Accessibility links

Абай сияқты, Герольд Бельгерге де Қазақстанның болашағы бұлыңғыр


Жазушы Герольд Бельгер. Алматы, 8 тамыз 2009 жыл

Жазушы Герольд Бельгер. Алматы, 8 тамыз 2009 жыл

Егер ол біздің заманымыз болып шықса, бүгінгі билік пен қазақ зиялылары ойшыл, дана ақын Абайға қалай қарар еді? Біздің тілшіміз осы және өзге де мәселелер жөнінде прозашы, аудармашы Герольд Бельгермен әңгімелеседі.

Абайдың туған күні қарсаңында Азаттық радиосының тілшісі қазақстандық белгілі прозашы және аудармашы, ұлы Абайдың шығармашылығы жөніндегі бірқатар зерттеулердің ауторы Герольд Бельгермен кездесіп, оған сауалдар қойған еді.

АҚЫН ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫНА ТӘНТІ АДАМ

- Бельгер мырза, сіз Абай шығармашылығын бір адамдай білетін адам және оның насихатшысы ретінде, бүгінгі күн тұрғысынан алып қарағанда оның тұлғасы жайында не айтар едіңіз?

- Қазақ ауылында өсіп, қазақтармен аралас-құралас болғандықтан, мен ұлы Абайдың тұлғасы жайында қалай болса солай айта салғым келмейді. Сондықтан, мен әңгімені әріден бастағалы отырмын.

Мен алғаш рет Абай шығармашылығымен ауыл мектебінде 4 сыныпта оқып жүргенде таныстым. Оның «Қыс» деген өлеңін жатқа айтқан қыстың сол бір күні әлі есімде. Ауылда Ермек Қонарбаев деген әнші бар еді. Сол кісі Абайдың «Қараңғы түнде тау қалғып» деген әнін өте керемет айтатын. 9 сыныпта жүргенде, кенеттен, бұл Абай аударған Лермонтовтың «Горные вершины спят во тьме ночной» деген өлеңі екендігін білдім. Ал, Лермонтов болса, өз кезегінде, бұл өлеңді Гетеден алған болып шықты. Мен бұл жайында кешірек білдім.

Сол кезден бастап Абайға жақындап, оның шығармашылығы жайында төрт кітап жазып, алты жинақ құрастырдым. Мен үшін Абай – дана, ақын, философ, жаныма өте жақын адам.

Өмірдегі басты мақсатымның бірі Германияда Абай шығармашылығын насихаттау болды. Мен неміс болғандықтан, неміс тілін білемін, Германияда байланыстарым бар. Сондықтан, мұндай мүмкіндікті жібергім келмеді.

Сөйтіп, Кельнде аудармашы Леонард Кошут екеуіміз бірігіп Абайдың кітапшасын шығардық. Бір сөзбен айтқанда, мен Абайды неміс тілінде де, орыс тілінде де, шамам келгенінше қазақша да насихаттаймын.

АБАЙ БҮГІНГІ ҚАЗАҚСТАНДЫҚТАРДЫҢ КӨПШІЛІГІНЕН АРТЫҚ ЗАМАНДАСЫМЫЗ

- Енді сізді абайтанушы десек бола ма?

- Ешқашан да. Абайды насихаттауға байланысты менің қарапайым еңбегімді көптеген қазақстандықтар жоғары бағалағанымен, мен өзімді Абайды сүйіп оқып, оның шығармашылығына тәнті болушылардың қатарына жатқызамын.

Қазіргі заман тұрғысынан қарағандағы Абай шығармашылығы мәселесіне келсек, менің ойымша Абай нағыз бүгінгі заманның ойшылы, ақыны, рухани ақылшысы. Бір қуаныштысы, бүгінде біз Абайды аз шығарып жатқан жоқпыз. Бірақ, өкінішке қарай, оны жақсы білмейміз. Тіпті, мүлде жаман білеміз десек те болады. Немесе былай айтсақ болады: оның шығармашылығының бетін ғана қалқып, тереңіне сүңги алмай жатырмыз. Неге бұлай деп отырғанымды түсіндірейін.

Анау жоғарыда отырған біздің депутаттарға, министрлерге қараңызшы. Сіз олардың арасынан әлдебіреулерінің , қашан болсын, Абайдың сөздерінен цитата келтіріп, оған сілтеме жасағанын байқадыңыз ба? Ендеше, дәл осы қоғамымыздың кемшіліктерін, қышыған жерін дәл табатын оның дана сөздерін, мықты өлеңдерін айтып біз не үшін мақтанамыз? Және оның әрбір әшкерелеуші сөзі, құдай-ау, дәл бүгінгі күнге арналып жазылғандай емес пе?

Мен Ресейде не үшін Салтыков-Щедрин жайында көп айтпайтындығына таң қалатынмын. Кейін түсіндім. Оның жауабы оп-оңай. Өйткені, осыдан 150 жыл бұрын Салтыков-Щедрин жазған мәселелер дәл қазір де сол зәру күйінде тұр. Бұл жоғарыдағы әлдебіреулердің жүйкесіне тиеді, оның айтқандарынан әлдебіреулер өздерін жайсыз сезінеді. Бұны Абай да жақсы түсінген. Өйткені олар қоғамның бітеу жарасын ашады. Міне біз бүгінде Абайдан не үшін қорқамыз?! Өйткені, ол пікір айтқанда аямайды.

Абайдың ұлылығының өзі сонда, ол өз халқы жайында көңілге қарамастан, өтірік жақсы атанғысы келмей, ашық, аяусыз айтқан адам. Оның осы ащы айтқан сөздерінің өзінен халқына деген махаббатын тануға болады. «Мен отанымды, өзгеше, түсініксіз махаббатпен сүйемін» деген Лермонтов сөзі Абайға да тән. Қазақтарды оның жақсы көргені соншалық, оның барлық кемшіліктерін аяусыз әшкереледі.

Алматы қаласындағы Абай Құнанбаевтың ескерткіші.
«Хабар» телеарнасын көріп, «Казахстанская правда» газетін оқысақ, сыпыра мақтану мен лепірме сөздерден басың айналады. Осы айтылып жатқанның барлығын өмірде неге байқамайтындығыңа қайран қаласың. Олардың айтуларына қарағанда Қазақстанның керемет табыстарға жеткендігі сондай, америкалықтар, жапондар мен шведтерге бізге қызыға да қызғана қарайтын уақыт болып қалыпты. Ал, азиялықтар, латынамерикасы мен африкалықтар қызғаныштан жарылып өлсе де болады.

Ал, менің ойымша, осы бос сандырақтардың орнына нөмір сайын Абайдың қара сөздерінен үзінділер беріп отырса, анағұрлым пайдалырақ болар еді. Бұл қоғамға көбірек пайда берген болар еді. Міне, сондықтан, Абай бізге керек. Ол – біздің замандасымыз. Тіпті ол бізге қарағанда заманға анағұрлым жақын адам.

АБАЙ «НҰР ОТАН» ПАРТИЯСЫНА ДА, ЖАЗУШЫЛАР ОДАҒЫНА ДА КІРМЕГЕН БОЛАР ЕДІ

- Демек, Абайдың осыдан жүз жылдан астам бұрын жазған сыны мен әшкерелеуші жазбалары бүгінгі күні де маңызын жоғалтпағаны ғой?

- Сөзсіз солай. Ол мақтангершілігі, көпірме сөзі үшін адамдарды сынағанда бұл сөзі ең алдымен биліктегілерге арналғандай. Ол биліктің қоғамдағы кемшіліктерді жасырып отырғанын, халықтың негізгі бөлігінің кедейшілікте өмір сүріп, тұрмысының түзелмей жатқанын
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев пен Ресей президенті Владимир Путин Мәскеудегі Абай ескерткішінің ашылу салтанатында. Мәскеу, 4 сәуір 2006 жыл.
айтады. Айналаңызға қараңызшы, бүгін де дәл сол жағдай орын алып жатқан жоқ па?!

Биліктегі адамның қандай болуы керектігін Абай өзі үлгі қылып көрсетті. Бірақ, қазіргі билік оны түсінген жоқ. Күйреп бара жатқан ауылға, жоқшылық қасіретін тартқан халыққа назар аударып, олардың әлеуметтік мәселесін шешудің орнына билік бос сандырақпен айналысуда. Бізде барлығы керемет, ешқандай кемшілік жоқ сияқты.

- Бельгер мырза, сіз қазір ғана Абайдан еш хабарлары жоқ деп біздің депутаттарымыз бен министрлерімізді сынадыңыз. Мәселен, кенеттен бір керемет болып Абай тіріліп келді делік. Немесе басқаша айтсақ, елімізде Абай деңгейіндегі дана адам пайда болды делік. Қалай ойлайсыз, ондай адамды бүгінде парламенттің депутаты қылып сайлар ма еді? Әлде бұл үшін ол «Нұр Отан» партиясына кіруі керек пе?

- Егер дәл осы айтқаныңыз орын алып, Абай тәрізді данышпан адам қазір өмір сүрсе, ол елдегі барып тұрған бақытсыз жан болар еді. Абай сол өзі өмір сүрген кезеңде де көп ішінде жалғыз қалған бақытсыз болатын. Қазір де ол жалғыздықтың зардабын тартар еді. Өйткені, бүгінгі біздің қоғамда болып жатқан жағдайларды оның жаны қабылдамайтын еді.

Әрине, ол ешқандай жағдайда депутат бола алмас. Өйткені, ол қандай жағдайда да «Нұр Отан» партиясына, тіпті Жазушылар одағына кірмеген болар еді. Әртүрлі партиялар құрылып, олардың өзара қырқысуын Абай ешқашан жақсы көрген емес. Ал, жоғары қызметтерге келсек, Абайды ешқашан жоғарыға жібермес еді. Бұл біздің жұтаң шенеуніктеріміз үшін өліммен тең жағдай. Ол бір қиырдағы тыныш ауылда тұрып, бұл өмірде болып жатқан оқиғаларға философиялық тұрғыдағы көзқарасын білдіріп жатар еді деп ойлаймын.

- Күйінгендіктен ішімдікке бой алдырар ма еді?

- (Күледі) Ішіп кетер ме еді, жоқ па – ол жағын білмеймін. Бірақ, ол торыққан, трагедиялық жағдайда болатындығы анық.

АБАЙ ПАЙДА БОЛА ҚАЛСА, ЗИЯЛЫЛАР ҚАТТЫ ҚОРҚЫП КЕТЕР ЕДІ

Ресей президенті Владимир Путин Абай ескерткішінің қасында. Мәскеу, 4 сәуір 2006 жыл
- Бельгер мырза, сіз Абайды жақсы білетін және реалист ретінде егер Абай бүгін біздің қоғамымызға келе қалса, онда бүгінгі Қазақстан билігі оны табалдырықтан да аттатпас еді демексіз бе? Ал енді бүгінгі зиялы қауым Абайды, Абай сияқты адамды рухани көсем ретінде қабылдар ма еді?

- Егер ғайыптан тайып Абай пайда бола қалса, онда біздің зиялыларымыз да қатты қорқып кеткен болар еді деп ойлаймын. Өйткені, ар-ұят деген қазақы ұғымдар бүгінде жоғалып кетті. Бүгінде ешкім ар деген сөзді қолданбайды. Ал Абай болса үнемі ар, намыс, ұят деген мәселелерді қозғап жүрді. Сол себепті біздің бүгінгі зиялыларымыз сасып қалар еді. Абай қашанда бұлталаққа салмай ойындағысын айтатын. Біреуге жағып, жақсы көрінгісі келген жоқ. Бұл – біздегі ғасыр індеті, зиялыларымыздың сырқаты.

Иә, бізде зиялылар бар. Бірақ, олардың көпшілігі ыңғайға жығылғыш. Жақында ғана бір ақын айтқандай, не десең де көне беретін жезөкшелер тәрізді. Бүгінгі біздің көптеген зиялыларымыздың ұстанымы мен ұраны осы.

Міне, осындай зиялылар үшін Абай өте жат адам болар еді. Олар Абайды қабылдамас еді. Абай өзінің өміріндегі сияқты жалғыз қалар еді.

- Бельгер мырза, сіз Абайдың шығармашылығын ғана емес, өмірбаянын да жақсы білесіз. Қалай ойлайсыз, осыншама ақыл-ойдың иесі болып, ықпалды аға сұлтанның отбасында дүниеге келген, жастайынан билікке жақын болған Абай өз халқының кемшілігін көрсеткеннен бөлек көбірек жақсы істер жасай алар ма еді?

- Абай - ұлы, дана адам болатын. Әрине, ол халқына өзінің өмірінде жасағанынан да көп пайда әкелген болар еді. Бірақ, ол бақытсыз болды, оны айналасындағылардың ешқайсысы түсінген жоқ.

Менің өз басым Абай заманында тусам, оның қасында рахаттанып өмір сүрген болар едім. Мен оның петербургтік неміс досы Михаэлис сияқты Абайға шын ықыласыммен барып, оның еңбектерін аударып, оның идеялары үшін қызмет еткен болар едім. Бұл мен үшін үлкен бақыт болар еді.

- Сіз Абайдың кезеңінде өмір сүрер едім деп отырсыз. Ал Абайдың өзі сол кезеңде, сол ортада дүниеге келгендігіне өкінген жоқ па?

- Иә, бұл солай. Бірақ, оның қасында өмірге деген көзқарастары, сенімдері мен идеялары бір, оның ірі ойларын жүзеге асыруға көмектесетін шын берілген бірнеше адам болса, онда ол өзін жалғыз сезінбей, біраз нәрсеге қол жеткізген болар еді.

Солай бола тұра, оның айналасындағылар оны түсінбегенімен, тіпті көп жағдайда оған жауыққанымен, ол қазақ халқы үшін көп дүние жасап кетті. Заманауи әдеби тілдің негізін салды. Үнемі томаға-тұйықтықпен күресіп, жастарды білім алуға шақырды. Біздің бойымыздағы өнерге, әдебиетке деген махаббатты оятты. Жиырмасыншы ғасырдың ортасындағы көптеген талантты қазақ жазушылары Абайдың шығармашылық мұрасының арқасында жетілді.

Абай ұлы, дана адам болатын. Ал көптеген ұлы адамдар айналасына, замандастарына өздерін түсіндіре алмай өмірден өтіп кетті. Бірақ, олар сеуіп кеткен дәндер жылдар өте келе жемісін берді.

БІЗДІҢ КӨПТЕГЕН «ҰЛЫ ИНТЕЛЛЕКТУАЛДАРЫМЫЗ» АБАЙДЫҢ ҚАСЫНДА «ЕРГЕЖЕЙЛІЛЕР»

-Абай өмір бойы жастарды, халықты сауаттылыққа, ғылымға, мәдениетке шақырды. Бүгінде Қазақстанда мыңдаған ғалымдар, мыңдаған жазушылар, толып жатқан мәдениет қайраткерлері бар. Ал, халықты жүз пайыз сауатты деуге болады. Көптеген адамдар Аристотельден, Монтескьеден, Толстойдан оңды-солды цитаталар келтіреді. Сонау Абай армандаған халқы енді оның арманы жүзеге асқанда Абайды неге қабылдай алмайды, қалай ойлайсыз?

- Өйткені, жоғары білім туралы диплом, әлем әдебиеті классиктерінің шығармаларын оқу, ғылыми дәрежелер, адамды өз жаратылысынан артық, ақылды қыла алмайды екен. Бір қарасаң олар білімді сияқты, бірақ оларға даналық жетіспейді.

- Адам даналыққа қалай келеді?

- Бұл мәселе жайында мен көп ойландым. Бір қарасаң ол адам білімді, түріне қарасаң зиялы сияқты. Әлемде бармаған жері жоқ, үлкен адамдармен араласады. Ал енді оның қасына отырып әңгімелессең, ананы-мынаны сұрап, жанына үңіле бастасаң, оның айтып жатқанының барлығы көпірме бос сөз екендігін аңғарасың. Оның ішкі жаны боп-бос. Өкінішке қарай, бұл шындық. Көптеген жоғары
Қарағандыдағы Абай ескерткіші.
дипломдары бар адамдар шындап келгенде таяз болып шығады. Міне не үшін олар Абайдан үрейлері ұшып қашады. Өйткені олар Абайдың мықты интеллекті арқылы әшкере болудан қорқады. Абай жоқ кезде олар «алыптар». Ал, Абай пайда бола қалса олар «ергежейлілерге» айналып шыға келеді.

Қалай дегенмен, даналық Құдайдан, қанмен беріледі. Міне жаратылысынан дана осындай адам жүйелі білім алатын болса, Абай сияқты ұлы адам болып шығады.

«ПЕССИМИСТ ЕҢ ЖАМАН АДАМ ЕМЕС»

- Бельгер мырза, мүмкіндікті пайдалана отырып елдегі соңғы болып жатқан оқиғаларға сіздің пікіріңізді білгім келеді. Елдегі топ-менеджерлерді тұтқындаудың тағы бір толқыны өтті. Әдеттегідей, түсініксіз нәрселер көп. Осы үлкен басшылар билікте болған кезде олардың айналасында жандайшаптары толып жүреді. Ал енді олар биліктен кетіп, қуғынға түсе қалса, айналасы бос қалады. Неге бұлай болады деп ойлайсыз?

- Бұл біздің рухани жұтаңдығымызды байқатады. Кеше ғана бейшара болып жүрген адамдар билікке келе салып өздерін Құдай сияқты сезіне бастайды.

Бүгінде ақша алдыңғы орынға шықты. Тәуелсіздіктің алғашқы күнінен бастап көптеген адамдар ел игілігі үшін қызмет етудің орнына «қолда барда қармап қал» деген жыртқыштық ұранмен қаруланды. Бұндай адамдар бір күнмен ғана өмір сүреді. Жақында бір адам дүниеден өтті. Атын айтпай-ақ қояйын, мен оны жақсы білемін. Ол өмір бойы ақша жинады. Негізінен ірі мөлшердегі пара алып, миллиондаған доллар ақша жинаған шығар деп ойлаймын. Өмірінде ол ешкімге жақсылық жасаған емес. Енді о дүниеге кетті. Ол сонда не үшін өмір сүрді деген сұрақты өзіме жиі қоямын.

Сондықтан, бүгінгі үлкен шенеуніктердің достары ертең оған жау болып шықса, таңданатын ешнәрсе жоқ деп ойлаймын. Бұның барлығы олардың жалған идеалдың, құндылықтардың жетегінде жүргендігінде. Өтірік тұрған жерде сенім мен достыққа орын жоқ. Міне сондықтан да олар бірін-бірі оп-оңай сатып кете береді. Бұл сырқат бүгінде қоғамға дендеп еніп алған. Адамдар байлар мен кедейлер деп бөлінді. Жақыныңды аялау, мұқтаждарға көмектесу, халыққа деген махаббат сияқты жалпыадамзаттық құндылықтар жоғалып кетті.

- Мүмкін бұл адамдардың ойы өздерінше дұрыс шығар? Олар өзім жақсы өмір сүремін, ал енді өле қалсам, балаларым мен немерелерім де жоқшылық көрмейді деп ойлайтын болар?

- Сіз өте дұрыс айтасыз. Олар дәл осылай ойлайды. Міне осының өзі олардың ақылының кемдігін, рухының жұтаңдығын көрсетеді. Мұндай рухани байлығымен олар ешқашан шынайы бақытты бола алмайды. Шын бақытты, шын махаббатты халқына қызмет еткен, жүрегі мен санасы таза адамдар ғана сезіне алады. Бүгін-ертең мені тұтқындауға келеді-ау немесе байлығымды тартып алады-ау деп үрейленбей өмір сүретіндер.

- Бельгер мырза, сіз қалай ойлайсыз, халықтың мықты рухы бір кездері қайтып қалпына келе ме?

- Аумалы-төкпелі бір заман ғой. Менде кей кездері жас ұрпақ бізге қарағанда рухани байлығы жағынан жоғарылау болады ма деген үміт пайда болады. Бірақ, кешкісін балконнан ары-бері өткен адамдарға, олардың қарбаласқан тіршілігіне қарап отырып, неге екені белгісіз көңілім құлазып, бойымды түрлі жаман ойлар билейді. Құдай-ау, Абай аңсаған рухани көркею, өрлеу заманына жететін кез болар ма екен деп қиялдаймын.

Абайдың бір жолы «болашағым бұлыңғыр» дегені бар. Мен де Абайдың осы ойларына қосыламын. Қартайған шағымда пессимизмге көбірек бой ұрып барамын. Бірақ, философтар айтпақшы, пессимист те ең жаман адам емес.

- Бельгер мырза, әңгімеңіз үшін рахмет.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG