Accessibility links

Долқын отбасына оралды, ал оны іздеп шыққан анасы хабар-ошарсыз кетті


Гуантанамо түрмесі, 9 қазан, 2007 жыл.
Гуантанамо түрмесі, 9 қазан, 2007 жыл.

3 қарашада Гуантанамо түрмесінде отырған соңғы қазақстандық Долқын Керимбакиев Астана қаласына жеткізілді. Азаттық тілшісі ол азаматтың ауылына барып, жағдайларымен танысып қайтқан еді.

2000 жылдардың басында Пәкістанда медреседен білім алған төрт қазақстандық азамат кейін Ауғанстан территориясында АҚШ әскерилерінің тұтқынына түседі. Солардың бірі - Долқын Керимбакиев.

Американың Куба мемлекетінің территориясында орналасқан Гуантанамо түрмесінде отырған Долқын Керимбакиев, Айту Абықанов, Ильхомжон Ботаев, Сухрат Аруповтар туралы қазақстандық басылымдар аз жазған жоқ. Із-түзсіз жоғалып кеткен бұл төрт адам туралы алғашқы хабар осыдан екі жыл бұрын жарыққа шықты. Оған дейін олардың қайда болғанын ешкім білген жоқ, ал туған-туысқандары болса, аты аталған төрт жігітті өлгендердің қатарына жатқызған екен.
АЙТУ АБЫҚАНОВ ГУАНТАНАМОДАҒЫ ҚИЫНШЫЛЫҚТАРДЫ ӘЛІ ҰМЫТА АЛМАЙ ЖҮР
6 қараша күні Азаттық радиосының сайтында Гуантанамо түрмесінде 7 жыл отырған қазақстандық Долқын Керимбакиевтің елге оралғандығы туралы ақпарат тарады. Азаттық тілшісіне Алматыдан 120 шақырым қашықтықта орналасқан Қызыл шарық ауылындағы Керимбакиевтар отбасын табу оңайға соқпады.
Долқын Керимбакиевтің 7 жастағы суреті. Долқынның бұдан басқа суреті болған жоқ. Бұл сурет Керимбакиевтердің отбасылық архивінен алынды.
Қызыл Шарық кішкентай ауыл болып көрінгенімен ондағы 300 үйдің есігін қағып, Американың түрмесінде отырған қазақстандықтарды іздеу біз үшін қиынға соғар еді. Сондықтан да, көшедегі адамдардың барлығынан «кешіріңіз, Гуантанамо түрмесінде отырған Айту Абықанов, Сухрат Арупов, Долқын Керимбакиевтер қай жерде тұрады?» деген сұрақты жалықпай қоя бердік.

Бізге есегімен бұзау айдап бара жатқан 6 жасар Дархан айтып, жол сілтеп жіберді. Ол бізге: «Жан Клод Вандаммен бірге түрмеде отырған Айту ағаны айтып отырсыз ба? Ол біздің көршіміз, менің артымнан жүре берсеңіз, сіздерді адастырмай апарамын» - деді. Дархан айтқанындай, бізді Айту Абықановтың үйінің алдына алып келді. Ол бұзауын дарбазаның арғы бетіне өткізіп жатып, «Аға, абайлаңыз, Айтудың басындағы «бір шаригі» түсіп қалған. Ол жынданатын болса, кез келген адамды ұрып тастайды» деп ескертті.
Айтудың үйіне кіргенімізде ол кешкі намазға дайындалып жатыр екен. Одан: «Айту, бір күн бұрын Долқын Керимбакиев келіпті, оның үйін бізге көрсете аласың ба?» деп сұрадық. Бірақ, американдық түрменің тұтқыны болған Айту бізге мүлдем басқа әңгіме айта бастады. Ол Қытайға сапар шеккен әжесінің жақын күндері келіп қалатындығын, сондай-ақ, аздап басы ауыратындығын ескертті. Айту Абықановпен арадағы әңгіме көпке созылған жоқ. Ол шамалы уақыт өткен соң, «қазір келемін» деп үйіне кіріп кетті де, содан шықпай қойды.

Есіктің аузында тұрғанымызды көрген Айтудың Орал деген ағасы біздің қасымызға жақындап, қай жақтан келгенімізді сұрастырды. Онымен Айтудың бүгінгі өмірі туралы әңгімелесіп тұрғанымызда, үйдің ішінен жүгіріп шыққан 7-8 жастағы кішкентай қыз бала көкесінің түпкі бөлменің терезесі арқылы далаға секіріп, қашып кеткенін жеткізді. Орал Абықанов інісі Айтудың Гуантанамо түрмесінен кейін қатты өзгергенін және аздап басы ауыратындығын айтты.
- Бауырым жүйке ауруына шалдықты. Оның АҚШ-тан келгеніне бір жылдан асса да, өз-өзіне келе алмай жүр. Сондықтан да сіздер ренжімеңіздер, ол бүгін енді ешкіммен сөйлеспейді - деді Орал.
Орал Абықанов Долқын Керимбакиевтің Қазақстанға оралғанын естімеген екен. Сонда да, оның жақын туысқандарының үйі қай жерде екенін айтып, жөн сілтеді.
АҚШ-тың Ауғанстан территориясындағы терроризммен күрес операциясы басталған соң, Гуантанамо түрмесіне 500-ден астам адам қамалды, соның ішінде төрт қазақстандық азамат болды.
Долқынның дарбазасын қағып тұрғанымызда, бізді оның Эльмира деген әпкесі қарсы алды. Алматыдан ат терлетіп жеткен журналистер екенімізді білген ол, Долқынның бөтен адамдармен әңгімелесуге мұршасы жоқ екенін түсіндірді. Оның үстіне әжелерінің де сырқаттанып жатқанын айтты.
«Әже Долқынды 8 жыл күтті ғой. Үлкен кісі бұл қуанышты хабарды өте ауыр қабылдады. Кеше кешкісін қан қысымы көтеріліп, төсек тартып жатып қалды, содан бері бірнеше рет жедел жәрдем шақырсақ та, әжеміз орнынан тұрған жоқ. Аяқтары табанынан жоғары қарай біртіндеп мұздап жатыр, табан астында демі үзіліп кете ме деп қорқып отырмыз. Оның үстіне әжеміздің ауырып қалғаны Долқынның да жүйкесіне әсер етті. Мүмкін, сіздер басқа күні келерсіздер»-деді.
Біз Эльмираға Алматыға құры қол қайта алмайтынымызды шамамыз келгенше түсіндіріп көрдік. Содан Эльмира Долқынды бізбен әңгімелесуге көндіретіндігін айтып, үйіне кіріп кетті. Далада Долқын Керимбакиевтен хабар күтіп, шамамен бір сағатқа жуық уақыт тұрдық. Бірақ таяуда ғана бостандыққа шыққан Долқын бізбен әңгімелесуден бас тартты.
ДОЛҚЫН КЕРИМБАКИЕВ ЭЛЕКТР ЖАРЫҒЫНАН ҚОРҚАДЫ
Үйден далаға кіріп-шығып жүрген нағашы әпкесі Нұрхан апайға Долқынды өзін көзімізбен көрсек деген өтініш айтып көріп едік, ол көп ойланбай келісті. Долқынмен кездеспес бұрын Нұрхан апай оны фотоаппаратқа түсірмеуімізді өтінді.
«Мен Долқынның келбетін танығаныммен, оның ішкі жан-дүниесін танымай қалдым. Сегіз жылдың ішінде кез-келген адам өзгереді. Бірақ, менің Долқыным отанға мүлдем басқа адам болып оралды. Кеше кешкісін біз онымен әңгімелесіп көріп едік, ол американдық Гуантанамо түрмесі туралы ештеңе сұрамауымызды өтінді».
АҚШ-тың Куба мемлекетінің территориясында орналасқан Гуантанамо түрмесі.18 қаңтар, 2002 жыл.
- Сендер Айту Абықановты көрдіңдер ме, ол да қатты өзгерген – деп жалғастырды әңгімесін Нұрхан апай. – Олар бала кезінде айырылмас дос болды. Ауылдағы адамдардың айтысына қарағанда, Айтудың жүйкесі сыр берген. Біздің Долқын да бір түрлі болып қалды. Қазір екеуі де бір-бірін көргісі келмейтін сияқты. Одан соң, Долқын электр жарығынан қорқады. Кеш батса болды, үйдің ішіндегі жарықтың барлығын өшіріп, қараңғы тамда отырады. Ол американдық әскерилер жеті жыл бойы біз отырған түрменің жарығын өшірмеді деп айтты. Электр жарығы оны жүйке аурына шалдықтырған. Қазір сендер онымен кездескенде, фотоаппаратқа түсірмеңдер. Айқайлап, елдің мазасын алуы мүмкін. Оны Америкадағы түрмеде қатты қинаған сияқты ғой - дейді Нұрхан Сабирова.
Біз Долқынды көргенімізде, ол бөлменің төр жағындағы кішкентай орындықтың үстінде өз-өзімен сөйлесіп отыр екен. Дауысы жәй шыққандықтан, оның не айтып отырғанын түсіне алмадық. Долқын бізге мойнын бұрып қараған да жоқ. Оны әңгімеге тартып едік, мүлдем мән бермеді. Басын көтерместен өзіне ғана түсінікті сөздерді сыбырлап отырды. Оған қарап отырғаннан ештеңе өнбейтінін түсініп, Долқынды бөлмеде жалғыз қалдырып, сыртқа шықтық.
Долқын Керимбакиевпен сұхбаттаса алмасақ та, оның жақын туысқандарын әңгімеге тарттық. Эльмира Керимбакиеваның айтуынша, інісінің осындай жағдайға тап болғанына ешкім кінәлі емес.
-Бұл - тағдыр ғой. Долқын 7 жыл бойы түрмеде отырса да, оның кінәсі дәлелденген жоқ. Сондай-ақ, мен інімнің 2001 жылдың 11-ші қыркүйегінде АҚШ-тың Нью-Йорк қаласындағы террористік шабуылға қатысы болды дегенге әуел баста сенген жоқпын. Ол Пәкістанның медресесінен білім алуға кетті. Сол жақта жүріп, Ауғанстанға тәжірибеден өтуге барды. Одан кейінгі жағдайдың не болғаны белгілі. Жаңа ғана Долқынды өз көздеріңізбен көрдіңіздер. Ол Қазақстаннан кетпес бұрын өте ашық-жарқын жігіт еді. Ал қазір болса, болмысы түгелімен өзгерген. Электр жарығынан қорқады, кеше моншаға түсіріп едік, жүрегі қысылып, есін әрең жинады, өкпесіне суық тиген және бүйректері де зақымданған екен. Әрине, дәрі-дәрмекпен емдеп, денсаулығын қалыпқа келтіруге болады, бірақ, бұрынғы Долқынды, біз білетін Долқынды қай жақтан табамыз?
Баласы табылғанымен, оны іздеп кеткен анасынан хабар жоқ
Долқын қасындағы жолдастарымен бірге Ауғанстанда із-түзсіз жоғалып кеткен соң, анасы Сәния оны іздеп жолға шығады. Долқынның туған-туысқандарының айтуынша, бес жасар баласын жетектеп кеткен Сәния Керимбакиева Пәкістанға кеткен екен. Ол кезде Долқын Керимбакиевтің, Айту Абықановтың, Ильхомжон Ботаевтың және Сухрат Аруповтың американдық әскерилердің тұтқынына түскенін ешкім білген жоқ. Дегенмен, Долқын ең соңғы болып оралса да, осыдан бірнеше жыл бұрын оны іздеп, Пәкістанға аттанған анасынан әлі ешқандай хабар жоқ.
Гуантанамо түрмесінде болған қазақстандықтармен әңгімелесудің сәті түспегендіктен, 2007 жылдың 31 сәуірі күні «Время» басылымында жарыққа шыққан Айту Абықановтың сұхбатынан үзінді жариялауды жөн санадық.
-Медресенің бірінші курсын тәмамдаған соң, мені Ауғанстанға тәжірибеге жіберді. Кабул қаласындағы имамның көмекшісі болып тағайындалдым. Ол жақта бар болғаны 3 күн ғана жұмыс істедім. Өйткені, 2001 жылдың 7-ші қазаны күні американдық және ағылшындық әскерилер әуеден Ауғанстанға шабуыл жасады. Негізгі соққы Кабул қаласына берілді. Одан аман қалып, қаланың басқа да бейбіт тұрғындарымен бірге Пәкістанның шекарасына қарай кетіп бара жатқанымызда, бізді жергілікті пуштундар ұстап алып, 5 ай өткен соң американдық әскерилерге 5 мың долларға сатып жіберді.
XS
SM
MD
LG