Accessibility links

Қырғызстанда апатқа кезіккен ұшақтағылардың көбісі қаза тауып, біразы ауруханада жатыр.

Ұшақта болған қазақстандықтардың аты-жөндері: Мұхтар Мүшекенов, Евгения Цой және Гаухар Эсаева, - деп көрсетілген Қырғызстан Шекара қызметі баспасөз қызметінің «АКИ пресс» агенттігіне берген тізімде.

Агенттіктің хабарлауынша, ұшақта Ирандық 54 адам, Қырғызстанның – 29, Қазақстанның - 3, Канаданың -2, Қытайдың – 1 азаматы және Түркиядан бір адам болған екен.


№6895 рейсімен Бішкектен Иранға бет алған қырғыздың жеке меншік Итек-Эйр компаниясының «Boeing 737» ұшағы, тамыздың 24-күні жергілікті уақытпен сағат 20.30 шамасында, халықаралық Манас әуежайы маңында апатқа ұшырады. Ұшақта болған 90 адамның 68-і қаза тауып, түрлі жарақат алған 18 кісі ауруханада жатыр, ал 4 адам алғашқы дәрігерлік жәрдем алған соң үйлеріне шықты, - деп хабарлады Қырғыз Республикасының Төтенше жағдайлар жөніндегі министрлігі.

Алдын ала хабарларға қарағанда, ұшақ әуеге көтерілгеннен кейін, көп ұзамай, ұшқыштар техникалық ақаудың барын хабарлап, Манас әуе жайына қарай кері бұрылған. Алайда қону алаңына жетпей жерге құлап түсіп, жалынға оранған.

Манас әуе жайындағы Американ әуе базасының бұқарамен байланыс бойынша офицері майор Дамиан Пикарттың айтуынша, Қырғыз тарабының өтінішіне сай, американдықтар апат болған жерге өрт сөндіруші және дәрігерлік көмек машиналарын жолдаған.

Дүйсенбі күні Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қырғызстандағы апат салдарынан қаза болғандардың отбасылары мен туған-туыстарына көңіл айтты.

XS
SM
MD
LG