Accessibility links

Темір таяғы тебендей, темір етігі теңгедей болған көштің зары


Жақында Алматыда жазушы Жәди Шәкенұлының «Қаралы көш» («Тұран» баспасы, 2010 жыл) атты тарихи-көркем романының тұсаукесері болды. Бұл кітап 1952-54 жылдары қазақтың Түркияға ауған сапарын баян қылады. Алтай қазақтарының Тибет пен Такламаканды кесіп өтіп, Гималай асқан азапты жолы шынайы суреттелген.


1938 жылы Қытайдың Шыңжаң өлкесінен ауған қазақтар Тибет, Такламаканды басып өтіп, Гималайдың күн сүйген жоталарын асып, Үндістан, Пәкістанға жетіп, онда оншақты жыл өмірін өткізіп, 1953 жылы Түркияға жеткен болатын. Көш куәгерлерінің айтуынша, Алтайдан басталған сол көште ту баста 18000 адам болса, Түркияға небәрі 1500 адам жеткен екен.

«ШЫНАЙЫ ШЫНДЫҚТЫҢ ШЫРАЙЫН АШТЫМ»

Қазақтың қилы тарихы бүгінде қарапайым көпшіліктің санасына әлі толық жете қойған жоқ. Әсіресе, төрткүл дүниеге таралған шеттегі қазақтың басынан кешкендері жайлы тым сараң айтылады. «Қаралы көш» кітабы туралы авторы Жәди Шәкенұлы кітаптың жазылу туралы былай баяндайды:

- Қазақтың «Елім-айлап» өткен тарихынан таратып, қандыбалақ ақтабан шұбырынды болған кездері аз емес. Соның бір тарауы және қанды парағы – халықтың Алтайдан Анадолыға дейін босқан қанды тарихы, яғни бүгінгі Еуропа қазақтарын қалыптастыруға себепкер болған 1930-1940 жылдар аралығындағы шыңшысайлық қырғын салдарынан Гималай асып, Такламаканды кесіп өтіп, Алтайдан Анадолыға дейін босқын болған халықтың тарихы. Бұл әдебиетімізде бұған дейін көбірек айтылып жүрген тақырып болғанымен, деректі тарихи әдебиет ретінде ғана айтылып келді, ал көркем әдебиет өзегіне айнала алған жоқ. Сондықтан да, сол көш жолында жүріп өткен бабаларымыздың рухы болашақ жастарымызға дарысын деген ниетпен, Алтайдан ауған елдің тарихын әдеби көркем шығармаға айналдырған едім. Бұл роман өте ірі оқиғаны қамтыған. Тарихи роман, тарихи роман болғандықтан, тарихи деректерге, сол кезеңдегі шындыққа құрмет етілді. Соның ішінде, сол заманда көш бастаған батыр – «Ел бастаған Елсіхан» деген бала күнімізде жадымызда жатталып қалған еді. Сол Елсіхан Әліпұлы 24 жасында көшті бастап шығып, 35 жасында Пәкістан топырағында қаза болады. Сол 11 жыл ішіндегі қанды қырғында 8 мыңға жуық адам қаза болады. Сол кісінің бет бейнесі сомдауға көбірек күш салдым.

- Кітапты жазу барысында кімдермен тілдестіңіз? Кімдердің дерегіне сүйендіңіз?

- Кітапты жазу барысында осы көш жүріп өткен жерлерде болдым. Көш алғаш басталған Қытайдың Шыңжаң өңіріндегі Алтай, Баркөл сахарасын, Бәйтік, Қабтық тауларын аралап, көзі тірі қариялармен сөйлестім. Әрі осы тақырыпта жарық көрген жазбаларды – Шәміс Құмарұлы, Сағатхан Таңқай, Саяхат Мейрімхан сияқты қаламгерлердің сол жақта жарық көрген шығармаларымен, Сүлеймен Дәрібайұлы, Қапас Қошу секілді ақындардың жыр-дастандарымен таныстым.

Сонымен қатар, кезінде сол көшке бастан-аяқ қатысқан, бүгінде Анкара, Стамбул, Измир қалаларында тұратын көптеген қарияларға кездестім. Соның ішінде осы көш кейіпкерінің немере інісі Әтейхан Білгін бүгінде 89 жаста екен. Ол Измирге қарасты Алтайкөй ауылында тұрады. Сол кісіден көбірек дерек алдым. Сонымен қатар, бұған дейін жарық көрген көш куәгерлері Халифа Алтай, Дәлелхан Жаналтай, Хасан Оралтайлардың жазғандарымен де жіті таныстым. Жалпы бұл еңбек үш жылдық ізденістің нәтижесі.

- Кітабыңыз бұған дейінгі жарық көрген осы тақырыптағы кітаптардан несімен ерекшеленеді?

- Бұл кітапта ешқандай саяси бұрмалау жоқ. Жүрегінің әмірінсіз, ешкімге бағынышсыз, таза шынайы деректерге құрылған.Өйткені, Қытайдағы қазақтар әлі де империяның бұғауында отырғандықтан, саясаттың салқынынан қашып құтыла алмайды. Ал, біздің Кеңестік дәуірде сөз қозғаған ағайындар да сол шеңберден шыға алмағандығы анық. Меніңше, бұл кітапта осы шеңбердің бәрі бұзылып, нақтылы жағдайға құрмет етілді.

Кітаптың алғашқы оқырманы, редакторы, «Жас қазақ үні газетінің» бас редакторы Өмірзақ Ақжігіт кітаптың оқиғасының ерекшелігін сөз етті:

- Бұл кітаптың тақырыбы Қазақстанның халқы үшін өте тың тақырып. Сондай оқиға болды дегенді үзіп жұлып естігендері болмаса, халық, оқырман нақты жағдаймен таныс емес. Бұл жайында Хасан Оралтай ағамыздың «Елім-айлап өткен өмір» атты кітабында егжей тегжейлі жазылған. Бірақ, онда олардың соғысы, жүріп өткен жолы толығымен суреттелмеген. Ал бұл кітапта олардың әрбір күні, әрбір соғысы, жүріп өткен жолы сөз болады. Тақырыбы әрі сүбелі, әрі өзекті. Жалпы, Қытай мен Моңғолиядан келген қазақтарда қазақтың шұрайлы тілі сақталған ғой. Тілі оқуға жеңіл, көркем. Автордың тарихи деректерді іздестіруде өте көп ізденгендігі байқалады. Егер, бұл тарихи деректерді игермеген адам болса, кітапты игеріп әкетуі де екіталай болар еді.

1500 АДАМ 20 МЫҢҒА ЖЕТТІ

Алтайдан ауған елдің көші Үндістан мен Пәкістанға және Түркияға үш бөлініп жеткен еді. Осы көште болған үш адам кітаптың тұсаукесеріне қатысқан екен. Іркітбай Шыңғысханұлы Алтайдағы көш басталғанда 12-13-тегі бала болған екен. Бүгінде 86 жасқа келген қария Германияның Кельн қаласында тұрады зейнетте. Кезінде «Ford» машина зауытында жұмыс істеген:

- Көш басталғанда, мен 13 жаста едім. 1938 жылы Баркөлден шығып, дүңгенге бардық, Ғасылың жеріне. Шамасы жеті мыңдай адам едік. Бұл Алмания мен Үндістанның соғысып жатқан заманы. Ол жерде бір жыл тұрдық. Елісхан, Қожақынмен бірге жүрдік. Бір жылдан кейін артымыздан қуған жау тағы да басып қалды. Әйтеуір қашып әрең құтылдық. Сөйтіп Тибет жеріне бардық. Онда да күн болмады. Соғысып-моғысып жүріп, Пәкістанға жеттік. Жеті мың адамнан үш мыңдай адам қалды. Пәкістанның үкімет басшысы ағылшын екен. 1945 жылы Пәкістан мен Үндістан екіге жарылды. Біздің қолымызда ағылшындардың қағазы қалды. Біз өзімізді босқын ретінде қабылдауларын өтініп үш тарапқа хат жаздық. Ол – Америка, Арабстан және Түркия. Арамызда кейбіреулеріміз Қытай елшілігіне барып, көмектесуін де өтінген екен. Қытай келген жерлеріңе қайтыңдар, сол жақта көмектесеміз депті. Алдында көштің біраз адамдары Алтай, Баркөлге қайта барып, Қытайдың оларды қырып тастағанын естігеміз. Сосын қайтуға құлықты бола қоймадық. Екі жылдан кейін Америкадан біздің өтінішімізге құлақ асып, қабылдап алмақ болғандығын айтып хат келді. Одан көп ұзамай Түркиядан да хабар келді. Біз сөйтіп 1953 Түркияға жеттік. 1964 жылы Германия түрік жұмысшыларын қабылдап жатыр дегенді естіп, Германияға аттандық. Қазір Кельнде 34 қазақ отбасы бар, - дейді Іркітбай Шыңғысханұлы.

Көштің алғашқы легінде болған Құсайын тайжының баласы Мансұр тайж Шынхай жерінде 1943 жылы өмір есігін ашқан екен. Мансұр Тайж көш Пәкістанға жеткенде 3500-дей адам болған дейді.

- Осы жолда Пәкістанға жеткеннен кейін, өкінішке қарай, көш бастаған Елсіхан батыр сары сүзектен қаза табады. Бұл кісілердің қоныс аударған мекені – Алтай, жазда 20-25 градус ғана ыстық болатын жер. Ал Үндістан, Пәкістандағы ауа райы өздеріңізге белгілі. Температура 38-40 градусқа дейін жетеді. Халықтың көбі сары сүзектен қырылды. Сөйтіп, екі жылдың ішінде 3500 мың адамнан, 1500 адам ғана аман қалды.

Бұл көш үш лекке бөлінген. Бірінші бөлімі – Елсіхан батыр бастаған, екінші бөлімін Зуха батыр қажының баласы Солтаншәріп бастаған, Құсайын тайж елдің бір бөлегін алып Гаскөл деген жерге кетті. Ал, төртінші бөлімі – екі жылдай сандалып, кейін Баркөл, Шонжы, Нориға қайтып кетті. 1950 жылдың соңына қарай Солтаншәріп, Құсайын тайж бастаған көш Гималайдың солтүстігінен Тибет заңғарынан асып, 1951 жылы Кашмир өлкесіне табан тіредік. 1952 жылы 20 үй 101 кісі Түркияға алғаш қоныс аударған едік, -дейді Мансұр тайж.

Қазақстанға Қаражорға биін алып келген, Алтайда туып, Түркияда өсіп, Германияда қызмет еткен, бүгінде Алматы маңында Райымбек ауылының тұрғыны Арыстан қажы Зуха ұлы 1951жылы өз ауылы алтайдан қозғалғанда, 10 жастағы бала болғандығын айтады. Солтаншәріп Зухаұлы бастаған бұл көшке жолда Оспан батырдың қосыны келіп қосылған екен. Алайда Оспан батыр Гансу өлкесінде қалып қояды екен. Ал, көп ұзамай Оспан батырдың көшін Қытай әскерлері басып қалыпты.

1938 жылы Алтайдан ауып, Гансу, Шынхай өлкелерін қонақтап, Тибет, Гималайды басып өтіп, Үндістан мен Пәкістанға аз тұрақтап, Түркияға жетіп, бүгінде Еуропаның 10 қаласында өмір сүріп жатыр. Шамамен Түркия мен Еуропада 20 мыңдай қазақ бар.
XS
SM
MD
LG