Accessibility links

1985 жылы Үндістан, Аргентина, Греция, Мексика, Танзания, Швеция елдерінің басшылары Дели Декларациясын қабылдады. Ол құжат ядролық қарулану жарысын тоқтатуға, ядролық соғысты болдырмауға және аталмыш қаруларды жоюға шақырды. Кейіннен бұл декларацияға Қазақстан да қол қойды.

Ғылым мен техниканың жарқын жетістіктеріне жол ашылған ХХ ғасырда адамзат атом қаруы секілді алапат жойқын қаруды ойлап тапты. Әлемдік тарихтан бұл қаруды адамдарға қарсы қолданудың екі түрлі жолмен жүргізілгені белгілі. 1945 жылы АҚШ үкіметі жапон жерінде жарған екі атом бомбасының сұмдығын бүкіл әлем жұртшылығы көзімен көріп білсе, Семей жеріндегі қырық жылдан астам уақытқа созылған ядролық сынақтардың адамдар мен табиғи ортаға тигізген әсері ұзақ жылдар бойы қалың елден құпия сақталып келді. Алайда, 1991 жылы бұл сұмдықтың беті ашылып, аталмыш зерттеулерге соңғы нүкте қойылды. Дегенмен, мамандар полигон зардаптары ХХІ ғасырға дейін жеткендігін тілге тиек етеді.

Гүлдана Нүрпейісова, осыдан 20 жыл бұрын Алматыға Семей облысынан көшіп келген. 1960 жылы дүниеге келген ол, біз мектепте оқып жүргенде, біздің жанымызда ядролық сынақтардың жүргізіліп жатқандығын білген де жоқпыз дейді.

- Біз кішкентай кезімізде, мектепте отырғанда ара-тұра жер сілкінісі сияқты құбылыстар болып тұратын. Сабақта отырғанда қабырға шайқалып, парталарымыз қозғалатын. Әдетте, таңертең сағат 8-дердің шамасында аптасына немесе айына бір рет сондай сілкіністерді байқайтынбыз. Алайда, ол кезде ешқандай ақпарат болған жоқ, барлығы құпия түрде болды да, біз ешнәрсе білмедік.

Луиза Сусуркиева, Павлодар, жаз, 2008 ж.
- Уақыт өте келе, туған-туыстардың, дос-жарандардың арасында көптеген түсініксіз құбылыстардың орын алғандығын байқай бастадық, - дейді Гүлдана Нүрпейісова. - Біраз уақыт өте, өзіміздің таныс, туған-туысқандарымыздың арасында түсініксіз себептермен көз жұмған жағдайлар жиіледі. Одан кейін құрбыларымыздың арасында асылып өлгендердің де саны артты. Қан ауруы сынды аурулар да көбейіп кетті. Бұның барлығы ядролық полигонның кесірінен екендігін біз кейіннен білдік қой.

Семей өңіріндегі ең алғашқы атом қаруының жарылысы 1949 жылы тамыз айының 29-ы күні жасалды. Міне, сол күннен бастап 1991 жылға дейінгі аралықта бұрынғы Совет Одағының әскери күштері Семей ядролық сынақ полигонында 400-ден астам ядролық жарылыс жасағаны мәлім.

Ал, 1953 жылы тамыздың 12-і күні Совет үкіметі Семей полигонында әлемде алғаш рет сутегі бомбасын жарып, сынақ өткізді. Совет әскерлері Семей сынақ полигонында жарып үлгермеген соңғы ядролық қуат 1995 жылы мамыр айының 31-інде химиялық жарылыстың көмегімен жойылды. Ал, сынақ полигонының өзі 1991 жылғы тамыз айының 29-ы күні Қазақ Советтік Социалистік Республикасының Президенті Н. Назарбаевтың Жарлығымен жабылған болатын. Сөйтіп, қырық жыл бойы қазақ жеріне зардабын тигізген атом бомбасының көзі құртылған еді. Бірақ, ғалымдар оның зардабы әлі жүздеген жылдарға дейін таусылмайды дейді.

Гүлнар Садықова, полигон жүргізілген жерден 70 шақырым жерде орналасқан Лебяжье ауданында 25 жыл бойы балалар дәрігері болып қызмет еткен. Маманның айтуынша, бұл жерде бала өлімі мен туа біткен аурулардың саны, басқа аудандарға қарағанда едәуір көп кездеседі.

- Бүгінгі таңда Бесқарағай, Шарбақты елдімекендерінде, жаңа туған нәрестелерде туа біткен кемістіктер көп. Олар сол полигоннан зардап шеккен азаматтардың үшінші-төртінші ұрпақтары. Зерттеулерге сүйенсек, радиация әсері әсіресе, осы үшінші, төртінші ұрпақтарда анық байқалады екен.

Маман, қазіргі уақытта Семей өңіріндегі жүкті әйелдердің тек 10 пайызының ғана дені сау екенін, ал қалған 90 пайызында ақ қан ауруы, гистоз, құрт ауруы секілді дерт түрлерінің жиі кездесетінін айтады. Осы ретте полигон орналасқан жерлердің тұрғындарын жүйелі түрде емдеп, зерттеп тұрған абзал дейді ол.

Аида Есқалиева, Павлодар, жаз, 2008 ж.
Тарихқа көз жүгіртсек, 1991 жылы Павлодар қаласында «Әлем балалары ядросыз болашақ үшін» атты ең алғашқы бүкілодақтық форум өткізілген еді. Шара өткізілген күні, ядролық полигон жүргізілген Семей өңірінен келген Самал Мұхаметқалиева есімді оқушы қыз қайтыс болды. Сол қыздың есімін мәңгі ұмытпас үшін, Павлодар қаласында осы аттас реабилитациялық орталық жұмыс істейді. Бұл жердегі 70 баланың басым бөлігі полигон зардабын тартып, түрлі ауруға шалдыққандар. Олардың бірі 18 жасар Луиза Сусуркиева. Бүгінде ол, оқуын аяқтап, болашақта өзі сияқты мүмкіндігі шектеулі жандарға көмектескісі келетіндігін айтады.

- Мен өз ауруым үшін ешкімге кінә тақпаймын. Тек бір тілегім, болашақта мұндай қасіреттер мүлдем болмаса екен.

Ал 3 жастан жаңа асқан Аида Есқалиеваға дәрігерлер мукополисахаридоз деген диагноз қойып отыр. Бұл жүйке жүйесіне, ағзаның ішкі құрылысына, сүйекке кері әсерін тигізетін тұқым қуалайтын аурулар жиынтығы. Аиданың анасы-Аягөз күйеуінің Семей өңірінен екендігін айтады. Бүгінде 3 жарым жасқа келген Аиданың басты мақсаты ең болмаса аяғын басып үйрену.

- Қызым туылғанда дені сау болатын. Одан 6 айынан бастап қимыл қозғалысынан артта қалып жатқандығын байқадым, одан кейін міне, бүгінде осындай қорқынышты диагнозбен отырмыз.

Дегенмен, Аиданың анасы үмітін үзбейтіндігін айтады. Бірақ, өздері сияқты көптеген аналарға, мемлекет тарапынан көмек болса жақсы болар еді дейді.
  • 16x9 Image

    Мәншүк АСАУТАЙ

    1980 жылы туған. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін бітірген.

    Қарағанды қаласындағы жергілікті телеарнада қызмет еткен. 2004 жылдан бері Азаттықтың тілшісі. 

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

XS
SM
MD
LG