Accessibility links

Қазақстан түрмелерінде адамды азаптау оқиғалары тиылмай келеді


Лейла Рамазанова, Қазақстандағы адам құқықтары жөніндегі бюроның заңгері. Алматы, 23 маусым 2009 ж.

Лейла Рамазанова, Қазақстандағы адам құқықтары жөніндегі бюроның заңгері. Алматы, 23 маусым 2009 ж.

26 маусым – халықаралық азаптауға қарсы күрес күні. 2007-2009 жылдары аралығында елде 586 азаптау фактісі тіркелген. Азаптау фактісі бойынша 4 жылда 15 адам ұсталғанымен, олардың тең жартысына сот шешімінен кейін дереу рақымшылық жасалған.

Қазақстандық адам құқығын қорғаушылар елде азаптауға қарсы күрес жолында коалиция құрғандарын жария етті. Олар билікті азаптауға қарсы аянбай күрес жүргізу жолында ынтымақтаса жұмыс істеуге шақырды. Алайда, Қазақстандағы ресми биліктегі лауазымды тұлғалар тарапынан осы уақытқа дейін «Қазақстан азаптауларға қарсы, онымен күрес үшін мемлекет қолдан келгеннің бәрін жасайды» деген мазмұндағы мәлімдеме жасалынбағанына қарап, ынтымақ туралы ой тек қана үміт екенін қазақстандық құқыққорғаушылар жасырмайды.

Вячеслав Абрамов, «Media Net» қоғамдық ұымының атқарушы директоры. Алматы, 23 маусым 2009 ж.
23 маусым күні өткен баспасөз мәслихатында Media Net орталығының атқарушы директоры Вячеслав Абрамов азаптау қылмысы бойынша кінәсі дәлелденіп, сот үкімі шығарылған қылмыскерге халықаралық заңнамалар бойынша ешқандай рақымшылық жасалмайтынын, алайда қазақстандық сот төрешілері үшін рақымшылық жасау қолдағы дүниеге айналған деп айтты.

«Қазақстан азаптауға қарсы халықаралық конвенцияға 1998 жылы қосылғанын мемлекеттік күш құрылымдарының басшылары ғана біледі. Ал, қатардағы сақшылар мен тергеушілер және басқа да құқық орнының қызметкерлері ондай конвенция бар екенінен де хабарсыз. Керек десеңіз, қазақстандық құқыққорғаушыларға азаптау туралы келіп түскен арыздарды прокуратура азаматтық хат ретінде қарастырып, қылмыстық құрамы жоқ деп қылмыстық іс қозғамаған жағдайлар да болған», - деді Вячеслав Абрамов.

Әділет министрлігінің қылмыстық атқару жүйесіне қарасты түрмелерде 58141 адам жазасын өтеп жатқан көрінеді. Ал, әлемдік кесте бойынша осыдан екі жыл бұрын 25 орында тұрған болса, биыл Қазақстан 17 орынға көтерілген. Құқыққорғаушылар мұның да кері кеткендік екенін айтады.

Қазақстанда 2007-2009 жылдары аралығында 586 азаптау фактісі тіркелген. Бұл тек белгілі болған сан ғана. Ал, азаптау фактісі бойынша 4 жылда 15 адам ұсталғанымен, олардың тең жартысына сот шешімінен кейін дереу рақымшылық жасалған.

Елдегі түрмелердің жартысынан көбі халықаралық стандартқа сай емес екен. Тіпті, түрмені былай қойғанда, тергеу абақтыларында мүгедектерге арналған арнайы камералар қарастырылмаған. «Сауығу» қоғамдық қорының президенті Ардақ Жанәбілованың айтуынша, Қазақстандағы түрмелердің барлығы дерлік жабық жағдайда болғандықтан ол жерде азаптауға тап болғандардың арыз-шағымы темір тордың ар жағынан шықпайтын көрінеді. Оның ойынша, азаптау фактілерін азайту үшін құқыққорғаушыларға түрмелерде болуға рұқсат ету қажет.

- Қазір біздің белгілі бір мекемелерге баруға ғана мандатымыз бар. Ал, түрмелерге бізді жібермей отыр. Азаптау фактілерінің ең көп орын алатын жері – түрме. Сондықтан, құқықтық ұйымдардың заңгерлері түрмелерді белгілі бір уақыт ішінде жиі-жиі аралауға рұқсат
Азаптау фактілерінің ең көп орын алатын жері – түрме.
алса, бұл азаптау фактілерінің азаюына алып келер еді. Біздің қайта-қайта ұсыныс жасауымызбен Алматыда Сейфуллин көшесі бойындағы тергеу абақтысында мүгедектерге арналған камера ашты. Егер түрмелер мен тергеу абақтыларында мүгедектерге арналған арнайы орын болмаса, онда бұл да азаптау болып табылады, - дейді Ардақ Жанәбілова.

Мамыр айының басында Қазақстанда болған БҰҰ-ның азаптауға қарсы күрес комитетінің арнайы баяндамашысы Манфред Новак өз сапарында жүздескен полиция, түрме, тергеу абақтылары бастықтарынан «соңғы бес жылда азаптауға тап болған адамдардан арыз-шағым түспеді ме?» деген сұрағына «жоқ, арыз түспек түгілі, ондайды естімедік» деген жауап алғанын айтады.

Ал, Қазақстандағы халықаралық адам құқықтары мен заңдылықтың сақталуы бюросының қылмыстық істер жөніндегі заңгері Лейла Рамазанова былай дейді:

«Қазақстан Республикасында азаптау мен адамның ар-намысын қорлау фактілері бар. Ол әлі де жалғасуда. Оған біздің бюроға келіп түсетін жүздеген арыздар және халықаралық ұйымдардың бағасы, сондай-ақ, БҰҰ-ның азаптауға қарсы күрес комитетінің арнайы баяндамашысы Манфред Новактың сөздері дәлел бола алады».

Азаптау көп жағдайда құқық қорғау мекемесі қызметкерлері тарапынан болатындықтан оған қатысты қылмыстық іс қозғау әрі тергеу-тексеру жүргізу мүмкін емес дейді құқыққорғаушылар.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG