Accessibility links

Қостанайда ауылды жерлерде емханалар аз, дәрігер мамандар жетіспейді


Қостанай облыстық туберкулезге қарсы диспансерінің бас дәрігері Орал Бекмағамбетов. Қостанай, мамыр, 2009 жыл.
Қостанай облыстық туберкулезге қарсы диспансерінің бас дәрігері Орал Бекмағамбетов. Қостанай, мамыр, 2009 жыл.

Қостанай облысында, әсіресе шалғайдағы кейбір аудандарда емханалардың жетіспеушілігі мен кадрлар тапшылығы байқалып отыр. Барының өзінің сапасы сын көтермейді.

ЕМХАНАЛАРҒА ДӘРІГЕР МАМАНДАР ЖЕТІСПЕЙДІ

Қостанай облыстық дәрігерлер ассоциациясының төрағасы Ысқақ Есіркепов облыста денсаулық сақтау обьектілерінің көпшілігінің ауылда жойылып кетуі алаңдатып отырғанын айтып, хабарласқан еді.

«Кейінгі жылдары 76 учаскелік аурухана жабылып қалды. Қостанай аудандық ауруханасының ғимараты жекеменшікке сатылып кеткен, бюджет қаржысы осы мақсатқа басқа ғимаратты жалға алуға жұмсалып жатыр. Облыс орталығындағы емхана үйі де оның орнына жаңа ғимарат салынады деген желеумен қиратылып тасталған, ал жаңа аурухана үйі қашан салынып бітетіні белгісіз. Көптеген осы заманғы медициналық қоңдырғылар мен қымбат аппараттарды, компьютерлік томограф пен диагностикалық жабдықтарды шаң басып жатыр. Өйткені, олармен жұмыс істейтін мамандар жоқ», – деді ол Азаттық тілшісіне.

Дегенмен, мұндай ахуал барлық аудандарға тән емес. Мәселен, Меңдіқара аудандық ауруханасының бас дәрігері Дәулетбай Ахметов аудандағы медицина саласына оң баға беріп: «аудандық аурухана күрделі жөндеуден өткен. Перзентхана мен туберкулезге қарсы аурухананың да іші-сырты жарқырап тұр. Аудан орталығындағы емхана күн сайын 260 сырқатты қабылдай алады. Елді мекендерде 12 учаскелік-дәрігерлік амбулатория және 28 дәрігерлік орын жұмыс жасайды», - дейді.

Ол ауылдық жерлерде медицина кадрларының жетіспеушілігін жасырмайды.

Халық арасында кең тараған туберкулез дертін емдейтін диспансерлер кешегі Совет Одағы тұсында әрбір аудан орталығында болса, олардың басым көпшілігі Қазақстан тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін түгелге жуық жабылып қалған болатын.

Қостанай облыстық туберкулезге қарсы диспансерінің бас дәрігері Орал Бекмағамбетовтың сөзіне қарағанда, 2000-шы жылдардың басындағы медицина саласындағы оңтайландырудан кейін қалыптасқан жағдай енді ғана түзеліп келеді.

Мәселен, бұдан жеті жыл бұрын Қостанай облысы бойынша әрбір жүз мың тұрғынға шаққанда құрт ауруына шалдыққандар саны 145-тен келсе, олардың әрбір жүзінің жиырмаға жуығының дерті асқынып кеткен деп есептеліп келсе, қазіргі уақытта бұл көрсеткіш көп төмендеген. Биылғы жылдың деректеріне сүйенсек, ол әр жүз мың адамға шаққанда 108-ден келеді.

Орал Айтбайұлының айтуынша, облыстағы диспансер 410 төсектік болғанымен, онда бүгінде 370 сырқат ем алуда. Рудный қаласындағы диспансер 180, Арқалық қаласындағы аурухана 140 адамға арналған.

«Алайда, келешекте төсек санын көбейту емес, керісінше, олардың санын азайту күн тәртібіне қойылып отыр. Өйткені, аурудың алдын алу шаралары жүзеге асырылуы нәтижесінде, осы жылдың бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша, қатерлі аурумен ауырғандар саны 25 пайызға дейін төмендеді», - дейді ол.

Биылғы жылы Қостанай ауданы орталығында 100 кісілік диспансер филиалы пайдалануға берілген. Онда негізінен резервтік препараттармен емделу жолға қойылыпты. Федоров, Меңдіқара, Әуликөл секілді халық неғұрлым көп шоғырланған аудан орталықтарында ауданаралық диспансерлер жұмыс жасауда.

Бірақ, дәрігерлер арасында кадр тапшылығы айқын сезіледі. Оларды қайта даярлау ісі баяу да болса жүріп жатқанымен, тұрмыс жағдайы жасалмағандықтан, әсіресе, ауылдық жерлерде маман кадрлар жетіспейді.

ЕМДЕЛУШІЛЕР ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ САЛАСЫНА СЫН АЙТАДЫ

Меңдіқара ауданындағы 200 кісіге арналған Мұхамеджан Қарабаев атындағы туберкулез дертін емдеу-сауықтыру санаторийінде емделіп жатқан Айзада Төремұратова: «Дәрігерлер қолдан келген емдерін жасап жатыр, оларға алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Бірақ, санаторийде тұрмыстық жағдайларға мән берілмейді. Күн суытқан күндері бөлмелер де суып кетеді. Жаз айларында ыстық су жиі болмай қалады», - дейді.

Аты-жөнін атауды қаламаған тағы бір емделуші: «Жақында осы санаторий туралы теледидардан әдемі хабар көрсетілді. Қарап тұрсаң, бәрі жайнап тұр. Тілшілер дәрігерлермен ғана сөйлесіп қоймай, емделіп жатқан науқастарман пікірлеспей ме?» - деген базынасын жеткізді.

Оның айтуына қарағанда, газеттерде де, теледидарда да жағымды жаңалықтар көрсетіліп, жергілікті жерлерде орын алып жатқан кемшіліктерге мән берілмейді.

Өз қызметін атқарып жатқан маман дәрігерлер мен емделіп жатқан сырқаттар пікірі осылайша екіге жарылып отыр.

«Дегенмен, медицина саласын қаржыландыру, маман кадрларға тұрмыстық жағдай туғызу секілді көкейтесті мәселелер қаржы дағдарысына байланысты кейін ысырылып қойылған сыңайлы», - деген пікір айтушылар аз емес.

Қостанай облысы бойынша дағдарысқа қарсы бағдарламаны жүзеге асыру барысында облыс орталығындағы екі емханаға, Қостанай және Рудный қалаларында құрылысы басталған екі бірдей көп салалы ауруханаға 2 миллиард 313 миллион теңге қаржы бөлініп отыр.
XS
SM
MD
LG