Accessibility links

Қарабатанда белсенділік танытқан 5 жұмысшы қамауға алынды


Полиция микроавтобусы ереуіл жерінен кетіп барады. Қарабатан, 20 желтоқсан 2008 жыл.

Полиция микроавтобусы ереуіл жерінен кетіп барады. Қарабатан, 20 желтоқсан 2008 жыл.

Қарабатандағы мұнай тазалау зауытының құрылысын салып жатқан Agip KСO консорциумының субмердігері Bonatti S.p.A компаниясының 5 жұмысшысы еруілге шыққаны және 22 желтоқсан күні Азаттық радиосына сұхбат бергені үшін қамауға алынды.

22 желтоқсан күні кешке қарай Азаттық радиосына хабарласқан жұмысшылар ереуілге қатысқан бір топ әріптестерін түнде Атырау қалалық Ішкі істер басқармасына алып кеткенін хабарлады. Олар Азаттық радиосына сұхбат берген Талғат Есенәлиев, Аманжол Әлмұрзин, Еркін Қабылов пен белсенділік танытты деп есептелген Рүстем Қожанов және Қаһарман есімді азаматтар болып шықты.
Осы ақпаратты алысымен Қарабатандағы полиция бөліміне телефон шалғанымызда ондағылар бұл фактіні растады.
- Оларға рұқсат етілмеген митингке қатысуларына байланысты әкімшілік хаттама толтырылып, кеше (яғни 22 желтоқсан күні түнде) қалалық ІІБ жөнелтілді, - деді бөлім қызметкері. Енді Мақат аудандық соты шешім шығаруы тиіс.
Жұмысшылар белсендісі Талғат Есенәлиев ереуіл барысында. Қарабатан, 2008 жыл.
Алайда Мақат аудандық сотының кеңсе бөлімі Қарабатандағы митингке байланысты істің әлі келіп түспегенін хабарлады. Бірақ не Атырау қалалық ІІБ, не Мақат аудандық ІІБ әлгі 5 жұмысшының қайда екенін айтпай отыр.
23 желтоқсан күні Азаттық радиосына тағы да телефон шалған Bonatti жұмысшыларының айтуынша, таңертең Қарабатанға келген Мақат аудандық ІІБ бастығы полковник Бауыржан Рахметов жұмысшылардың қамауға алыну себебін түсіндіріп кеткен көрінеді. Полковник Б.Рахметов ұсталған жұмысшыларға Қазақстан Республикасының заңымен рұқсат етілмеген митингке қатысқан деген айып тағылып отырғанын хабарлапты.
Ендігі олардың ары қарайғы тағдырын сот шешетінін айтқан полиция басшысы. Алайда жұмысшылар бұл айыппен келіспейді.
«Біз жағдайымызды 3 желтоқсанға дейін шешуді сұрағанда жергілікті әкімшілік 20 желтоқсанда нақты жауап айтатындарын мәлімдеген еді. Біз 20 желтосқанда талабымыз орындалмаса, үйдегі отбасымызбен бірге облыстық әкімшілік алдына келетінімізді алдын - ала ескерткенбіз және ол баспасөзде жарық көрген», - дейді жұмысшылар.
Жұмысшылардың айтуынша, 20 желтоқсаннан бері Қарабатанда полиция күзеті шектен тыс күшейтілген. Жұмысшылар күнделікті жұмысқа 5-6 полицияның ілесуімен барып - келіп жүргендерін, асханада тамақ уақытында да 50 шақты полиция қызметкерлері бақылау жасап отыратынын айтады. «Жұмыста емес, түрмеде жүргендейміз» дейді олар.
Полиция көліктері сақадай сай тұр. 20 желтоқсан, 2008 жыл
«Демос» бейүкіметтік ұйымының жетекшісі Тоғжан Қизатова жұмысшылардың қамауға алынуын заңсыз деп санайды.
- Бұны адамның құқын бұзу деп атауға болады. Өйткені, қамап қоятындай олар ештеңе бүлдірген жоқ. Ал жұмыс орнында полицияның қаптап жүруі мүлде күлкілі жағдай. Ол жеке кәсіпорынның ішіндегі жұмыс беруші мен жұмысшы арасында реттелетін мәселелер. Бұл Индонезиядағы кезіндегі Сухарто режимін еске түсіреді,- дейді Тоғжан Қизатова.
Жергілікті билік жұмысшылардың ереуілге шығуының себебін Agip KСO компаниясынан іздеп отыр.Облыстық әкімшілік Agip KСO басшылығының кетуін талап етті.
Жергілікті әкімшілік болса осы жұмысшылар наразылығынан кейін 22 желтоқсанда арнайы баспасөз мәслихатын өткізіп, Agip KСO компаниясын Каспий шельфіндегі Қашаған кен орынын игеру жөніндегі жобадан аластату керектігін мәлімдеді.
- Біз ел басшылығының, премьер-министрдің, министрліктер мен ведомстволардың алдына туындаған проблемалардың шешімін таба алмағандықтан Agip KСO компаниясы басшылығын орнынан алу мәселесін қойып отырмыз. Agip компаниясының жетекшілері зауыт құрылысындағы жағдайды реттей алмай отыр. Біздің талаптарымызға құлақ аспайды, тек қағаз жүзінде жауап айтумен келеді. Компания басшылығы әкімшілікпен арақатынас жасағысы жоқ. Әйтпесе, Қашаған жобасына қатысушы қазақстандық жұмысшылар құқығының қорғалуын екі жыл бойына айтудамыз,- деп хабарлады әкімнің бірінші орынбасары Б.Дәукенов.
Оның айтуынша, осыған байланысты 2013 жылы алынады деп жоспарланған Қашаған мұнайы да ол мерзімнен кешігуі ықтимал. Жергілікті биліктің бұл қатаң талабы жайлы Энергетика министрлігінің пікірін сұрағанымызда олар әзір ешқандай жауап бере алмайтындарын айтты.
– Біздің білетініміз Agip-пен меморандумдар жасалған, Қашаған кенінің игерілу мерзімі 2013 жылдың 1 қазаны деп бекітілген. Министрлік басшылары басқа ешқандай ресми мәлімет бере алмайды, - деп хабарлады баспасөз хатшысы Аян Атығаев.
Ал Agip KСO компаниясы болса қандай бір түсініктеме беруден бас тартты.
Қарабатан-Атырау бақылау бекетінде ереуілге шыққан жұмысшыларды қоршаған полиция көліктері. 20 желтоқсан, 2008 жыл.
Биылғы жылғы 29 қараша және 20 желтоқсан күндері Қарабатандағы «Болашақ» зауытының құрылысын салып жатқан Agip KСO компаниясының мердігерлері Bonatti, ССС, IGS Sichim, РSS компанияларының жұмысшылары наразылық акциясына шыққан еді.
Олар жұмыс жағдайын жақсартуды, жалақыны көтеруді және вахталық ауысымды енгізуді талап еткен болатын. Алғашқы бас көтеруде облыс әкімшілігі 20 желтоқсанға дейін уақыт сұрап, жағдайды шешуге уәде берген. Айтылған уақытта күткен өзгеріс болмаған соң жұмысшылар тағы да талаптарын көлденең тартқан.
Жергілікті билік жұмысшылармен бірнеше жиылыс өткізіп, басу айтқанмен, оған қанағаттанбаған жұмысшылар Президентке хат жолдап, бұл мәселеге оның тікелей араласуын сұраған болатын.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG