Accessibility links

Борышкерлер енді АТФ банкінің алдына келді


АТФ Банк борышкерлері несиені қайтару мерзіміне мораторий белгілеуді талап етіп пикет өткізді. Алматы, 30 қазан 2008 ж.

АТФ Банк борышкерлері несиені қайтару мерзіміне мораторий белгілеуді талап етіп пикет өткізді. Алматы, 30 қазан 2008 ж.

«Халыққа баспана қалсын» қозғалысы қазақстандық банктерге қарсы наразылық акциясын жалғастыруда. Олар бүгін АТФ банкінің алдына жиналып, оның басшылығымен кездесті.

Аталған банктің басқарма директоры Шухрат Садыров қоғамдық қозғалыстың жетекшілері мен мүшелері талап етіп отырған кейбір мәселелерді шешуге уәде берді.

АТФ Банктің атқарушы директоры Шухрат Садыров пикетшілердің талабын орындауға келісті. Алматы, 30 қазан 2008 ж.
Наразылық білдіргендердің көбісі АТФ банкінің алдына ұрандар жазылған күртешелер киіп шықты. Ол жерде құқық қорғау органдарының қызметкерлері де болды. Олар наразылық танытушыларға өктемдік көрсетпесе де, қоғамдық қозғалыстың белсенділері мен мүшелерінен жазуы бар күртешелерді шешіп тастауды талап етті. Полицейлер мен прокуратура қызметкерлері айтқанға көнбеген жағдайда бұл акцияны рұқсат етілмеген митинг ретінде бағалап, жиналғандарды уақытынан бұрын тарқатуға мәжбүр болатындығын түсіндірді. Бұл ескертуден соң, борышкерлердің барлығы жазу бар күртешелерін шешіп тастады.
Бүгін «Халыққа баспана қалсын» қозғалысы кезекті рет өздерінің көздеген мақсатына жетті деп айтса да болады. Бұлай айтып жатқан себебіміз, 85 пайыз акциясы итальяндық Uniсredit деп аталатын қаржылық тобының еншісіндегі АТФ банкінің басшылары борышкер халықтың алдына шығып, кейбір мәселелер бойынша жеңілдік жасайтындықтарын айтты.
АТФ Банк ғимаратының алдына наразылық пикетін өткізуге жиналғандар. Алматы, 30 қазан 2008 ж.
Қоғамдық қозғалыстың 10 адамнан тұратын бастамашы тобы банктің басқарма директоры Шухрат Садыровпен келіссөз жүргізді. Банк кеңсесінің ішінде бас қосқан екі тараптың арасында ешқандай түсінбестік болған жоқ. Шухрат Садыров қозғалыс жетекшілері мен оның мүшелеріне банк тарапынан елеулі көмектер болатындығын айтты. Сондай-ақ, ол қозғалысқа мүше 20 адамның банк алдындағы төленуі тиіс қарызын 6 айға шегеретіндігін жеткізді. Сонымен қатар, «егер де әлемдік қаржы дағдарысы одан әрі созылатын болса, бұл мерзім тағы да ұзартылады» -деді ол. Ш.Садыровтың сөзіне қарағанда, әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға банк тарапынан жеңілдік беретін арнайы бағдарлама іске қосылған.
Банктің алдында жиналған қауым бұл жаңалыққа қуанып қалды. «Халыққа баспана қалсын» қозғалысының тізімінде 12 банктің аты бар. Бүгін олар соның төртіншісінің алдына барып, өздерінің көздеген мақсаттарына қол жеткізді. Қозғалыс жетекшілері мен оның мүшелері бұл акцияның жалғасы бесінші банктің алдында өтетіндігін айтты. АТФ банкінің алдынан шыққан 100-ге жуық борышкер түске дейін «Центр Кредит Банкінің» алдына барып, оның басшыларымен кездесуді талап етуге уағдаласты.

АТФ Банкке борышкерлердің талаппен келуінен түсірілген видеоны қараңыз:

XS
SM
MD
LG