Accessibility links

Әлихан Бәйменов: Ислам демократиялық партиясын құру үшін әуелі зерттеп алу керек


Әлихан Бәйменов, "Ақжол" партиясының жетекшісі. Алматы, 27 қыркүйек 2010 жыл

Әлихан Бәйменов, "Ақжол" партиясының жетекшісі. Алматы, 27 қыркүйек 2010 жыл

Билік өкілдері Қазақстанның діни мәселеде либерал саясат ұстанып отырғанына сенімді. Мемлекет пен дін мәселесіне арналған жиында ислам демократиялық партиясының құрылу мүмкіндігі туралы айтылып қалды.


Алматыда қыркүйектің 27-сінде Қазақстандағы Фридрих Эберт атындағы қор мен Ұлттық зерттеулер институты ұйытқы болып, «Қазақстан модернизациясы барысындағы мемлекет пен діннің қарым-қатынасы: өзекті мәселелер мен болашағы» деген тақырыпта халықаралық конференция өткізді. Күні бойы созылған жиынға тек дәстүрлі дін өкілдері, құқық қорғаушылар, билік органдары мен ғалымдар қатысты. Жиынның пікірталас бөлімі аса тартысты болған жоқ.

"КОНФЕССИЯАРАЛЫҚ КЕЛІСІМНІҢ ЕРЕКШЕ ҚАЗАҚСТАНДЫҚ МОДЕЛІ"

Дерек бойынша, 90-шы жылдардың басында Қазақстанда 500-ден астам діни бірлестік болса, ал қазір олардың саны 4500-ге жуықтаған. Бұл да болса, елде діни ұйымдардың еркін жұмыс жасауына жағдай жасалғанының айғағы деді ҚР Мәдениет министрлігінің дін істері жөніндегі комитетінің өкілі Айдар Әбуов.

- Қазақстанның қазіргі кездегі діни ахуалы тұрақты. Республикадағы түрлі діни өкілдер арасындағы қатынастар үйлесімді дамуда. Конфессия аралық келісімнің ерекше қазақстандық моделі бүгінгі күнде халықаралық деңгейде мойындалуда. Президенттің тек Қазақстанда ғана емес, барлық әлемде конфессия аралық келісімді нығайту саласындағы нақты бастамаларының дәлелі ретінде Астана қаласында үш мәрте өткен дәстүрлі және әлемдік діндер лидерлерінің съезін атауға болады, - деп тізбелеп шықты Айдар Әбуов қыркүйектің 27-сі күні өткен жиында.

Атқарушы билік өкілдері жиын барысында мемлекеттің түрлі діни ұйымдарға қатысты аса либерал саясат ұстанып отырғанына қатысушылардың көзін жеткіздіруге тырысты. Ал «Темірқазық» пікірталас клубының ғылыми жетекшісі Амангелді Айталы елде «Діни сенім бостандығы және діни бірлестіктер» туралы заңды шамадан тыс либерал деп атады.

- ЕҚЫҰ-ға төраға болатынымыз белгілі болған кезде премьер-министр «біздегі заңдар еуропалық стандартқа сай қарастырылуы, өңделуі тиіс» деді. Ағылшынның мақалы бар: «Жақсы заңнан гөрі жақсы дәстүр артық» деген. Дәстүрге негізделмеген заңдар қауіпті. Егер діни істер туралы заңда еуропалық стандарттарды қолдансақ, бұл елеусіз де ақырын рухани отаршылықтың бастауы. Бір отарлаудан арылғанда, екінші отарлауға ілігеміз, - деді Амангелді Айталы.

"МҮФТИДІ ИМАМДАР ЕМЕС, ПРЕЗИДЕНТ ТАҒАЙЫНДАЙДЫ ЕМЕС ПЕ?"

Жиналғандарды «дін мемлекеттен бөлек» деген тіркесті пайдаланбауға шақырған Қазақстанның Мұсылмандар Одағының төрағасы Мұрат Телібеков себебі елде шын мәнінде жағдай басқаша деді.

- Біз мемлекеттің, құқық қорғау құрылымдарының дінді қатаң бақылайтынын жақсы білеміз. Бәлкім, бұл ақтап аларлық әрекет шығар. Бірақ онда мемлекет «бақылауға міндеттіміз» деп тоқетерін айту керек. Президент бас мүфтиді өзі сайлайды. Біз мұны жақсы білеміз. Барлық мұсылмандар, имамдар жиналып, ортақ жиында бас мүфтиді сайлайды деген ақымақ өтіріктен бас тартатын кез келді, - деді Мұрат Телібеков.

Жиында аса өткір мәселелер талқыланбағанын тілге тиек еткен ол елде жекелеген діни топтардың қуғынға ұшырап жатқанын айтты. Және мұның барлығы Ислам Конференциясы ұйымына төрағалық ету қарсаңында болып отыр деді. Бейбітшілікті жақтайтын діни басқарма, дәстүрлі дін өкілдері неге әншейін, діни көзқарасы үшін қуғындалған азаматтарға ара түспейді деп сынады.

- Батыс Қазақстанда діни қуғынға ұшыраған жиырма-отыз адам қазір Чехияда өмір сүріп жатыр. Бұл ұлттық масқара! Қазақстанда тұруға мүмкіндік жоқтығын айтып, баспана сұрап, халықаралық қауымдастыққа жүгініп жатыр. Өкінішке қарай, осы мәселеге қатысты бұл дөңгелек үстелде министрлік өкілдерінен де, діни басқармадан да, Дін істері бойынша комитеттен де нақты жауап ала алған жоқпын, - деді Мұрат Телібеков.

ИСЛАМ ДЕМОКРАТИЯЛЫҚ ПАРТИЯСЫ ПАЙДА БОЛУ МҮМКІН БЕ?

Дәл бұл мәселе жиын барысында қызу талқыға түспесе де, айтылып қалды да. Қазақстанның Мұсылмандар Одағының төрағасы Мұрат Телібеков алдағы уақытта Қазақстанда Ислам демократиялық партиясының пайда болу мүмкіндігін жоққа шығармайды.

- Исламның саяси жүйемен интеграциясы сияқты ағым үдеп келеді. Мұндай ұмтылыстар болған да. Бірнеше жыл бұрын есімі көпке белгілі Қайрат Сатыбалды сондай ислам саяси партиясын құру ниеті бар екенін мәлімдеген еді. Өкінішке қарай, бұл жүзеге аспай қалды. Менің ойымша, бұл ағымнан қашып құтылу мүмкін емес. Мұны Ақорда сол кезде сезген де еді, - деді Мұрат Телібеков.

«Ақжол» партиясының төрағасы Әлихан Бәйменовтың пікірінше, қазіргі діни ахуал жағдайында мұндай партия құрылса да, қоғамға қаншалықты пайдалы болатыны даулы мәселе деді.

- Бізде Конституция бойынша діни бағыттағы саяси ұйымдар құру тыйым салынған. Жалпы түркі әлемінде, Орталық Азияда бірнеше модель бар екенін білеміз. Мысалы, Түркияда ол рұқсат етілген. Тәжікстанда ислам партиялары бар. Біріншіден, бұл бағытта ғылыми зерттеулер жүруі керек. Оның қоғамға ұзақ мерзімді әсері қандай? Соңы неге алып келеді?.. Екіншіден, әлі де діни сауаттылық төмен болып тұрғанда ондай партияларды шынайы имандылық жолындағы емес, басқа саясаткерлер пайдаланып кетпей ме? – деп қалды Әлихан Бәйменов.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG