Accessibility links

Қазақстанда бір топ зиялы виртуалды партия құрды


Қанат Ибрагимов (оң жақта) журналистерді қолдау акцияларының бірінде. Алматы, 24 маусым 2009 жыл

Қанат Ибрагимов (оң жақта) журналистерді қолдау акцияларының бірінде. Алматы, 24 маусым 2009 жыл

«Барлық саяси партиялар абыройдан жұрдай болды» деп санайтын елдің бір топ зиялы қауым өкілдері «виртуалды партия» құрды. Әлі тіркеліп үлгермеген бұл партия – зиялы қауымның бейбіт бастамасы. Әзірге жеті адамның басын қосқан бұл партияның мүшелері саясатқа араласпаймыз деп отыр.


"ТОБЫР БОЛУДАН ШАРШАҒАНДАР ҮШІН"

Шілденің 29-ы бір топ зиялы қауым өкілдері өздерінің Виртуалды партия құратындықтары тұралы мәлімдеп, үндеу хат жариялады.

«Кімбіз? Кім едік? Кім болмақпыз? Осы сұрақтарға жауап беретін кез келді. Достар, біз тобыр болудан шаршағандарға үндеу жолдаймыз. Әрине енжар күймен үйде отырып билікті сынап-мінеп, өмірді зая қыла беруге болады. Бірақ, рухани белсіздіктен гөрі биігірек деңгейге ұмтылғымыз келеді-ақ. Бірақ не істеу керек? Түрмеге түскіміз келмейді. Алаңға шыға бергеннен және пайда жоқ. Біздің оппозицияға қосылу – сүйекке таңба. Міне, сондықтан біз – ВИРТУАЛДЫ ПАРТИЯ құруды ұйғардық», - делінген үндеуде.

«Соңғы жиырма жылда өзіне тиесілі ресурстарға, зауыттар мен фабрикаларға, ауылдар мен жерлерге иелік еткен білімді әрі білікті қазақстандықтар ұлтынан айырылдық». Партия мүшелері қоғамда өздерін мазалайтын мәселелерді ашық айтудың бірден-бір жолы осы екендігін айтып отыр.

Әзірге виртуалды партияда жеті-ақ адам бар. Олар суретшілер Қанат Ибрагимов, Сакен Бектияров, «Әлем Арт» қорының төрағасы Данияр Шабдікәрімов, журналист Карлығаш Еженова, режиссер Болат Атабаев, дизайнер Нұрлан Төреханов, сарапшы Асыл Абдулов.

БЕЙБІТ БАСТАМА

Сөйтіп қазақстандық журналистер, режиссерлер мен өнер адамдары бірігіп, елдегі алғашқы Виртуалды партия құру ниеттерін мәлімдеді. Шілденің 29-ы жарияланған үндеу хатта, партияның ауылы саясаттан алыс болатындығы айтылған.

- Біздің елде саяси қызметтің барлық түрі өзінің шарасыздығын көрсетті, абыройдан айырылды. Елдегі оппозиция, ұлт-патриоттары, революционерлер, барлығы да өздерінің жоғарыдан басқырылатындығын байқатып, көпшіліктің көңілінен шақпай отыр. Сондықтан көзқарас білдірудің қазіргі таңда ең әмбебап әрі қауіпсіз тілі – ол интернеттің тілі, - дейді суретші Қанат Ибрагимов.

- Қазір техниканың дамыған уақытында интернетті пайдаланушылар жетеді. Олар өз пікірін еркін жеткізе алады. Сондықтан виртуалды партия – адамдардың көзқарасын білдіретін ерікті әрі саяси емес қадам, - дейді Азаттық радиосына сұхбат берген суретші Ибрагимов.

"МИТИНГ, ШЕРУ ҰЙЫМДАСТЫРМАЙМЫЗ"

Виртуалды партияның өзгелерден ерекшелігі – ешқандай қысым көрсетілмейді. Және партияда саясат талқыға салынатын ең соңғы тақырыптардың бірі болмақ.

- Біздің виртуалды партиядағы адамдардың барлығы шығармашылық адамдары. Сондықтан біз өзімізді мазалап жүрген жайттарды қозғайтын боламыз. Алдымен – мәдениет, екінші орында – экономика және соңғысы саясат болады. Бұл әлемдік тәжірибе, әр ірі мемлекеттің тарихын алсаңыз алдымен міндетті түрде мәдениетке басымдылық беріледі. Біз де осы салада өз жұмысымызды жүргізбекпіз. Өз іс-қимылдарымызды Қазақстанның заңдарының аясында жүзеге асыруды көздеп отырмыз. Сондықтан ешқандай митинг пен наразылық шарасын біздің партия ұйымдастырмайды, - дейді суретші.

Қазақстанда алғаш пайда болған виртуалды партияның әзірге ешқандай жарғысы мен бағдарламасы жоқ. Олар бұл туралы барша қазақстандықтардың пікірін білгісі келеді.

Осы мақсатта партия мүшелері күздің алғашқы айларында партияның ресми сайтын іске қосуды көздеп отыр. Сол сайт арқылы партияға мүше боламын деушілер жаңа партияның мақсат-міндетін қалыптастыруға көмектеседі. Бұл үшін ұйымдастырушылар ғаламтордағы барлық әлеуметтік желілермен бірлесе жұмыс істейтіндігін айтады.

Дегенмен, әзірге зиялы қауым өкілдері өздерінің бірқатар ұсыныстарын көпшілік талқысына салып отыр. Алғашқысы, алыс-жақын шет елдегі қазақтың тарихи құндылықтарын елге қайтару. Екіншіден, осы мақсатта барлық қазақстандық инвесторларды біріктіру. Және соңғысы биліктен ашық болуды талап ету.

- Партияны ұйымдастырушылардың түгелі өнер адамдары. Бізде партияны қамтамасыз ететін қаржы әрине жоқ. Сондықтан партияға мүшелікке кіретіндерден 700 теңгеден жарна төлегені дұрыс деген шешімге келдік, - дейді партия мүшелерінің бірі, «Әлем Арт» қорының бұрынғы президенті Данияр Шабдикәрімов.
  • 16x9 Image

    Мәншүк АСАУТАЙ

    1980 жылы туған. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін бітірген.

    Қарағанды қаласындағы жергілікті телеарнада қызмет еткен. 2004 жылдан бері Азаттықтың тілшісі. 

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG