Accessibility links

Діни қызметкердің іс-әрекетіне наразы бір топ адам аштық жарияламақшы


Орыс православ шіркеуіне қарасты Орал-Гурьев епархиясының әкімшілік-тұрғын жай кешені. Орал, 20 сәуір 2009 ж.

Орыс православ шіркеуіне қарасты Орал-Гурьев епархиясының әкімшілік-тұрғын жай кешені. Орал, 20 сәуір 2009 ж.

Орал қаласының бір топ тұрғыны жергілікті епархияның хатшысы Иван Бизиянды азаматтарды кемсітіп, ұлтаралық дүрдараздықты қоздырмақ болды деп кінәлап отыр. Дін өкілі бұны өзіне жабылған жала дейді.

«Уралтехстрой» компаниясының бұрынғы жұмысшылары мен Орал-Гурьев православтық епархиясының хатшысы, Украина азаматы Иван Бизиян арасындағы дау-дамай үш жылға жалғасып келеді. Араларында православ дінін ұстанушылар мен мұсылмандары аралас жұмысшылар қалалық әкімдіктен протоиерей Иван Бизиянды Қазақстаннан сыртқа қуып, оны нон-грата тұлғасы етіп тануды талап етуде.

Наразы азаматтар ғибадатхана қызметкері оларды балағат сөзбен сыбап, ар-намыстарына тигенін айтады. Сәуір айының басында олар діни қызметкерге қарсылық митингісін өткізбек болып, рұқсат сұрап қалалық әкімдікке өтініш жазған.

Онда бастамашыл топтың мүшелері, өздерінің арыз-шағымдарына епархия басшылығының тарапынан ешкімнің селт етпеуі себеп болғанын айтып, Иван Бизиянға қатысты ешқандай шара қолданбай отырған мемлекеттік, құқық және сот органдарына сенімсіздік білдіру қадамына барғалы отырғандарын баяндаған.

«Епархия басқармасының басшысы Антоний тақсыр болса, Қазақстан президентінің әкімшілігіндегі өз байланыстары арқылы жеке басының мүддесін қорғап, қарауындағы шетелдік азамат, православ дініне кір келтіруші Иван Бизиянды ақтап, оған шаң жуытар емес», - дейді өтініш иелері.

«Уралтехстрой» құрылыс компаниясының бұрынғы жұмысшысы Александра Солодовникова 2007 жылы олардың кәсіпорыны оралдық епархияның саунасын салумен айналысқанын айтады. Ол осы уақыт ішінде өзі мен әріптестеріне Иван Бизиян доқ көрсетіп, бірнеше мәрте жәбірлегенін айтады.

– Атына заты сай емес бұл азамат еш себепсіз бізді тілдей беретін, айқайлап балағаттауды әдетке айналдырды. Бізбен бірге жұмыс жасағандарға: «Сендер, қолдарыңнан ештеме де келмейтін ақымақсыңдар! Сендердің миларың қойдың миынан аздап үлкендеу шығар!» Осындай былапыт сөзді естіген адам не істеу керек еді? Осындай жәбірге шыдай алмаған қасымдағы жұмыстасым күрекпен Иван Бизиянды ұрғысы келіп еді, абырой болғанда, мен оны тоқтатып үлгірдім. Өзін аман алып қалғанымда шаруасы жоқ дөрекі Иван Бизиян мені: «жезөкше» деп те тілдеді. Осыған төзе алмаған біз оны сотқа беруге мәжбүр болдық, - деді Александра Солодовникова.

Ал өзінің атына айтылған бұл сөзді теріске шығарған протоиерей Иван Бизиянды Орал және Гурьев архиепископы Антоний тақсыр да жақтап отыр.

– Иван әкейді ол азаматтар негізсіз қаралап, айыптап отыр. Олар біздің православ шіркеуінің беделіне кір келтірді. Шынымды айтсам, менің өзім оларды сотқа бергім келген. Бірақ, Батыс Қазақстан облысының әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов бұлай істемеуімді өтінді. Оның сөзін жерге тастай алмай, бас тарттым, бірақ мен дұрыс істеген екем, кезінде Исаны да лас сөздермен жәбірлеп, еш негізсіз жала жапқан ғой. Біз олардың жасаған күнәсі үшін Құдайдан кешірім сұрап, дұға оқимыз, - деді Азаттық радиосына берген сұхбатында архиепископ.

Иван Бизиян Азаттық радиосының тілшісіне сот шешімінің көшірмесін көрсетті. Былтырғы тамыз айының 18-інде шығарылған шешімде оның атына айтылғандардың дәлелденбеуіне байланысты толықтай ақталып шыққандығы көрсетілген екен.

Сонымен қатар, Иван Бизиян мұндай айыптауға салынған нысанның сапасын тексеру үшін тәуелсіз сараптама жүргізу жөніндегі ұсынысы түрткі болғанын айтады:

– Құрылыс жұмыстарына менің қатысым болған жоқ. Антоний тақсырдың нұсқауымен бұл іспен Алексей Роб әкей айналысты. Ғимарат тапсырылар алдында мен құрылыстың қаншалықты сапалы болғандығын анықтау үшін тәуелсіз сараптама жүргізушілерді арнайы шақырттым. Кейінірек біраз былықтың беті ашылды. Құрылыс компаниясы өз жұмысын немкетті орындаған, алдын ала келісілген шартта көрсетілген материалдардың орнына сапасыз өнімдерді пайдаланған. Осыны анықтай келе «Уралтехстрой» кәсіпорнына 1 миллион теңгені артық төлегеніміз мәлім болды. Осындай ақылға сиымсыз лас әрекеттері арқылы арызданушылар өздерінің алаяқтық әрекеті әшкере боп қалады деп, мені ашықтан ашық кінәлауға көшкен. Бірақ, ақиқат қашан да үстемдік құрады ғой, сот мені ақтап шықты. Ал жала жапқандарға Құдайдың өзінен қайтсын деймін.

Алайда, Александра Солодовникова мен оның жақтастары мұнымен шектелмей, Мәскеу патриархатына да арыз-хат жазыпты. Көп күттірмей, бас дінбасы Иван Бизиянға қатысты шара қолданылғандығын айтып жауап жолдаған. Бірақ, оның қандай шара екендігі атап көрсетілмеген көрінеді.

– Біз орталық Абай алаңынан Епархияға дейін салтанатпен тізіліп, шеру құрып өтпекші едік. Мен бұл шараға Иван Бизиян жәбірлеген кемінде мыңнан астам дінге сенуші, ар-ожданы таза азаматтардың қатысатынына сенемін. Алайда, қала билігі бейбіт митингке рұқсат беруден бас тартты, – дейді ренішті Александра Солодовникова.

Енді жұмысшылар өз наразылықтарын мерзімсіз аштық жариялау арқылы білдірмекші. Олар жаппай аштық акциясын сәуірдің 30-ында бастауды жоспарлап отыр.

Орал-Гурьев Епархиясының жаңа әкімшілік-тұрғын үй кешені 2009 жылы ақпан айында салтанатпен ашылған болатын. Оның ашылуына қатысқандардың арасында Қазақстан мұсылмандарының бас мүфтиі Әбсаттар қажы Дербісалы мен Қазақстан президенті әкімшілігінің жетекшісі Аслан Мусин де болды.

Сол жолы қала жұртшылығы жаңа кешеннің ішкі сәулетін де тамашалаған еді. Ғимараттың бірінші қабатында киім шешетін орын мен жұмыс бөлмелері, кітапхана орналасқан.

Екінші қабатындағы суперлюкс үлгісіндегі алты бөлменің әрқайсысында қызыл ағаштан жасалған жиһаздар, телефон, теледидар, екі кондиционер және лоджия бар. Үшінші қабаттағы атшаптырым зал қонақ қабылдауға арналған. Кешеннің ауласында сауна және өзге де бірқатар шаруашылық жайлары салынған.

Ашылу салтанатында сөйлеген сөзінде архиепископ Антоний жаңа кешеннің құрылысына қажетті қаражат Қазақстанның түкпір-түкпірімен бірге Ресейден де келіп түскенін хабарлағанымен, құрылысқа нақты қанша ақша жұмсалғаны туралы тіс жармады. Сол сөзінде Антоний тақсыр бұл іске Батыс Қазақстан облысындағы бес ауданның әкімдері мен бизнесмендері айтарлықтай үлес қосқандарын ерекше атап өтті.

Діндарлар, Оралда 18 жыл бойы жұмыс істеп келе жатқан епархия бұрын шағын вагонның ішін паналап келгендіктен, оған келушілерді қабылдауға лайықты жағдайдың болмағанын айтады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG