Accessibility links

Шілденің 3-і күні Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы Малыбай аулында осыдан 1 ай бұрын қылмыскерлердің қолынан қаза тапқан Айдын Қалықовтың қырқына сегіз жүзге жуық адам жиналды.

Жексенбі күні түс кезінде іссапарға шыққанымызда Малыбай ауылына кірер жолда тұрған полицейлер мен ұлттық қауіпсіздік қызметкерлерінің сырттан келгендерді мұқият тексеріп, жөн сұрағаннан кейін ғана ауылға жіберіп жатқанын байқадық. Ауылды кесіп өтетін үлкен көшенің бойында әрбір 100 метр сайын 2-ден полиция қызметкерлері тұр. Қаза болған жігіттің туыстары берген марқұмның қырқына өзге облыстардан мен жақын ауылдан көптеген адамдар келді.


Жиналғандар мен Айдынның туған-туыстары билікке өздерінің үндеуін жолдайтындықтарын мәлімдеді. Еңбекшіқазақ ауданының тұрғындары атынан жазылған үндеуде Айдынды азаптап өлтірген қылмыскерлердің әділ жазалануы сұралыпты.

Марқұмның ағасы Дәулет Қалықов: Бауырымды тек екі-ақ адам өлтірді дегенге күмәнім бар. Малыбай, 03 тамыз 2008 ж.

- Қылмыскер екеу болмаған сияқты. Мен өз бауырымды білемін ғой, ол екі адамға оңайлықпен бой беретін азамат емес еді. Оған бір дәлел, бауырымды іздеп, стадионға барғанда он шақты адамның ізін байқадық, - деді Айдынның ағасы Дәулет Қалықов.

Ал «Президент және халық» газетінің бас редакторы Марат Тоқашбаев, жиналған ауыл адамдарын істі бейбіт жолмен шешуге шақырды:

- Бүкіл Қазақстанның әр жерінен азаматтардың келуі, жандарының күйіп отырғандығын көрсетеді. Бірақ, қазақ халқы қан құмар емес. Ел-жұрт кек қууды талап етіп отырған жоқ. Сіздер мен біздер бір-ақ нәрсені талап етіп отырмыз, ол нені болса да заңыменен, ақиқатымен түбіне дейін жеткізіп, айыптылардың лайықты жазасын алуы.

Еңбекшіқазақ ауданы әкімінің кеңесшісі Бекет Ахметов, ауыл адамдары мен қаза болған Айдын Қалықовтың туыстары осыдан 1 ай бұрын билікке талап қойғандығын, осы күні ол талаптың толықтай орындалғанын «Азаттық» тілшісіне баяндап берді:


- Бүгінгі күні облыстық және аудандық ішкі істер басқармасы жағынан үлкен істер атқарылды. Айдынның жетісінен кейін қылмыскерлер ұсталып, қазір тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ауылдың учаскелік полицейі ауысып, орнына үш адам тағайындалды. Сондай-ақ ауылға жаңа әкім тағайындалмақшы. Ол тергеу амалдарынан кейін белгілі болады. Көпшіліктің талабы бүгінгі күні орындалды.

Айдынның қарындасы Толқын Қалықова. Малыбай, 03 тамыз 2008 ж.

Осы ауылға Алматыдан арнайы келген «Желтоқсан ақиқаты» қозғалысының төрағасы Бейсенғазы Сәдуұлы, халық талабының орындалмағанын алға тартып отыр:


- Егер халықтың талабы орындалмайтын болса, арты қантөгіске айналып кететіні сөзсіз. Қазірдің өзінде халық көтерілейін деп, әрең басылды. Алайда қоғамдық ұйымдар мен ауыл ақсақалдарының айтуымен азаматтар тарқасты. Халықтың талабы міндетті түрде орындалуы керек. Екі жігіт қана ұсталды, қалған оның сыбайластары әлі бостандықта жүр. Халық соған ашынады.


Осы жылы маусымның 26-нан 27-іне қараған түні Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы Малыбай ауылының 37 жасар тұрғыны Айдын Қалықовты сол ауылда тұратын екі жігіт азаптап өлтірген деген күдік айтылған болатын. Қылмыскерлер оқиға болған жерден қашып кеткен. Артынша сол айтылған екі күдікті Файзулла Бушамов және Руслан Бахаповтың ұсталғандығы туралы БАҚ да хабарланды. Бүгінде оларға байланысты тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

XS
SM
MD
LG