Accessibility links

Сенбілік басылымдарда ұлы Абайдың туған күніне, Бейжіңдегі олимпиадаға және ҚТЖ-ның бұрынғы басшысы Жақсыбек Күлекеевке байланысты мақалалар жарық көріпті.

Ертең, яғни тамыздың 10-ы - ұлы Абайдың туған күні. Осы айтулы күнге кейбір қазақ басылымдары айрықша тоқталыпты.

Анау бір жылдары Абай апиыншы болыпты деп өсек шығарып, соны баспасөз бетіне жариялаған әдебиетшілерді көргенде жағасын ұстағанын жазады, «Алматы ақшамы» газетінде жарық көрген мақаласында ақын Нұржан Қуантайұлы. Мақала авторының айтуынша, мұндай негізсіз сөздер Абай өмірін, Абай өскен ортаны, ең бастысы Абай шығармашылығын білмегендіктен, ұқпағандықтан туады. Сондай-ақ Нұржан Қуантайұлы өз мақаласында Мұхтар Әуезовтің көзі жұмыла салысымен сабақ кестесінен алынып тасталған абайтану пәнін әл-Фараби есімін алған Қазақ университетінде қайта енгізу қажеттігін сөз қылыпты.

«Айқын» газетіне сұхбат берген абайтанушы-ғалым Жабал Шойынбет әлі күнге шейін Қазақстанда «Абайтану» деген оқулықтың жоқ екеніне қынжылыс білдіріпті.


- Егер біз Абайдың «толық адамын» имани гүлін ашып бергенде, қандастарымыз секталарға көзсіз ілесіп кетпеген болар еді. Ең ұяты және масқара болғанда «Абайтану» деген ұлттық рухқа және жастар санасына өте қауіпті кітапты кришнаиттық көзқарастағы жат ағымдар қазақша шығарып, мектеп оқулығына енгізіп жіберді. Ол мектеп бағдарламасында төрт жыл жүріп, ақыры алдыртып тастадық - дейді ғалым, газет тілшісі Төреғали Тәшеновке берген сұхбатында.


Бірінші бетіне Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың екі бірдей суретін жариялаған «Егемен Қазақстан» басылымынан ұлы Абайдың туған күніне орай жазылған бірде-бір мақаланы көзіміз шалмады. Негізінен бұл басылымда «Кездесу қорытындылары үміттендіреді», «Индустриялық инновациялық даму», «Мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіру –заман талабы» т.с.с. мақалалар жарияланыпты.

Орыс тілінде шығатын «Литер», «Казахстанская правда» және «Вечерний Алматы» басылымдары Бейжіңде өтетін олимпиада тақырыбына баса назар аударыпты.

- Прокуратура мен қаржы полициясының өкілдері ең алдымен мені хабардар етуі тиіс болса да, Жақсыбек Күлекеевке байланысты қозғалған қылмыстық іске қатысты барлық ақпараттардан мен тек сіздерің газеттеріңіз арқылы құлағдар болып жатамын, - деп сұхбат беріпті «Время» басылымының тілшісі Дилярам Аркинге ҚТЖ компаниясының бұрынғы басшысының адвокаты Сәлімжан Мусин.

Адвокаттың айтуына қарағанда Жақсыбек Күлекеевке физикалық тұрғыдан ғана емес, сонымен қатар психологиялық қысым да жасалып жатқан көрінеді. Дәл қазіргі уақытта Күлекеевтің камерасына бұрын-соңды сотталған адамдарды отырғызып қойған екен. Мұның заңға қайшы келетіндігін тілге тиек еткен адвокат, Қаржы полициясының өкілі Болат Жүсіповтың «бұл іске Күлекеевтің қылмысын арнайы техника арқылы түсіріп алынған аудио-видеожазбалар тіркелген» деген сыңайдағы айыптауларының шындыққа үйлеспейтіндігін ескеріпті.

XS
SM
MD
LG