Accessibility links

Ғалымдар көп жасаудың сырын іздейді


Шарапхана ауылының 112 жастағы қарт тұрғыны Ұлбала Ақбайқызының жеке куәлігі. Оңтүстік Қазақстан облысы, Қазығұрт ауданы. 20 наурыз 2010 жыл.
Шарапхана ауылының 112 жастағы қарт тұрғыны Ұлбала Ақбайқызының жеке куәлігі. Оңтүстік Қазақстан облысы, Қазығұрт ауданы. 20 наурыз 2010 жыл.

Жасы жүзден асып, шөбере-немене көрген адамдар не себепті денсаулығы тың, парасатты күйде қалады? Ғалымдар «бұған тұқым қуалайтын қасиеттер себепші болуы мүмкін» дейді. Оқымыстылар жастары 108, 100 және 104-ке келген, Америкада тұратын ағайынды Кандардың отбасын зерттеу арқылы көп жасаудың сырын табуға ұмтылып отыр.

КӨП ЖАСАУДЫҢ ҚҰПИЯСЫ

Хеленнің жасы 108-де. Ол көкөніс пен салат жегенді, ұйқысынан ерте тұрғанды және салауатты өмір салтына қатысы бар көптеген нәрсені істегенді ұнатпайды.

Ол шала қуырылған гамбургер, шоколад пен коктейльді, Нью-Йорктің түнгі өмірін ұнатады. Мәселен, оған Бродвей шоулары, қаладағы барлық экзотикалық мейрамханалар, кинотеатрлар мен «Метрополитен-опера» театры ұнайды. Таяуда ғана ол кинотеатрда «Темір адам-2» фильмін тамашалады деп жазады «Шпигель».

Бұл әйел өмірінде алғаш рет, 1918 жылы «Метрополитен-опера» театрында операны – «Самсон мен Далила» ойынын көрген болатын.

Ол сонымен қатар, темекі тартқанды ұнатады. «Менің темекі тарта бастағаныма 80 жылдан асты. Күні бойы, күн сайын шылым шегем. Бұл көп темекі тартатынымды білдіреді», - деп ағынан жарылады Хелен. Оны бала кезінен бастап жұрт «Бақытты» деп атап кеткен екен. Хелен бес жыл бұрын инсульт ұстамасымен ауырып, соның кесірінен қазір сәл түсініксіз, міңгірлеп сөйлейді.

Дегенмен, оны алжыды деуге келмейді. Қария әлі бұрынғы кезіндегідей көп нәрсені білмекке құмар, оның есте ұстау қабілеті де әлі мықты. Тіпті, бұл қабілеті өзін бағып-қағумен айналысатын 37 жасар филиппиндік күтушісімен салыстырғанда әлдеқайда тың да ілкімді.

Хелен Фейс Кейн Рейхерт 1901 жылы 11 қарашада Нью-Йорктің Манхэттен аралындағы Төменгі Ист-сайд ауданында дүниеге келді. Оның күйеуі кардиолог еді. Балалары болмады. Күйеуі 25 жыл бұрын, 88 жасында қайтыс болғаннан кейін дүние жүзін аралап, сапарлап қайтуға бел байлады. Ол кезде Хеленнің жасы 84-те болатын.

Кейуана Ирландия, Испания, Италия, Түркия, Египет, Қытай, Жапония мен Австралияға қыдырып барды. Дүние жүзін шарлаған бұл сапары оған күйеуінің қайғысын ұмытуға көп көмектесті. «Барып көрмеген жалғыз елім – Үндістан, – дейді ол. – Алайда ол елге де барғым келеді».

Жүзді еңсерген «Бақытты» есімді бұл әжей, оның 2005 жылы 102 жасында қайтыс болған Ли деген сіңлісі, әлі аман-есен 104 жасар бауыры Ирвинг пен 100 жасар Питер ғалымдардың назарын аударды.

Жалпы, жүзден аса жасау бақытына ие болған бұл қариялар – әлемдегі ең қарт ағалы-інілі, апалы-сіңлілердің болуы тиіс. Бұлар Бостон мен Нью-Йорктен келген кәрілікті зерттейтін ғалымдардың қан алып, бірнеше сағат бойы сұхбаттасуына келісімдерін берді дейді басылым.

ӘЛЕМДЕ ОРТАША ӨМІР ҰЗАҚТЫҒЫ АРТЫП КЕЛЕДІ

Демограф-ғалымдар өткен 170 жыл ішінде дамыған елдерде өмірдің орташа ұзақтығы артқанын айтады. Олардың есебінше, жыл сайын өмірдің орташа ұзақтығы үш айға артады. Германияда қазір ол көрсеткіш әйелдер үшін 82, ерлер үшін 77 жас деңгейіне жетіп отыр. АҚШ-та жүз жасты еңсергендер саны 50 мыңды маңайласа, Германияда 6 мың адамға сәл-пәл жетпейді екен.

Жер бетіндегі әрбір жеті миллион адамның бірі 110 жасты еңсеріпті. Мұндай адамдар үшін арнаулы термин де ойлап тауыпты: оларды аса ұзақ жасаушылар деп атайды.

Израиль дәрігері Нир Барзилай мен Нью-Йорктегі Альберт Эйнштейн атындағы медициналық колледжінің Қарттықты зерттеу институтының қызметкерлері жасы жүзден асып кеткен жүздеген адамға көптеген сауал қойып, жауап алған болатын.

