Accessibility links

Байланыс қызметі тым қымбатқа түсіп тұр


Байланыс саласына қатысты Қазақстанның заңнамалық актілеріне енгізілетін өзгерістер туралы жобаны Сенат бірінші оқылымда мақұлдады. Бірақ, сенаторлардың көбі Қазақстандағы байланыс тарифі әлемдік бағадан да қымбат деп наразылық білдірді. Ақпараттандыру және байланыс агенттігінің басшылығы бағаның қымбаттығын елдімекендердің қашықтығымен түсіндіреді.

Сенаторлар Өмірбек Байгелді мен Евгений Аманның айтуынша, Қазақстанның байланыс саласындағы тарифі өте қымбат:

- Осыдан 4 жыл бұрын байланыс жөнінде заң қабылдағанда сала басшылары осы заңды қабылдағаннан кейін байланыс саласындағы тарифтер төмендейді деген еді. Содан бері тариф қымбаттамаса арзандаған жоқ. Қазір халықаралық байланыстың бір минуты 450 теңге екен, яғни, 3 доллардан асады.

Бұған Ақпараттандыру және байланыс агенттігінің төрағасы Қуанышбек Есекеев келесідей уәж айтады:

- Байланыстың бағасы Қазақстандағы елді мекендер арасындағы қашықтыққа байланысты. Сымдарды өткізу үшін үлкен қаражат жұмсалады. Стационарлық телефондағы халықаралық және қалааралық байланыс тарифіне Қазақстандағы 13 мың метр кабель әсер етеді. Оған операторлар қарауға мәжбүр.

Есекеев «Телеком» жылдың соңында ІР-телефония бойынша үлкен жоба жасап жатқанын, онда қазіргі кабель сымдары арқылы жүргізілетін трафик интернетпен алмастырылатынын айтты.

- Соңғы екі жылда агенттік ІР-телефония жүргізетін кәсіпкерлерге 300-ге жуық лицензия берді, - деп мәлімдеді Есекеев.

Ал, сенатор Симамбаев Қазақстандағы ұялы байланыс нарығына басқа операторлардың неге кіргізілмей отырғанын сұрады:

- Германия мен Францияда бірнеше ондаған компания ұялы байланыс саласында жұмыс істейді, сондықтан онда бәсеке бар. Ал, Қазақстанда екі-ақ компания жұмыс істеп жатыр. Біздің нарықта бірнеше ұялы байланыс операторлары бар. Мүмкін, біреулердің қолдауымен ұзақ уақыт бойы нарыққа өзге операторларды кіргізбей отырған шығарсыздар?

Қазақстандағы мобильдік байланыстың 80 пайызы «K’cell» және «Beeline» компанияларының еншісінде.

- Олар байланыс нарығына бірінші болып кіргендіктен, қазіргі кезде 13 миллион абоненті бар. Басқа операторлардың байланыс нарығына кіру бағасы бар. Олар ең тығыз учаске - Астана мен Алматыға кіргісі келеді. Онда тұрғындар көп және төлеу қабілеті жоғары. Ал, тек Астана мен Алматыда істейтін оператор қажет пе? - деді Есекеев.

Ақпараттандыру және байланыс агенттігінің төрағасы Қ.Есекеевтің түсіндіруінше, заңдағы соңғы түзетулерден кейін тариф бойынша келіссөздер өткізуге болады.

- Оның сыртында, қазір «Қазақтелеком» компаниясының еншілес кәсіпорыны ұялы байланыс саласына кіріп бағаны төмендетіп жатыр. Соның арқасында, шетелдермен тілдесу үшін бір минуттың бағасы қазір 28 теңге тұрады, - деді ол.


XS
SM
MD
LG