Accessibility links

АҚШ президентінің көмекшісі қазақ-қырғыз шекарасының ашылуын басты мәселе етіп көтермекші


Қазақстан-Қырғызстан шекарасындағы «Қордай» бекеті.

Қазақстан-Қырғызстан шекарасындағы «Қордай» бекеті.

Қырғызстан уақытша үкіметі президент Нұрсұлтан Назарбаев шекараны 5 мамырда ашуға келіскен деп мәлімдеді. Алайда Қазақстанның шекара қызметі үкіметтен тиісті бұйрық алмаған. Екі елдің шекара мәселесіне АҚШ президентінің көмекшісі Майкл Макфол да араласпақшы.


НАЗАРБАЕВ ПЕН ОТУНБАЕВАНЫҢ АУЫЗША КЕЛІСІМІ

Қазақстан үкіметі көршілес қырғыз елімен шекарасын 7-ші сәуірде Бішкектегі халық толқуынан кейін жапқан болатын.
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Қырғызстанның уақытша үкіметінің басшысы Роза Отунбаева телефон арқылы сөйлесіп, екі ел арасындағы шекараны 5 мамырда ашу туралы келіскен екен. Бұл туралы Қырғызстан уақытша үкіметі аппаратының жетекшісі Еділ Байсалов Азаттық радиосының қырғыз қызметіне берген сұхбатында мәлімдеді.

Алайда қазақ-қырғыз шекарасы әлі ашылған жоқ. Бұл туралы Азаттық радиосына Қырғызстан шекара қызметі басшысының
Қырғызстан шекара қызметі бастығының орынбасары Чолпонбек Турусбеков. Бішкек, 30 сәуір 2010 жыл.
орынбасары Чолпонбек Турусбеков хабарлады. Оның айтуынша, қазіргі уақытта қырғыз-өзбек шекарасы да жабық тұр.

Қазақстан мен Өзбекстан көршілес қырғыз елімен шекарасын 7 сәуірде Бішкектегі төңкерістен соң жапқан болатын.

Қазақстанның шекара қызметінің баспасөз хатшысы Лариса Дмитрюк бейсенбі күні Азаттық радиосына қазақ-қырғыз шекарасының қатаң режимнен ауыспағандығын растады.

- Бейсенбі күнгі жағдайды баяндайтын болсам, шекара бұрынғысынша күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр. Яғни, Қырғызстандағы оқиғалардан кейін енгізілген кедергілер алынған жоқ,- деді ол.

Шекара қызметі өкілінің айтуынша, қазіргі таңда қазақ-қырғыз шекарасы арқылы үшінші елдің өкілдері мен дипломаттар ғана еркін өте алады. Дмитрюк Қазақстан мен Қырғызстан басшылары шекараны ашу туралы келіскен деген ақпарат бойынша түсініктеме беруден бас тартты.

«ҚАЗАҚ ШЕКАРА ҚЫЗМЕТІНЕ ҮКІМЕТТЕН ТАПСЫРМА ТҮСПЕГЕН»

Бұл уақытта Чолпонбек Турусбеков, бейсенбі күні Азаттық радиосына, қазақ шекара қызметі үкіметтен шекараны ашу туралы ешқандай тапсырма алмаған деп мәлімдеп отыр.

- Біз Қазақстан шекара қызметінің басшысы генерал-майор Болат Қырғызбаевпен келіссөздер жүргіздік. Қазірге дейін олар Қазақстан үкіметінен қазақ-қырғыз шекарасын ашу туралы ешқандай тапсырма алмаған, - дейді Турусбеков.

Ал, қазақ-қырғыз шекарасындағы қалыптасқан жағдаймен танысып қайтқан Азаттық радиосы қырғыз қызметінің тілшісі Мирлан Тоқталиевтің хабарлауынша, Назарбаев пен Отунбаеваның шекараны ашу туралы келіссөзінен хабардар болған жұрт шекараға көптеп жиналып қалған.

- Екі ел арасындағы шекара бекетінде 50-ге жуық адам тұр екен. Олар Назарбаев пен Отунбаеваның шекараны ашу туралы келіскендігін естіп, осында келгендерін айтты. Бұған қоса шекарада 30-ға жуық автобус қаңтарылып тұр, - деп хабарлады Азаттық тілшісі.

ОБАМАНЫҢ КЕҢЕСШІСІ АСТАНАДА ШЕКАРА МӘСЕЛЕСІН КӨТЕРЕДІ

Бұл уақытта Қырғызстанның көрші елдермен шекарасының бір айдан бері жабық болуы басқа да мемлекеттерді де алаңдатып отыр.
4 мамырда Қырғызстанға жұмыс бабымен барған АҚШ президентінің ұлттық мәселелер бойынша көмекшісі Майкл Макфол бейсенбі
АҚШ президентінің ұлттық мәселелер бойынша көмекшісі Майкл Макфол Бішкектегі баспасөз мәслихатында. 4 мамыр 2010 жыл.
күні Азаттық радиосына, осы аптада Қазақстанда болғанында жергілікті билік өкілдерімен келіссөздер барысында қазақ-қырғыз шекарасын ашу туралы мәселе көтеретіндігін мәлімдеді.

Майкл Макфол Қазақстанға 6-шы мамырда баруы тиіс болатын.

Бейсенбі күні кешкісін қазақ-қырғыз шекарасы 11 мамырда ашылады деген ақпарат түсті. Бұл туралы уақытша үкімет өкілі Темір Сариев Бішкекте өткізген баспасөз-мәслихатында хабарлап отыр. Сариев шекараны ашу мәселесі бойынша Өзбекстанмен келіссөздер жүргізіліп жатқандығын мәлімдеді.

Қазақстанның шекара қызметі бұл ақпаратты растаған жоқ. «Шекараның ашылғандығы туралы ресми түрде хабарланады» деді Лариса Дмитрюк.

Қырғызстанның уақытша үкіметтің дерегі бойынша, шекара жабылған бір айдың ішінде ел экономикасы ондаған миллиард сом шығынға батқан.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG