Accessibility links

Мемлекеттік сыйлық ақындарға бұйырмады не бұйыртпады


Қазақстан Жазушылар одағының үйі. Алматы.

Қазақстан Жазушылар одағының үйі. Алматы.

Әдебиет саласы бойынша 2008 жылғы Мемлекеттік сыйлық оған ұсынылған үміткер қаламгерлердің ешқайсысына берілмеді

Қазақстанда мәртебесі жоғары болып саналатын аталмыш сыйлыққа үміткер екі ақынға, Мемлекеттік сыйлық комиссиясының соңғы отырысында қажетті дауысты жинай алмағандықтан, сыйақы мөлшері 50 мың АҚШ доллары болатын Мемлекеттік сыйлық бұйырмайтын болды.

Комиссия мүшесі, өнертанушы әрі жазушы Ақселеу Сейдімбек, соңғы дауыс беру жүйесінің дұрыс еместігін айтады:

«Дауыс берудің ұстанымында кемшіліктер болды. Біріншіден, президиум дегенді ойлап тапты да, өнердің барлық саласы бойынша құрылған комиссия мүшелерінің жаппай дауыс беру тәртібін орнатты. Бұл - қателік. Комиссияның ішіндегі адамдардың жартысынан көбі қазақ тілін білмейді. Яғни, олар бәйгеден сүріндірген екі ақынымызды оқымаған. Сондықтан, олар дауыс бермейді деген сөз. Бұл принцип дұрыс емес. Егер комиссия жаппай дауыс берсін десе, қазақша білетін адамдарды таңдау керек еді.

Мысалы, Вавниенко қазақша білмейді, Әлібек Дінішев қазақ тілін білмейді. Бұл кісілер қазақ поэзиясын оқымайды. Мұндай дауыс беруде әділ ұстаным болмайды. Әдеби шығармаларды сараптау үшін құрылған комиссия ғана дауыс беру керек еді. Сонда біз асыл мен жасықты парықтайтын едік.

Әдебиет саласынан іріктеудің барлық сатысынан өткен екі ақын — Серік Ақсұңқарұлы мен Несіпбек Айтұлының шығармалары Мемлекеттік сыйлыққа лайық. Егер, талғамы төмен болса, оны да айтар едік қой. Қос ақын да, қазақ поэзиясының қос босағасы сынды қаламгерлер. Осыны тани алмаған қоғам, саясаткерлер рухани мүгедек деп есептеймін.

Айтып отырған мәселе бойынша, қазақ руханиятына жауапты адамдарды кінәласақ қателеспейміз. Осы салаға жауап беретін адамдардың тереңірек ойлауы қажет еді. Бұл жерде саяси қателік те бар. Неге дейсіз ғой? Қазақтың көшбасшы өнер саласы — сөз өнерінен лайықты дүние табылмады деген сөз, Қазақстандағы рухани-мәдениеттің тоқырауы деген сөз ғой. Қазақстан — рухани-мәдениеті жоқ, базар қуалап, санын шапақтап, нарыққа жүгірген ел дегенді білдірмей ме?! Мінеки, бұның саяси астарында осындай дүние бар».

Мемлекеттік сыйлыққа қатысты әңгіме жуық арада саябыр таппайтын шығар деген пікірді Қазақстан Жазушылар одағының басқарма төрағасының бірінші орынбасары Ғалымбай Жайлыбай мырзадан естідік:

«Мемлекеттік сыйлық туралы әртүрлі қым-қиғаш әңгімелер айтылып жатыр. Шын мәнінде, бұл сыйлыққа қазақ әдебиетінен ешқандай шығарманың, ешқандай автордың лайық болмауы өкінішті. Мұндай жағдай Мемлекеттік сыйлықтың тарихында болмаған жағдай. Біз, бұған араласқан жоқпыз. Комиссия құрамында болған ақын-жазушылардың бәрі де наразылығын білдіріп, өкініп қайтқан сияқты. Мұндай мәселеге абай болу керек. Мемлекеттік сыйлықтың маңайындағы әңгіме әлі де жалғасатын сияқты».

Былтыр Мемлекеттік сыйлыққа түсіп, іріктеу сатысынан өтпей қалған ақын Жәркен Бөдешұлының аталмыш мәселе туралы пікірі төмендегідей:

«Ақын-жазушылардың шығармалары мемлекеттің рухы, заманның рухы. Сондықтан, бұған жай қарауға болмайды. Бұл — бір-екі отырыспен, он шақты адамның қол көтеруімен шешілетін мәселе емес».

Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылған ақындарға хабарласқанымызда, әлі де үміттері өшпегендіктен, пікір білдіруден бас тартты.


Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG