Accessibility links

Әбіқаев Ресейден Қазақстанға қайтты


Қазақстан сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары - Н.Әбіқаев.

Қазақстан сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары - Н.Әбіқаев.

Қазақстанның Ресейдегі елшісі болған Нұртай Әбіқаев сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары болып тағайындалды. Сонымен, билік басындағы ауыс-түйістер әлі де жалғасын табуда.

Нұртай Әбіқаев елшілік қызметке бармас бұрын бірнеше жыл парламенттің жоғарғы палатасының төрағасы болды.

2006 жылы ақпан айында болған саяси оқиғадан соң, ел-жұрт Алтынбек Сәрсенбайұлы мен оның көмекшілерінің өліміне кімдердің қатысы болуы мүмкін деген сауалға жауап таба алмай отырғанда, Ақордада біраз ауыс-түйістер орын алды.
Ең алдымен президенттің сол кездегі күйеу баласы, сыртқы істер министрінің орынбасары болып қызмет еткен Рахат Әлиев кезекті рет Қазақстанның Австриядағы елшісі болып тағайындалса, Сенат спикері Нұртай Әбіқаев та Ресейге аттандырылды.
Қарапайым халық та, кейбір саясаткерлер мен саясаттанушылар да 2006 жылы болған билік басындағы өзгерістерді Алтынбек Сәрсенбайұлының өлімімен байланыстырған-тұғын. Тіпті, сол кездегі тәуелсіз интернет басылымдарының көпшілігінде өмірінің соңғы жылдарында оппозицияға қызмет еткен саясаткердің өліміне қатысы болуы мүмкін адамдардың тізімі жиі-жиі жарияланып тұрды. Олардың арасында Рахат Әлиевтің, Нартай Дүтбаевтың, Нұртай Әбіқаевтың және жоғары лауазымды қызметтегі тағы да біраз адамдардың аттары аталды.
Қазақстанның саяси сахнасында президент Назарбаевтың көңіліне жақпағандар елшілік қызметке аттандырылады деген әңгіме бар.

Сенат аппаратын басқарған Ержан Өтембаев белгілі оппозиционер Алтынбек Сәрсенбайұлының өліміне тапсырыс берді деген сот үкімі шығарылған соң, оның тікелей басшысы болған Нұртай Әбіқаев Қазақстаннан аластатылды. Сол уақытта біраз саясаттанушылар президенттің бұл шешімінің астарында қарапайым жұртқа белгісіз болып қалатын саясат бар екенін айтқан. Саясаттағы көріпкелдер Алтынбек Сәрсенбайұлының өліміне қатысты туған дау біраз саябырсыған соң, елші болып тағайындалған Нұртай Әбіқаев 1,5-2 жылдан соң елге қайтып келеді дегенді айтқан.
Сонымен қатар, президенттің бұрынғы күйеу баласы өткен жылы қазақстандық ақпарат құралдарына берген бір сұхбатында 2006 жылы қастандықпен өлтірілген саясаткердің өліміне Нұртай Әбіқаевтың тікелей қатысы бар деп мәлімдеген болатын.
Соңғы кездері сарапшылардың арасында айтылып жүрген түрлі әңгімелер мен болжамдарға қарағанда, президент өзінің айналасына «ескі гвардияның» өкілдерін жинай бастады. Мұны солардың кейбіреулері мерзімінен тыс өтуі мүмкін сайлаумен байланыстырды.
Ал кезінде мемлекетте жоғары лауазымды қызметтердің бірінде болған Нұртай Әбіқаевтың сыртқы істер министрінің орынбасары болуының астарында не жатыр?
Өйткені 2001 жылы қараша айындағы Қазақстандағы саяси оқиғадан соң, Рахат Әлиев те алдымен біраз жыл елші болып, кейіннен Нұртай Әбіқаевтың бүгінгі лауазымына тағайындалған еді...

Қазақстандық сарапшылар мен саясаткерлердің Нұртай Әбіқаевтың жаңа қызметке тағайындалуы жөнінде Азаттық тілшісіне берген пікірлері де түрліше болды.
Алтынбек Сәрсенбайұлы атындағы қордың жетекшісі Айдос Сарым Нұртай Әбіқаевтың жаңа қызметке тағайындалуының астарынан үлкен саясат іздеудің қажет емес екенін айтты. Оның пікірінше, Нұртай Әбіқаев ары кетсе 1,5-2 жылдың ішінде зейнетке шығады.

«Сондықтан да, Назарбаев оны осы қызметке тағайындап отыр. Нұртай Әбіқаевқа да керегі осы, астында қызметтік көлігі, қолында телефоны бар, ортаңқол шенеуніктердің бірі болып жүре береді. Ол Назарбаевтың қасында ұзақ жылдан бері жүргендіктен, президент оны дәл қазіргі уақытта далаға лақтырып тастай алмайды. Негізі ол зейнетке кететін адам ғой»- деді сарапшы.
Кезінде Алтынбек Сәрсенбайұлы мен Нұртай Әбіқаевтың арасындағы келіспеушіліктер туралы қазақстандық басылымдарда талай жазылған болатын. Осы мәселенің төңірегінде Айдос Сарымның Азаттық радиосына берген сұхбаты төмендегідей болды:
"Алтынбек Сәрсенбайұлының өліміне Нұртай Әбіқаевтың қатысы бар деп кесіп айта алмаймын. Әрине, бұл туралы кезінде көптеген басылымдарда құлаш-құлаш мақалалар жарияланды. Дегенмен, ондағы айтылғандардың барлығын жоққа шығаруға болмайды. Себебі, әр газеттің өз пікірі, өз ойы бар. Нұртай Әбіқаевтың қол астындағы адам соттың үкімімен 2006 жылы болған қылмысқа қатысы бар деп танылды. Одан соң, бүгінгі сыртқы істер министрінің орынбасарына қатысты түрлі әңгімелер айтылды. Соның ішінде оның шетелге әскери ұшақтар сатуға және елдегі жемқорлыққа байланысты үлкен дауларға қатысы болғандығы туралы аз жазылған жоқ. Осыдан соң, Әбіқаевтың мемлекеттік қызметте отыруға моралдық құқығы бар ма"?
-Кезінде Алтынбек пен Нұртайдың арасы нашар болғаны рас, - деп жалғастырды өз әңгімесін Айдос Сарым,-
Алтынбек Сәрсенбайұлы мен оның қасындағы адамдар жаңа буынның өкілі болды. Олар көптеген идея ұсынды. Бірақ, соны жүзеге асыру барысында оған ойлау қабілеті, түсінігі жете бермейтін адамдармен күресуге тура келді.Өздеріңіз байқап отырсаңыздар, Назарбаевтың өзі командасын құрған кезде ешбір топқа күш бермеуге тырысады. Мәселен, бүгінгі таңда жастардың қасына түсінігі бұрынғы кеңестік заманда қалыптасқан адамдарды қойып жатыр. Яғни, бұл жерде Назарбаевтың «өз араларыңда қақтығыса беріңдер» деген ойы жатыр деп айтуға болады.
Ал «Ақ жол» партиясының төрағасы Әлихан Байменов Азаттық радиосына берген сұхбатында «мемлекеттік қызметтің қыр-сырын толық меңгерген және президенттің ең сенімді көмекшісі Нұртай Әбіқаевтың бұл қызметке тағайындалуын қисынды құбылыс деп есептеймін» деді. Одан соң, Әлихан Мұхамедияұлы Алтынбек Сәрсенбайұлы мен Нұртай Әбіқаевтың арасында саяси тартыстың болғандығы туралы естімегенін айтты.
Әлихан Байменовтен кейбір интернет және газет беттерінде Нұртай Әбіқаевтың төңірегінде айтылып жүрген әңгімелер туралы және оның қол астында ұзақ жыл қызмет еткен Ержан Өтембаевтың сот тарапынан Алтынбек Сәрсенбайұлы мен оның көмекшілерінің өліміне қатысы бар деп танылуынан соң, бұл кісінің мемлекеттік қызметтегі карьерасын жалғастыра беруі сіздіңше дұрыс па деген сұрағымызға, ол былай деп жауап берді:
« Мен тағы да қайталап айтайын, бүгінгі тағайындауды қисынды құбылыс деп есептеймін. Мен мемлекеттік қызметте, қоғамдық жұмыстармен айналысып жүрген адамдардың қабілетін, мемлекетшілдік деңгейін білгеніммен, олардың қылмыстық істері туралы немесе өмірінің басқа жағы туралы көп ақпарат іздейтін адам емеспін. Ал Нұртай Әбіқаевты мемлекеттік аппараттың қыр-сырын бір адамдай жетік меңгерген азамат ретінде жақсы білемін. Және біреулер туралы дәлелсіз әңгіме айтуға менің өмірлік қағидам жібермейді».
Нұртай Әбіқаевтың өмірбаянынан қысқаша үзінді:
Ол 1947 жылы Алматы облысына қарасты Жамбыл ауданының Жамбыл ауылында дүниеге келді. Свердловскіде (қазіргі - Екатеринбург) Урал политехникалық университетін «инженер-механик» мамандығы бойынша бітірді. Одан соң, Алматыдағы жоғары партиялық мектебінде білім алды. Ол экономика ғылымдарының кандидаты.
1976-1988 жылдардың аралығында партиялық және кеңестік жұмыстарға атсалысты.
1988 жылы Қазақ ССР-і Министрлер Кеңесі төрағасының көмекшісі қызметінде болды.
1989-1990 жылдары Қазақстанның Коммунистік партиясының орталық комитеті төрағасының көмекшісі болды;
1990-1995 жылдары Қазақстан республикасы президентінің және премьер-министрі аппараттарының басшысы, сондай-ақ, Қауіпсіздік Кеңесінің мүшесі болып қызмет етті.
1995 жылы димломатиялық қызметке ауысып, Қазақстанның Ұлыбритания біріккен Корольдігіндегі елшісі болып тағайындалды.
1996 жылы президенттің бірінші көмекшісі қызметіне ауысады.
1998-1999 жылдар аралығында Ұлттық қауіпсіздік комитетін басқарды.
2000-2001 жылдары сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары қызметін атқарады.
2002 жылдың ақпан айынан бастап, президент әкімшілігінің басшысы болды.
2004 жылдың наурыз айынан парламент Сенатының төрағасы. Одан соң Қазақстанның Ресейдегі елшісі болып қызмет етті.
Ал кеше президент өкімімен сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары болып тағайындалды.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG