЫҢ БӘРІ ҚАЛАЙ ІСКЕ АСАР ЕКЕН?»

Қазақстан президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссия төрағасы Сағынбек Тұрсынов мәлімдегендей, «басты мақсат — ұлттық парламент, үкімет қабылдайтын барлық заңдардың халықаралық стандартқа сәйкес болуы, «Еуропаға жол» бағдарламасы мен Ақорданың ЕҚЫҰ-на төрағалық ету мақсатына қарай туындаған міндеттерге орайлас болуы».

Біздің Азаттық радиосына берген сұхбатында Сағынбек Тұрсынов: «Бір Қазақстан ғана емес, бүкіл ТМД тарихында алғаш рет Қазақстанда азаматтардың құқықтарын қорғауға республика заңдарының қаншалықты қызмет ететінін анықтау үшін сараптама, мониторинг жүргізуді мақсат еткен түбегейлі баяндама жасалды. Қазақстанның қолданыстағы барлық заңдарына БҰҰ-ның Даму бағдарламасының толық қатыстырылуымен мониторинг жүргізіліп, сараптама жасалды», - деп мақтанышпен айтты.

Сағынбек Тұрсыновтың айтуынша, құқықтанушылар Ұлттық жоспар жасардың алдында сот жүйесі, адвокатура, заң органдары, үкіметтік емес ұйымдар өкілдерінің қатысуымен күшінде тұрған заңнаманы сарапқа салып, даму басымдықтарын анықтаған.

«Бұл — бүкіл қоғам өмірінің салаларын түгел қамтитын құжат, - деді біздің Азаттық радиосына сұхбат берген Қазақстан президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссия төрағасы Сағынбек Тұрсынов. – Ол құжатта Қазақстан азаматтарының саяси, әлеуметтік, мәдени, экономикалық құқықтары көрініс тапқан».

Сол Комиссияның мүшесі әрі Алматыдағы Хельсинки комитетінің төрайымы Нинель Фокина Ұлттық жоспарда қазақстандық қоғамның «сыздауықтары» өте анық көрсетілген дегенді айтады. Азаттық радиосына сұхбат берген Нинель Фокина азамат құықтарының сақталуы саласындағы ахуалды «өте күрделі» деп бағалады:

«Жоспарда біздегі барлық қысылтаяң тұстар, «сыздауықтар» өте анық жазылған. Құқықтар сөз бостандығынан бастап, бізде ғана ойлап табылған оралмандық айрықша құқықтарға дейін кең ауқымда қамтылған. Бала мен әйел құқықтары, соттардың тәуелсіздігі, қозғалыс бостандығы, діни бостандық, сайлау еркіндігі, т.б.

Жоспарды жасауға үкіметтік емес ұйымдардың қатысқаны бірден білінеді, бұл — алғаш рет осындай ресми құжаттың салыстырмалы түрде әділ жасалғаны, тіпті, басым бөлігінде әділ деуге болады.

Адам ол құжатты сырт көзбен оқитын болса: қалайша біздің өміріміз осыншама қиындап кеткен?» деп таңданушы еді. Түгел, барлық бағыттар бойынша — ахуал өте қиын!»

Нинель Фокинаның пікірінше қазақстандық заңдар мен Конституция ешқандай жаңа жоспарсыз-ақ қатардағы азаматтың құқықтарын сақтауға тиіс. Мәселе тек қана Қазақстанда барлық нәрсенің бүгінгі саяси жүйедегі жалғыз адамның саяси еркіне тәуелділігінде. Нинель Фокина ойын былай нақтылады:

«Анығын айтқанда, біздің заңдар мен біздің Конституция ешбір жоспарсыз-ақ азамат құқықтарын сақтауға мүмкіндік туғызады. Бірақ, бізде заң мен Конституцияны ешкім орындамайды. Тура сол сияқты мына Ұлттық жоспардың да орындалуы неғайбыл.

Не дегенмен де, бұдан былай ол [Ұлттық жоспар] азаматтардың жүгінуіне жақсы болды. ЕҚЫҰ-на төрағалық ететінімізді алға тартатынымыз секілді бұл құжатқа да жүгінетін боламыз: мұны орындау керек деп өзіміз жазған жоқпыз ба, ендеше орындауымыз керек!» деп.

Аталмыш жоспарда қай заңдарды түзету керектігі, қандай жаңа заң қабылдау қажеттілігі, соттардың жұмысын жақсарту, адвокатураның мәртебесін жоғарылату, адамды азаптаушылықты болдырмау жөнінен нақты ұсыныстар бар, қысқасы, бәрі-бәрі егжей-тегжейлі жазылған. Енді тек орындау керек».

Алматыдағы Хельсинки комитетінің төрайымы Нинель Фокинаның Қазақстан Конституциясына деген көзқарасы 2007 жылға дейін, яғни, өзінің айтуынша, Ата заңды «айтарлықтай бүлдіріп», Нұрсұлтан Назарбаевқа айрықша сайлану құқығын беріп, мемлекет басшысы лауазымына қайта сайлануына шектеуді алып тастағанға дейін аса жаман болмаған. Сұхбатта Нинель Фокина омбудсмен институты жұмысының жағымды жақтары жайында әңгімелеп берді:

«Соңғы екі-үш жыл ішінде Комиссия да белсендірек жұмыс істей бастады. Әсіресе, омбудсмен институты. Мәселен, жоспар ақыры бір омбудсмен институтын заңдастыруды, яғни, оны «президент жанындағы» мәртебесінен арылтып, заң қабылдау арқылы өз алдына жеке институт ретінде оны тағайындау өкілеттігін парламентке беруді ұсынады.

Құжатта [Ұлттық жоспарда] не жақсының бәрі аямай жазылған. Бірақ, енді оның бәрі қалай орындалады, бұл жағын мен біле алмадым».

«...ШЕНЕУНІКТЕР ЖОСПАРДЫҢ АТҚАРЫЛҒАНЫ ТУРАЛЫ «ТАМАША» ЕСЕП БЕРЕ АЛАДЫ, БІРАҚ, БЕРІЛГЕН ЕСЕП ЖОСПАРДЫҢ ТИІСІНШЕ ОРЫНДАЛҒАНЫН БІЛДІРМЕЙДІ»

«Шаңырақ» қоғамдық қозғалысының көшбасшысы Асылбек Қожахметов Ұлттық жоспарды іске асыруға оң қарайды. Жалпы осы тақырыптың Қазақстанда көтерілуін құптайды. Азаттық радиосына берген сұхбатында Асылбек Қожахметов Қазақстанда қолдау таппай жатқан көптеген жақсы жоспарлар мен заңдардың бар екенін айтып өтті:

«Біріншіден, жалпы бұл тақырыптың көтерілуінің өзі жақсылық. Ұлттық жоспарлардың дүниеге келгені жақсы. Бізде онсыз да жақсы жоспарлар мен бағдарламалар және заңдар көп, өкінішке қарай, олар не мүлде орындалмайды, немесе қате орындалады.

Әрине, Ұлттық жоспар жүйелі, әрі басқа заңдар мен бағдарламалармен үйлесімді және Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығына байланысты болуы мүмкін. Осы бағытта нақты қадамдар жасалуы тиіс.

Ал нақты қадамдар жөніне келсек, қиындық дағдарыс жағдайында туады. Бұл жағдайда халықаралық стандарттарға сай келмейтін экономикалық және әлеуметтік сұрақтарға орай адам құқығын бұзушылықтар мүмкін көп болатын шығар. Сондықтан бұл аса үлкен құлшыныс тудырмайды».

Асылбек Қожахметовтың пікірінше адам құқығын қорғау саласындағы қабылданған бағдарламалар мен жоспарлар жүзеге асуы үшін, олар жалпақ жұртшылық пен азаматтық қоғамның қатысуымен жасалуы тиіс. «Шаңырақ» қозғалысы жетекшісінің біздің Азаттық радиосына айтуынша, ереже бойынша мұндай құжаттарға өмірдің шындығынан қалыс қалған шенеуніктердің көзқарастары бекиді. Асылбек Қожахметов:

«Біріншіден, мұндай жоспарды немесе бағдарламаны қабылдағаннан кейін, тағы да жұртшылықтың және азаматтық институттардың қатысуымен оның орындалуын мұқият қадағалайтын механизм болуы тиіс. Екіншіден, бақылау механизмі нақты көрсетілген мерзім бойынша іске асуы керек.»

Шенеуніктер «сергек» есеп бермесе, жоспар толыққанды жүзеге аспақ емес. Сондықтан бақылау құрылымдарына әлеуметтің және азаматтық қоғам институттарының, саяси партиялардың өкілдері қатыстырылуы тиіс. Сонда ғана бұл бағдарлама шын мәнінде жұмыс істейтін болады».

Бұл күндері Қазақстанда бірқатар оппозиция көшбасшыларын «қылымыскерлерді бүркемеледі» деген атышулы айыппен сот ісі жүріп жатыр. Айыпталушы оппозиционерлердің қатарында Асылбек Қожахметов те бар.

Сот жүйесінің бүкіл ерекшеліктерін өз басынан өткерген Асылбек Қожахметов еліміздің қарапайым азаматтарының құқығын қорғау ісінде негізгі рөл сот билігінде деп таниды.Ол Азаттық радиосына берген сұхбатында:

«Бүкіл әлемде ол шешуші рөлді атқарады. Ал бізде, сұрақ былай қойылады: ол өзінің рөлін қаншалықты табысты атқара алады? Сот-құқық жүйесінің даму деңгейі қаншалықты жоғары? Оның деңгейі демократиялық нормалар мен стандарттарға сай ма? Бұл тұрғыдан алғанда бізде шешуін таппаған сұрақтар жетерлік.

Алайда жағдай біртіндеп түзеліп келеді. Ол бүгінгідей саяси жүйеде бір ғана секіріспен жөнделіп кете алмайды. Яғни кейбір ілгері жылжулар байқалады. Бірақ біз қалаған идеалдан әлі алыстау.

Мысалы, біздің жағдайға байланысты істі алайық. Біздің қайта-қайта талап етуімізден кейін сотты ауыстырды. Қазіргі сот сот процесін сауатты, кәсібилікпен жүргізеді. Оған процедура жөнінен ешқандай сұрақ жоқ.

Әрине, бұл бейтарап әрі әділ шешім болады деген сөз емес. Бірақ, қанша дегенмен, тым болмаса процедура сақталады, оның өзі жаман емес» деді.

«ҚАЗАҚСТАНДА, ӘУЕЛІ, КОНСТИТУЦИЯЛЫҚ ЗАҢДАР САҚТАЛМАЙДЫ...»

Астана мен Алматыдағы алданған үлескерлердің құқықтарын қорғаумен айналысатын экс-сенатор Зәуреш Батталова Ұлттық жоспардың қабылданғаны туралы хабарды естіп, оның нәтижелі болатынына күмән келтірді. Зәуреш Батталова біздің Азаттық радиосына берген сұхбатында өз түңілісінің себебін түсіндірді:

«Ол құжаттың тиімділігі жайында әзір сөз қозғауға ерте. Өйткені, ол жоспар — түпкі мәнінде нақты бір мекеменің, яғни, Адам құқықтары жөніндегі комиссияның заңасты актісі.

Ал, Қазақстанда бұл орайда өте күрделі мәселе бары екібастан белгілі. Қазақстанда, әуелім, конституциялық заңдар, тіпті, адам құқықтарына қатысты Конституция баптары да оңды-солды бұзылып жатады және де заңдарды тек мемлекеттік құрылымдар ғана емес, заң органдары да бұзады, сотта да бұзылады. Осындай жағдайда отырып, әлдебір жоспардың ахуалды өзгертіп жіберетініне нанудың реті жоқ».

Экс-сенатор Зәуреш Батталова азаматтардың ұлттық заңнамамен ғана емес, сондай-ақ, халықаралық құқықтық нормалармен қорғалған құқықтарын өзгеден бұрын сол мемлекеттік органдардың өздерінің таптағанын көрсететін нақты бірқатар мысал келтірді. Экс-сенатордың айтуынша, азаматтардың баспанаға деген заңды құқығы Қазақстанның жер-жерінде бұзылуда. Зәуреш Батталова Азаттық радиосына нақты адам құқықтарын бұзушылық жайттарын айтып берді:

«Жеткілікті баспанаға деген құқық бар, ол Экономикалық, әлеуметтік-мәдени құқықтар туралы халықаралық пактінің 11-бабында көрсетілген. Ол құқық тұрмыстың жеткілікті деңгейіне деген құқықтың құрамдас бөлігі боп табылады.

Соңғы жылдары Қазақстанда, оның ішінде Алматы мен Астанадай ірі мегаполистерде баспанадан мәжбүрлеп шығарып, жер телімдерін тартып алу белең алды. Тартып алынған мүліктің орынына тиесілі өтеуі де, балама баспанасы да берілмейді. Және де баспанасынан мәжбүрлеп айыруға заң органдарының күші қолданылуда.

Мұндай шаралар жыл мезігілі мен ауа-райына қарамастан іске асырылуда. Мұның нақты мысалы ретінде Пошоскина Татьяна деген азаматша 2007 жылы ұлымен, аяғы ауыр келінімен және немересімен бірге 6 ақпанда баспанасынан шығарылып, тура далаға қуылды. Мұндай азаматтардың баспанаға деген құқығын таптау жайттары Қазақстанда көптеп кездеседі.

Айқын мысалы — үлескерлер, олар өз уағында қайталама нарықтан баспана сатып алуға несие алды, ал, бүгін банкке несиелік берешектерін төлей алмай, пәтерлерінен мәжбүрлі түрде шығарылып жатыр. Олардың кейбіреуі сот талқысынан кейін, сот шешімін орындау шеңберінде ғана емес, тіпті, сотсыз-ақ баспаналарынан қуылған, бұл — өрескел заң бұзушылық.

Ең қызығы, мұндай келеңсіздікке жылжымайтын мүлік ипотекасы туралы заңның шеңберінде жол берілуде. Ал, ол заңда кеңейтіле талқыланған Конституция нормалары бар.

Қазақстан Конституциясында ешкімді де сотсыз тәртіппен баспанасынан айыруға жол берілмейтіні айқын жазылған, сол себепті, әлгі заңдағы бірқатар норма Конституцияның өзіне қарама-қайшы».

Қазақстан президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссия төрағасы Сағынбек Тұрсынов біздің Азаттық радиосына берген сұхбатында «2009 – 2012 жылдарға арналған адам құқықтары саласындағы жұмыстың Ұлттық жоспарының» мемлекет басшысының қол қоюына жолданғанын жеткізді.
XS
SM
MD
LG