Accessibility links

Статистика жөніндегі мемлекеттік агенттік хабарлағандай, Қазақстанда 2008 жылдың қаңтар-маусым айларында ВИЧ дертімен 1218 адам жаңадан тіркелді. Былтыр бұл көрсеткіш 984 адам болатын.

2006 жылы Оңтүстік Қазақстан облысында адамның қорғаныс тапшылығының қоздырғышын жұқтырған адамдардың саны күрт өсіп кеткен кезде көптеген медициналық мекемелер тексерілді. Олардың бірнешеуі жабылып, қызметкерлер жұмыстан шеттетілді. Кейбіреуі қылмыстық жауапқа да тартылды.
Қан дайындаумен айналысатын мекемелердің ішінде ереже талаптарын бұзғандар анықталды. Шымкенттік Құсайын Есіркепов дерттің таралауына дәрігерлерді кінәлайды:
- Дәрігерлердің сапасы сын көтермейді, тазалық жағынан, санитарлық-эпидемиологиялық жағынан алсақ та.
Шымкенттің тағы бір тұрғыны Ержан Оспанов барлық кінәні дәрігерлерге артқан дұрыс емес деп санайды:
- Жұмыс істеп, қалыптасып келе жатқан мамандардың білімі жоғары деп ойлаймын. Ал, тазалық жағынан нашар деп айта алмаймын. Белгілі бір нормаларына сәйкес тазалықты сақтайды.
Ал, мамандығы дәрігер парламент сенатының депутаты Бексұлтан Тұтқышевтың пікірінше, бостандықта жүргендердің сыртында, Әділет министрлігінің қарауындағы түзеу мекемелерінде ВИЧ жұқтырғандар бар.
«Жазаны өтеу мекемелерінде отырғандарды қорғамасақ, олар бостандыққа шыққан соң басқа адамдарға жұқтырады, туберкулез дертіне қатысты дәл сондай жағдай болған. Ең алаңдататыны - түрмедегі мәселе. Оның ішінде нашақоры да, гомосексуалды адамдары да бар», - дейді депутат Тұтқышев.
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, бұл араласа алмайтынын, тек қана көмек көрсете алатындарын алға тартады. Ресми мәлімет бойынша, 2010 жылға дейін бұл кеселмен күрестің республикалық бағдарламасы жасалды.
Парламент сенатының депутаты Бексұлтан Тұтқышев бұл бағдарламаларды өзгерту керек және ауру болуы мүмкін адамдарды мәжбүрлеп тексеру керек деген пікір айтты:
«Қылмыстық кодекстің 116 бабына сәйкес, қорғаныс тапшылығының қоздырғышын жұқтырды деп күдіктелген адамның кінәсі дәлелденсе, ол 8 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Кезінде осы баптан қашқандықтан медициналық мекемелерге ерікті түрде қаралу жасалған. Біз қазір өз еркімізбен деп айтып жүрміз. Бірақ біз өз жағдайымызға қарап, халықаралық құжаттарда уақытша арнайы шара деген сөз болады, сол сияқты қауіпті топтағы жезөкшелерді тексеруіміз керек. Мейлі олар қаласа да, қаламаса да».
Тұтқышевтың айтуынша, Қазақстанның жақын көршілері Үндістан мен Қытайда ВИЧ жұқтырған бірнеше миллион адам бар. Сол жаққа демалуға барған қазақстандықтар індетті елге алып келуі мүмкін.

Ал, Денсаулық сақтау министрлігі кейбір қауіпті санаттағылар онсыз да мәжбүрлі түрде тексеріледі деген уәж келтіреді. Бірақ, бұл жалған ақпарат, дейді өз есімін жасырған волонтер Азаттық тілшісіне:
- Бұған дейін біз адам құқығына байланысты СПИД дертімен ауыратын адам өзі келіп қаралса ғана қаралады деген, соның кесірінен көбейіп кетті. Жаңағы жезөкшелердің бәрін апарып тексерту керек.
Дәрігерлердің дерегі бойынша, барлық науқастардың 70 пайызы індетті есірткіні тамырға егу арқылы жұқтырады екен. Парламент сенатының депутаты Бексұлтан Тұтқышев нашақорлар бір инені бірлесіп пайдаланбас үшін оларға есірткінің баламасы саналатын «метадон» препаратын берген жөн көреді.
«Әрине бұл да есірткі, бірақ басқа амал жоқ. Ол – ауру ғой. Оғанда көмектесу керек», - дейді Тұтқышев.
Астанадағы наркодиспансердің бас дәрігерінің орынбасары Гаухар Бектаева науқастардың ұлғаюына ақпарат аздығы себепкер деп есептейді:
- ВИЧ инфекциясымен ауыратындардың 80 пайызы - нашақорлар. Өйткені, алдын-алу шаралары дұрыс жүргізілмейді. Аурулар біледі, кейбіреуі білмейді, біле тұра бір шприцпен егіледі немесе қазір аурудың бірінші қатарда жыныстық қатынас арқылы жұғатыны белгілі болып отыр.
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, Қазақстанда жыныстық жолмен ВИЧ жұқтырғандар саны өсіп келеді, республика бойынша ВИЧ таралу көрсеткіші бойынша Алматы қаласы бірінші боп тұр. Әсіресе, жыныстық жолмен жұқтырғандар көбейіп барады.
Ресми деректер елде 7-8 мың науқас бар десе, ресми емес мәліметтерде олардың саны 25 мыңнан асады деп жорамалданып отыр.
XS
SM
MD
LG