Accessibility links

Батыс баспасөзі Қазақстанда сталиндік стильдегі қуғын-сүргіндер болып жатыр деп жазады


Актерлер Бақтияр Қожа мен Екатерина Редникова «Сталинге сыйлық» фильмінде. Алматы, 13 қаңтар 2009 ж.

Актерлер Бақтияр Қожа мен Екатерина Редникова «Сталинге сыйлық» фильмінде. Алматы, 13 қаңтар 2009 ж.

Батыстағы бұқаралық ақпарат құралдарында Қазақстандағы билік және кәсіпкерлік пирамиданың қатарын астан-кестен еткен соңғы уақыттағы «элита сілкіністері» мен тұтқындаулар тағы да сөз болып, шулы тақырып ретінде талқыланып жатыр.


ЕЛДЕ АБАҚТЫҒА ҚАМАЛУ ҚАУПІ ЕНДІ КІМГЕ ТӨНІП ТҰР?


Британияда жарық көретін «Экономист» журналы Қазақстанда туыстық пен тамыр-таныстық қатынастарының саясатта да, үлкен бизнесте де адам жолының болуы не болмауын шешетін басты фактор екенін тілге тиек етеді.

Егер адамның үлкен мансапқа ие туысы болмаса, ол онда биік лауазымды, билік кеңселерінің бірінде отырған адамдар арасынан өзіне жебеуші таба білуі керек. Алайда, мұндай жүйенің әлсіздігі бар – егер жебеушің алда-жалда қуғын-сүргінге ұшырап, басын бұлт шалса, онда ол көтермелеп келген, оның қарамағындағы оған «қолжаулық» боп жүрген тұлғалар да түгел құрдымға кетпек деп атап көрсетеді басылым.

Айтылған сөз соңғы айлардағы Қазақстанда боп жатқан оқиғаларға тікелей қатысты – бұл оқиғалар барысында тәуелсіздік алғаннан бері ел ішінде болмаған ауқымда көптеген биік мансапты азаматтар мен ірі кәсіпкерлер қуғындалып, шетелге қашып кетті әрі кейбірі түрмеге қамалып тынды. Кейбір аға ұрпақ өкілдері болып жатқан оқиғаларға қарай отырып, мұны сонау 1930 жылдардағы Сталин дәуірінде болған «үндемес» делінген зұлматты оқиғаларға ұқсатады.

Қазіргі уақытта Қазақстандағы қуғын-сүргін салдарынан әлі ешкім қаза таба қойған жоқ. Дегенмен, «жемқорлық істеп, мемлекет мүлкін талан-тараж етті» деген желеумен құқық органдарының көзіне іліккен лауазым иелерінің қайсын болмасын оп-оңай тұтқындай салу және мұндай әлімжеттіліктен қорғайтын құқықтық механизмнің болмауы қоғам ішінде үрей сезімінің кең тарап кетуіне мұрындық болды.

Аталған қуғын-сүргінді қолға алу уақыты қолайсыз таңдалып алынған тәрізді деп жазады «Экономист». Себебі, келесі, 2010 жылы, бір жыл бойы Қазақстан өзі баяғыдан армандаған Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық ету қызметін атқармақшы.

Қазақстан бұл құрметке өз елінде баспасөз бостандығы мен саяси партиялар қызметінің бостандығына заң жүзінде кеңірек еркіндік берем деген уәдесі арқылы қол жеткізіп еді деп атап көрсетеді жорнал.

Енді халықаралық қауымдастықтың бұл елдегі мәселелерге баса назар бұруы, Астана әуелгіде армандағандай емес, керісінше, оның өзіне зиянын тигізер нәтижелерге әкелуі мүмкін.

Яғни, Қазақстан халықаралық қауымдастық арасында өз беделіне нұқсан келтіріп алуы ғажап емес. Дегенмен, бүгінгі Ақорданың істеп отырғанына қарағанда, әзірше Қазақстан билігін халықаралық қауымдастық алдындағы беделден гөрі, ел ішіндегі өзінің тұғырларын нығайтып алу ісі әлдеқайда көбірек алаңдатып отыр деп жорамалдауға болатын тәрізді.

ЭЛИТАНЫҢ ТЕКЕТІРЕСІ ҮРЕЙ ТУҒЫЗАДЫ

Қазақстандағы адам құқықтарын қорғау саласының қайраткері Евгений Жовтистің айтуынша, соңғы оқиғалар «элиталар ішіндегі болып жатқан өліспей беріспейтін қақтығыстардың» нышаны болып табылады. Бұл қарсыластықтың себебі, қартайып жасы жеткен, 20 жылдан астам уақыттан бері билік тағында отырған, әйтсе де 2012 жылы президенттік мерзімі бітетін Нұрсұлтан Назарбаевтан кейін келетін басшының жолын тазарту үшін жүріп жатыр деп атап көрсетеді «Экономист».

Осы боп жатқан келеңсіздіктің тағы бір себебі әлемдік экономикалық дағдарыста жатыр, дейді аталған жорнал. 2007 жылға дейін экономикасының дамуы қарқынды болған мұнайға бай бұл елге дағдарыс теріс әсер етті. Осының себебінен көптеген мемлекеттік емес және мемлекеттік компаниялардың да халі нашарлады.

Биылғы ақпан айында Қазақстандағы кезіндегі ең ірі саналған БТА банкі мемлекет қолына өткен болатын. Үкімет бұндай қадамның мақсаты «БТА-ны банкрот болудан аман алып қалу» деп жариялады. Оның төрағасы, өткен жылдары елдегі оппозицияның жетекшілерінің бірінен саналған Мұхтар Әблязов, қызметтен алынды.

Одан соң ол дереу Лондонға кеткен болатын. Мұхтар Әблязов шетелде отырып, БТА-ның мемлекет қарамағына алынуына өзінің қарсы екенін білдіріп, мәлімдеме жасаумен келеді. Сонымен қатар, ол өзіне үкімет тарабынан тағылған бопсалау мен ақша жымқыру туралы айыптарды негізсіз деп айтатынын жазады басылым.

Мұхтар Әблязовтың қоластында істеген көмекшілері мен орынбасарлары да тезінен ізін суытып үлгіргендіктен, билік енді жанталаса әлі қашып үлгірмеген биік мансаптағы қызметкерлерді қудалауға кірісті. Мұнысы БТА-ның қызметкерлері арасында қорқыныш пен үрейдің қанат жаюына алып келді.

БТА банкте қызмет істеген бір әйелдің, жергілікті оппозициялық газетке жолдаған хатында, құқық орындары қайта-қайта оны тергей бергендіктен, қорқып қашып кеткен әйел қазір бой тасалап жүргені жазылған.

Хатта, дейді жорнал, осы әйелдің орнына билік орындарының оның анасын ұстап әкетіп, үш тәулік бойы абақтыға қамап қойғаны айтылған. Жалпы, БТА менеджерлерінің оннан астамы тұтқынға алынған, олардың соты осы жаздың соңына таман өтуі тиіс.

ӘБЛЯЗОВТЫ ЖАҚТАЙТЫН ОННАН АСТАМ АДАМ ҚАМАУДА ОТЫР

Сонымен қатар, жемқорлық қылмысын жасады деген айыппен бірқатар үлкен лауазым иелері түрмеге жабылды. Олардың қатарында экология министрінің орынбасары, қорғаныс министрінің орынбасары, статистика агенттігі басшысының орынбасары да бар. Ал кейбір банктер мен ұлттық компаниялардың топ-менеджерлері түрмеге жабылып кету қаупінен қорқып қашып, хабар-ошарсыз бойтасалап кеткен.

Бұның барлығынан асып түсіп, елді дүр сілкіндірген оқиға – қалың көпшілік ішінде сыйлы, «Қазатомпром» ұлттық атом компаниясының бұрынғы төрағасы және Мұхтар Әблязовтың досы Мұхтар Жәкішевтің қамауға алынуы болды деп жазады «Экономист».

Мұхтар Жәкішевке Қазақстанның уран кеніштеріндегі қазба байлықты талан-таражға салды деген айып тағылып, ол мамыр айының соңында тұтқындалған болатын. Алайда, дейді «Экономист», осы саланы үнемі қатты қадағалауда ұстап отырған үкімет бақылауын есепке алғанда, мұндай айыптаудың шындықтан ауылы алыстау екенін байқауға болады.

Оның орынбасарларын құқық орындары куә ретінде абақтыда ұстап отыр. Көрген-білгендердің айтуынша, деп жазады жорнал, оларға түрмеде тергеушілер тарапынан қатты қысым мен жәбірлеу жасалып жатқан сыңайлы. «Қазатомпром» басшысымен қыметтес болған сегіз адам қазір тұтқында отыр.

Бұның бәрі тек қылмыстық істі тергеумен байланысты деп билік жұртты қанша сендірмек болса да, шолушылардың көбі мұның астарында саяси себептер жатыр дейді. Әрине, әзірше бұл саяси ойын нәтижесінде нақты кімнің ұтары көпшілік үшін белгісіз қалып отыр.

Аталған «тазартулар» халықаралық инвесторлардың Қазақстан экономикасының ахуалының тұрақтылығына деген сеніміне теріс әсерін тигізді. Қазіргі күні көптеген жандарға «бұлардан кейін енді кім қамалар екен» деген ой маза бермеуде деп түйіндейді сөзін «Экономист».

ШЕТЕЛ КОМПАНИЯЛАРЫ ҚАЗАҚСТАННЫҢ УРАН КЕНІШТЕРІН ӨЗАРА БӨЛІСКЕ САЛЫП ЖАТЫР

Қазақстанда билік кейбір бай ұлттық компаниялар мен банктердің бас менеджерлерін ұстап, оларды тұқыртумен әлек болып жатқанда, бірқатар шетел компаниялары елдегі уран кеніштерін табысты түрде өзара бөліске салып жатыр.

Оның үстіне, Қазақстанның халықаралық нарықта өзінің негізгі экспорттық тауарларын (соның ішінде мұнай, газ, металдар, уран, астық) сату ісіндегі бақталасы Ресей уран кенін саудалауда дүниежүзілік нарықта өз тұғырын нығайта түсті.

Рейтер агенттігі Ресейдің «Росатомпром» мемлекеттік компаниясы Канаданың «Ураниум Уан» компаниясының акциясының 17 пайызын иеленгенін хабарлайды. Ол бұған Қазақстандағы Қаратау кенішіндегі өзінің 50 пайыздық үлесін канадалық компанияның акциясына айырбастап қол жеткізіпті.

«Ураниум Уан» үшін бұл келісім-шартты іс жүзіне асыру 390 миллион АҚШ доллары көлеміндегі қаржы жұмсауды керек етсе дағы, нәтижесінде бұл компания 2010 жылы өзінің уран өндірісін 35 пайыз мөлшерінде өсіруге мүмкіндік алып отыр.

Бұл келісім-шарттың жасалуы әлемдегі атом өнеркәсібі дамыған негізгі бірнеше елдің келер онжылдықтарда тұрақты түрде өздерін уран кенімен қамтамасыз етудің жолын қатты іздестіріп жатуымен дөп кеп отыр. Өйткені, атом өнеркәсібінің өңделмеген уран кеніне деген сұранысы үсті-үстіне арта түсуде деп атап көрсетеді Рейтер.

Мамыр айында, «Қазатомпромның» бұрынғы басшысы Мұхтар Жәкішев жемқорлық жасады және шетел компанияларына уран кеніштерін заңсыз сатты деген айыппен тұтқындалғанда, әлемдегі уран кені қорының бестен біріне ие Қазақстанда уран кенін өндіруден үміткер Канада, Жапония, Қытай және Оңтүстік Корея тәрізді бірқатар елдер не істерін білмей, қатты сасып қалған болатын.

Мұхтар Жәкішев тұтқындалған соң «Ураниум Уан» акцияларының бағамы биржада өз құнының 40 пайызынан айрылды. Алайда, кейіннен «Қазатомпром» басшылығының өкілдері бұрын қол қойылған келісім-шарттардың күші бұзылмайтындығын жариялады.

ӘЛЕМДЕ УРАНҒА СҰРАНЫС АРТЫП КЕЛЕДІ

«Егер олар [Астанада отырып] бизнес жүргізудің басты ережелерін қайта қарап, активтерді алып алса, бұл бүкіл [дүниежүзілік] уран өнеркәсібін тұрақсыздандырып жіберер еді... Мен мұндай нәрсе мүмкін болады деп ойламаймын», – дейді Торонтодағы «Парадигм Капитал» компаниясының сарапшысы Дэвид Дэвидсон. Бұл келісім-шарт өзінің әлемдік нарықтағы үлесін бұрын болмаған ауқымда кеңітіп жатқан «Росатомпромның» қол жеткізе алған соңғы табысы болып табылады деп атап көрсетеді агенттік.

Нақ осы Рейтер, Нью-Йорктегі «Эволюшн Маркетс» фирмасының ядролық отын нарығы департаментінің директоры Майк Голденбергтің келесідей пікірін келтіреді: «Келер 10 жылда уранға деген сұраныстың өсетіні анық, сондықтан жаңа уран кеніштерін игеру мен мәселенің жаңа шешімін табуға деген қажеттілік туады».

Бұрынырақта, бұл сала өзінің ауқымының ірілігімен еш ерекшеленбей келген болатын. Соңғы жылдарға дейін Канада осы салада кен өндіруден алдыңғы орынды ешбір мемлекетке бермей келген еді. Алайда, кейінгі жылдарда, уран кенінің бағасы әлемде ерекше өсіп кетті: 2000 жылы 1 фунт уран кені 7 доллар тұрса, 2007 жылы осы 1 фунттың бағасы 136 долларға жетті. Осыдан барып бұл нарықтағы белсенділік ерен қарқынмен дамыды. Күні бүгін нарықтағы 1 фунт уран кенінің бағасы 53 доллардың маңында тұр.

Уран кені әлемдік атом өнеркәсібіне қазірден бастап жетіспей жатыр. Демек, осы өнеркәсіптің қажетін өтеу үшін, келер уақытта уран өнімін сөзсіз арттыру керек болады деген қорытынды жасайды Рейтер агенттігі.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG