Accessibility links

Оңтүстік Қазақстан облысында ВИЧ індетін жұқтырған балалардың ата-аналары қосымша әлеуметтік жеңілдіктер болуын талап етуде


Дүйсенбі күні, Шымкентте ВИЧ індетін жұқтырған осы балалардың ата-аналарынан оншақты адам облыстық әкімшілік ғимараты алдына жиналып, облыс басшылығымен кездестіруді талап еткен акция өткізген. Ақыры кешкісін ашу, ызалы ата-аналар тобын облыстық әкімінің орынбасары Дарқан Мыңбай мырза қабылдап олардың талаптарын тыңдаған.

Өз аты-жөнін атағысы келмеген ата-аналардың бірі сейсенбі күні «Азаттық» тілшісіне берген сұқбатында өзінің өмірден әбден шаршағанын айтты.

«Екі жарым жастағы қыз баламның ВИЧ індетін жұқтырғанына Шымкент қаласындағы №6 балалар ауруханасының дәрігерлерін кінәлі деп санаймын олар түк болмағандай әлі күнге дейін жүріп жүр. Қазір дәрі алудың өзі қиын болып барады. Сондықтан маған ақша да, жер де, үй баспана да керек емес, маған керегі - олар баламды сол қалпында сау ғып қайтарсын, менің талабым осы», - дейді мұңды ана жыламсырап.

Ал ВИЧ індетін жұқтырған балалар мен олардың ата-аналарының құқығын қорғап, оларға қолдау көмек көрсету мақсатында құрылған «СПИД тен балаларды қорғайық» атты облыстық қордың атқарушы директоры Жанат Жазықбаеваның айтуынша, ата-аналар негізінде қосымша әлеуметтік жеңілдіктер, яғни арнаулы зейнетақы мен жалақыға қосымша 60 пайыздық үстемақыны өмір бойы төлеуді талап етіп отыр. Сондай-ақ облыс әкімшілігі осы ата-аналардан үй-баспанаға бірінші кезекте зәру 10 адамға үй берген, ал қалғандары да үй баспана берілуін талап етіп отыр дейді ол.

«Қазір ВИЧ індетін жұқтырған әрбір балаға ай сайын 30 мың теңге көлемінде төлем төленеді және бұған қоса емдеу тегін. Алайда бұл 30 мың теңге түкке де жетпейді, дәрінің өзін табу қиын», - дейді Жанат Жазықбаева.

Оған қоса ВИЧ індетін жұқтырған баласынан осы індеттің анасына жұққан оқиғалары да тіркелгенін айтады. Соның салдарынан күйеуі ауру баласы мен ауру әйелін тастап кеткен жайттар бар, бұл нағыз трагедиялық жағдай дейді ол.

ВИЧ індетін жұқтырған балалардың ата-аналарының осы талаптарын жергілікті билік орындары қалай орындағалы отырғанын білмек болып, облыс әкімінің әлеуметтік мәселелерді жауаптанған орынбасарының көмекшісі Роза Түгелбайқызымен хабарласқанымызда, ол кісі өзінің ақпарпат құралдарына сенбейтіндігін алға тартып, қандай да болмасын ақпарат беруден үзілді-кесілді бас тартты.

Қазіргі кезге дейін Оңтүстік Қазақстан облысында емханада ВИЧ індетін жұқтырған 145 бала анықталған, олардың 10-ы қайтыс болған, бұған қоса ВИЧ індетін жұқтырған 17 әйел тіркеуде тұр.
XS
SM
MD
LG