Accessibility links

Аманбаев: Ғаріптерге жағдай жасаса, өзімді «мүгедек» деп атауға келіспес едім


Алматы қалалық мүгедектер қоғамының төрағасы Әли Аманбаев. 3 желтоқсан, 2008 жыл
Алматы қалалық мүгедектер қоғамының төрағасы Әли Аманбаев. 3 желтоқсан, 2008 жыл

Бүгін мүмкіндігі шектеулі жандардың халықаралық күні. БҰҰ мәліметтері бойынша ғаламшар тұрғындарының 600 миллионының мүмкіндігі шектеулі. Олардың 490 мыңға жуығы қазақстандықтар екен.

Өмірде жақсылық пен жамандықтың, қуаныш пен қайғының, қара мен ақтың қатар жүретінін ескерсек, ортамызда тағдырдың жазуымен денсаулығынан айрылып, күндері өзгелерге қарап қалған ғаріп жандар аз емес. Қазақстан аумағында мүмкіндігі шектеулі жандар жарты миллионға жеткен. Дендері сау адамдардың өздері көптеген кедергілерге кезігіп жатқанда, ғаріп жандардың күндері нешік?

Біз мүгедектердің хал-жайымен, мұң-мұқтажымен жақынырақ танысу мақсатында оларды әңгімеге тартқан едік. Алматыдағы зағиптар қоғамында кітапханашы болып қызмет атқаратын 2 топтағы мүгедек Назира Оңдалбекқызын баспана мәселесі қатты толғандырады екен:

- Ұлым да көз жанарынан айырылған 2- топтағы мүгедек. Екінші балам да әлі кішкентай. Жалғызбасты анамын. Үй-жайым жоқ. Мен өзіміздің оқу-өндірістік кәсіпорнына келіп, маған баспана тауып беруін үнемі өтініп сұраймын.

Ал, керісінше 1- топтағы мүгедек Күләнда Найзабекованы тағдырдың бұл қатал сыны күрт өзгерткен. Күләнда өзгелерден өзінің кем екенін іштей сезінгенімен, «қайтсем олармен тең дәрежеде өмір сүруім керек» деген ойлардың маза бермегенін айтады. 44 жастағы бұл келіншектің ержеткен ұлы бар. Тағдырдың басқа салғанына мойымай келе жатқан сұхбаттасымыз бүгінде шағын кәсіп иесі:

- 19 жасымда жұмыс үстінде шөп турағыш машинкаға сол қолымды кесіп алдым. Бастапқыда ауылдық кеңседе түрлі жұмыстарды атқарып жүріп, өзімнің шағын кәсібіммен айналысуды жөн көрдім. Алғашқы кездері ұсақ-түйек тауарларды сатып, кейіннен шағын дүкен аштым. Ол кездері екі бөлмелі үйде тұрған едім, біртіндеп үлкен үйге де қол жеткіздім. Отбасымды, туған-туысымды осы дүкен асырап отыр.

Бұл мүмкіндігі шектеулі жандардың ішіндегі ілуде біреуі ғана. Көп жағдайда ғаріптердің шешімін таппаған мәселелері қордаланып келеді. Олардың жұмыспен қамтылмауы, тиісті дәрежеде құқықтарының қорғалмауы қоғамда жиі белең алып жатқан құбылыс:

- Негізінде аяғымның жоқтығынан, көзімнің көрмегендігінен өзімді мүгедекпін деп сезінбеймін. Менің айналамдағы инфрақұрылым маған тосқауыл. Үкімет осы тосқауылдарды реттеп, ғаріптерге жағдай жасаса мен өзімді «мүгедек» деп атауға келіспес едім. Негізінен мүмкіндігі шектеулі жандарды мүгедек қылатын қоғамдағы теңсіз қарым-қатынас пен адамдардың көзқарастары, - деді Алматы қалалық мүгедектер қоғамының басқарма төрағасы Әли Аманбаев.

Сондай-ақ, ол мүгедектердің жұмыспен қамтылуы соңғы кездері реттелмей отырған келелі мәселелердің бірі деді:

- Бізде мүгедектердің жұмыспен қамтылуына арнайы бөлінген квоталар бар. Өкінішке қарай тәртіп жоқ. Мүгедек жандарға қалада жұмыс орындары ықшамдалмаған. Алматыда 80 мүгедек жұмыс істейді. Оның өзі 1,5 миллион халқы бар қалаға өте аз.


2008 жылдың бірінші қаңтарынан бастап 1- топтағы мүгедектерге— 15900, 2- топтағыларға—12781, 3- топтағыларға—8000 теңге жәрдемақы төленіп келеді. Жұмысы жоқ, ақша табуға кез келгенінің денсаулығы көтере бермейтін мүгедектер үшін ең басты мәселе олардың тегін дәрі-дәрмекпен қамтамыз етілуі.

Жыл өткен сайын туа біткен кемтар жандар мен мүгедектерді тегін дәрі-дәрмекпен қамтамыз етуге бөлінген қаржы көлемі артқанымен, арнайы бағдарламаның жоқтығынан өз шешімін таппай отыр, - деді Алматы қалалық мүгедектер қоғамының мүшесі Кенжебай Құдайбергенов:

- Мүгедектердің арасында мониторинг жүргізетін болса, онда он адамның бесеуі өздеріне емханада жеңілдік жасалынады деп айта алмайды. Себебі оларға әлі күнге жеңілдіктер көрсетілген емес. Мүмкіндігі шектеулі жандар өздеріне аурухана, емханаларда тегін дәрі-дәрмектің берілетіндігін білмейді. Осыдан барып тағы бір шешуі күрделі мәселе пайда болады.

Мүгедектер мәселелерімен айналысып жүрген мамандар, соңғы 15 жыл көлемінде мемлекеттік саясаттың осы топтағы азаматтарға қатысты базалық принциптерінде белгілі бір оң өзгерістер орын алғандығын айтып отыр. Алайда оған қарамастан заңдардағы олқылықтарға, тиісті талаптардың сақталмауына байланысты мүгедектерге өздерінің конституциялық құқықтарын толық дәрежеде жүзеге асыруы әлі де мүмкін болмай отыр екен.

XS
SM
MD
LG