Бұл сауалнамаға ұзақ жасаушылардың өмір сүру жағдайы, олардың ішер асы, ішімдік ішетіні-ішпейтіні, темекі тартатын-тартпайтыны, дене жұмысы не дене шынықтырумен қалай айналысатыны, ұйқысы, білім деңгейі, қоғамдағы мәртебесі мен руханиятына қатысты сұрақтар енді. Бұл сауалдар ұзақ жасаушылардың бәріне ортақ заңдылықтарды табу үшін қойылған.

«Ешбір ортақ ереже жоқ, – дейді зерттеу нәтижесін қорытындылаған 54 жасар Барзилай. – Салауатты өмір сүру салтына қатысты темекі тартпау, арақ ішпеу, дене еңбегімен көп айналысу, ас ішерде теңгерілген диетаны ұстану, артық салмақтан арылу тәрізді кәдімгі кеңестер – біздерге, қатардағы адамдарға қатысты кеңестер. Жасы жүзді еңсерген ұзақ жасаушыларға мұндай кеңестердің күші жүрмейді, олар адамдардың басқа тобын құрайды».

Ғалымдар зерттеген ұзақ жасаушылардың 37 пайызының 70 жасында артық салмағы болса, олардың 8 пайызы семіздіктен қорлық көрген екен; 37 пайызы, орта мөлшермен алғанда, 30 жыл бойы темекі тартып келіпті; 44 пайызы белсенді дене қимылын талап ететін іспен тек анда-санда ғана айналысыпты; ал 20 пайызы дене шынықтырумен ешқашан айналыспаған көрінеді деп жазады «Шпигель».

– Жүз жас межесіне жету үшін, – дейді Барзилай, – адам генінің құрылымы ерекше болуы қажет. Бұл адамдар басқаша түрде, баяу қартаяды. Олар әдеттегі адамдар өлетін аурулармен сырқаттанып барып қайтыс болады. Алайда, олар отыз жыл өткен соң бір демде науқастанып, көп қиналмай көз жұмады.

ҚИЫНДЫҚҚА КЕЗДЕССЕ, УАЙЫМ-ҚАЙҒЫҒА САЛЫНБАЙДЫ

Хеленнің 104 жасар бауыры Ирвингті жұмыс күндері таңғы сағат 8:30 бен түстен кейінгі 3:30 арасында Нью-Йорктегі Мэдисон-авеню көшесінің бойындағы көп қабатты зәулім үйдің 22-қабатындағы кеңсесінен табуға болады. Оның кеңсесі мен апайының пәтері бір-біріне тым таяу.

«Кан Бразэрс» – 1978 жылы Ирвинг пен екі ұлы негізін қалаған инвестициялық компанияның атауы. Оның қазір 72 толған үлкен ұлы бес жыл бұрын зейнет демалысына кетіп, жұмысын тастады. Ал Ирвингтің өзі зейнет демалысына кетпек емес.

– Мені өнеркәсіп пен технологиялардың көптеген салалары қызықтырады, – дейді ол. – Оқығанды ұнатамын. Инвестор кәсібіне аса құштарлығым да осыдан болар.

Көп жасаудың сыры неде? Оны Ирвинг саусағын бүге санап отырып, былай деп түсіндіреді: «Ең алдымен нәрлі тамақ ішіп, көкөніс пен салатты көптеп жеңіз. Екіншіден, таза ауада көп қыдырыңыз. Үшіншіден, арақ ішпеңіз және темекі тартпаңыз. Мен, ары кеткенде, үш айда бір стакан ғана шарап ішемін».

Ирвинг маңыздана отырып, сөзін одан ары сабақтады: «Төртіншіден, әрқашан белсенді өмір сүріп, ашық-жарқын болыңыз, әлемнің барлық құрылығында тұратын адамдармен танысыңыз. Бесіншіден, сізді қызықтыратын нәрсе көп болсын. Оны жасау үшін әлі қолыңыздан келмейтін нәрселерді зерттеңіз, бұл жастығыңызды сақтайды!»

Ирвингтің төртінші және бесінші өсиеттерінің растығы ғылыми түрде дәлелденген нәрсе саналады. «Біз бірнеше қызықты ерекшелікті таптық» дейді Бостон университетінде жұмыс істейтін, «The New England Centenarian Study» жобасының жетекшісі, 50 жасар Том Перлс.
Бұл жоба бойынша жасы жүзді еңсерген адамдарды зерттеу жүргізіліп жатыр. Осы жоба әлемдегі аталған саладағы ең ірі ғылыми-зерттеу жобасы деп саналады. Жобаны іс жүзіне асыру ісіне екі мың алты жүздей адам тартылып отыр дейді онлайн-басылым.

– Біз зерттеп жатқан кісілер – экстравертті әрі адамдармен араласуды ұнататын жандар. Олардың әрбірінің тұрақты да жүйелі әлеуметтік байланыстар торабы бар, – дегенді тілге тиек етеді Том Перлс. – Сонымен қатар олар күйгелектік дегенді білмейтін кісілер. Яғни, өмірде қиындыққа кездессе, уайым-қайғыға салынбайды. Оған қоса бұл адамдар – қолдан біржолата сытылып кетіп, өткен күннің тұңғиығына батқан нәрселерді қиналмай, тез ұмытудың хас шеберлері.
XS
SM
MD
LG