Accessibility links

Ұлы ақын, әрі философ, аудармашы, сазгер Шәкәрім Құдайбердіұлының туғанына 150 жыл толуына орай туған өлкесі Семейде той өткен болатын. Мерейтой аясында Шәкәрім қажының әдеби шығармалары қайта басылып жарық көрді. Алайда, биыл баспа бетін көрген және бұған дейін де шығарылған кітаптары ақын-жазушылардың көңілінен шықпай отыр.

Сатирик жазушы Ғаббас Қабышұлы:

— Мұндай тойдың бәрі желпініспен, даңғазамен өтеді. Оны айтып та, жазып та жүрміз. Бірақ тойшылдар оған құлақ асатын кейіп танытпайды. Шәкәрімнің Семейдегі тойы қалай өткенін қайдам, кеше Алматыдағы Ғабит Мүсірепов атындағы балалар мен жасөпірімдер театрында өткен кешке қатыстым. Сұлу баяндама жасалды. Сұлу сөздер сөйленді. Осының бәрін көріп отырып Шәкәрімнің шығармаларына иелік, жанашырлық ететін адамның болмағанына көзім жетті. Мысалы, Шәкәрім ақталғаннан кейін 1988 жылы «Жазушы» баспасынан Шәкәрім шығармаларының жинағы жарық көрді. Бірақ, ол кісі көзінің тірісінде 1912 жылы «Қазақ айнасы» деген кітабын шығарғаны белгілі. «Жазушы» баспасы осы кітаптың негізінде жинақтап шығарған болар деп едім, олай болмай шықты. Кітап шығысымен, абайтанушы Қайым Мұхамедхан «Мұндай кітаптың шыққанынан шықпағаны жақсы еді» деген сыңайда сын мақала жазды. Одан кейін Мұхтар Мағауин де ащы сынға толы мақала бастырды. Бірақ, айтылған сынға құлақ асқан жан болмады. Әлгі кітаптың ішінде қажының дінге байланысты сөздері түгелге жуық алынып тасталған және бір өлеңін бірнешеге бөліп жіберген немесе бірнеше өлеңді біріктіріп жіберген, кейбір өлеңдердің жартысы жоқ. Сөйтіп біз, Абайдан кейінгі ұлы ақын атамызды атеист етіп шығардық. Роллан Сейсенбаев бас болып шығарған соңғы кітаптарда да о бастағы қателік мүлдем түзетілмеген қалпы жүр.

Әдеби мұраның мұндай күйге түсуіне қазақ зиялыларының да зияны болғанға ұқсайды.

— Біздің қазақ зиялыларының мұндай ұлттық әдеби мұраларымызға болмаса басқа да ұлттық мәселелерге үн қатып, қыбыр етпейтін себебі олардың басым көпшілігі өзімшілдіктің құрбанына айналған. Қайда барса да өзін айтудан бір жалықпайды. Бірі сыйлық алып, мерейі өсіп жатса, бірі мен неге алмаймын деп әлгінің үстінен арыз жазып жатады. Бұған Жазушылар Одағында 30 жыл қызмет істеген кезімде көзім әбден жеткен. Міне, осындай кертартпа мінездің, бір жағынан даңғаза, дақпырттың кесірінен қажының шығармалары жұлым-жұлым болып жарық көріп жатыр. Оған бас ауыртып, балтыр сыздатып отырған ешкім жоқ – дейді Ғаббас Қабышұлы.

Соңғы кітапқа енген шығармалар Шәкәрімнің жас кезіндегі өлеңдері екен. Сондықтан Шәкәрім қажының өлеңдерін жазылған жылдарына қарай қайта зерттеу керек дейді ақын Дәулетбек Байтұрсынұлы:

— 2008 жылы шыққан кітап та бұрынғы жарық көрген кітаптан көшіріліп басылғаны көрініп тұр. Бұрынғысы сол 1988 жылы шыққан кітабы ғой. Ол кітаптың цензураға түскені байқалып тұр. Тек биыл Ермек деген жас ғалымның құрастыруымен «Иманым» деген кітап жарыққа шықты. Міне, осы кітап қажының кемеліне келіп, толысқан шағындағы жырлары екені көрініп тұр. Оның алдындағы кітаптарда махаббат, азаматтық, пендәуилік тұрғысындағы өлеңдері құрастылған еді.

Дегенмен ғалымдар Шәкәрімнің ақталғаннан кейінгі шыққан алғашқы кітабы цензураға ұшыраған дейді.

Мұхтар Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының аға ғылыми қызметкері Ақеділ Тойшанұлы:

— Ол кезде Колбиннің билігі еді ғой. Сондықтан әрең ақтап алып отырғанда тағы да діншіл, ұлтшыл деген әңгіме бұрқ ете қалмасын деп, біраз түзетулер енгізген ғой. Кейін Мұхтар Мағауин өзі бас болып тағы бір кітабын шығарды. Шәкәрім мұраларын жинақтаған кітаптардың ішіндегі ең тәуірі осы кітап. Ал Шәкәрімді ақтау ол кенеттен басталған іс емес. Табиғи түрде жалғасын тапқан шара. 1935 жылы Сәкен Сейфуллин Шәкәрімнің поэмасын газетке басқан. Міне сол кездің өзінде Шәкәрімді ақтауға талпыныс басталған деуге болады. Одан кейін қазақ зиялыларының атсалысуымен ақталды ғой. Шәкәрім шығармалары жүйелі әрі жақсы сақталған. Сонымен бірге, халыққа жетіп те жатыр. Шығармаларының түпнұсқасы Әдебиет және өнер институтының қолжазба қорында сақтаулы.

Қалай болғанда да, қазақ зиялыларының арасында Шәкәрім қажының сүйегі 30 жыл бойы Құрқұдықтың түбінде жатуы — ұлт үшін үлкен сын әрі намыс пен ұяттың ісі болғаны әлі күнге дейін жиі айтылады.
XS
SM
MD
LG