Accessibility links

Жұрт дағдарысты бастан кешіп жатса, Ақтөбеде жаңа жобалар жоспарланды

  • Баян СӘРСЕМБИНА

Экономикалық дағдарысқа қарсы қолға алынған іс-шараларымен таныстыру мақсатында журналистерді жинаған облыс әкімі Сағындықов кездесуді: «2008 жылды табысты аяқтап, алда жаңа жетістіктерге жетеміз» деген сөздермен бастады.

Бүкіл әлем экономикалық күйзелістерді бастан кешіріп жатқан кезде, экс-коммунист әкімнің көңіл-күйінің көтеріңкі болуына негіз жоқ та сияқты. Себебі, 700 мың тұрғыны бар Ақтөбе облысы шикізат сатуға дағдыланған еліміз экономикасының бір бөлігі ретінде шикі мұнай және хром саудасына арқа сүйеп келген еді. Осы саладағы шетелдік кәсіпорындардан 260 миллиард теңге салығы республикалық бюджетке құйылып жатыр.

Әзірше, әлемде тау-кен өнімдеріне сұраныс азайып, баға түсіп жатқанда, ғаламдық экономикадағы ауытқымалы көңіл-күйдің жергілікті жағдайға әсер етуі аңғарылмайды. Әзірге бұл салада мамандарды жаппай қысқарту басталған жоқ.

«Мұнайдың баррелі 60 долларға дейін төмендегенде, сіз жанар-жағармай бағасының арзандауына ықпал ете аласыз ба?» деген сауалымызға, Сағындықов бірден:
«Ықпал ете алмаймын. Жанармай қожайындары Алматы мен Астанада отыр. Әрі, заңдылық жағынан да осы сала реттелмеген. Заң қабылданса, механизмдері жасалса, кірісіп көруге болады» деп басын алып қашты.

Жыл соңында Ақтөбеде артықшылық берілген экономикалық көшбасшы жобалардың біршамасы іске қосылуы керек еді. Соның ең негізгісі – Қостанай облысының Жетіқарасынан бері тартылып жатқан 700 шақырымдық электр қуаты желісі. 4 жыл бұрын еліміздің батыс облыстарын Ресейдің электр қуатына тәуелділігін азайту мақсатында осы жоба қолға алынған болатын. Бүгінде Ақтөбенің Өлке стансасына дейін бағаналары тұрғызылып, сымдары тартылып бітті.

Жыл соңынан бастап Екібастұздың электр қуатына қол жеткізбекші. Бастапқы жоба бойынша, «Екібастұздан тартылатын электр қуаты 500 мВт-ты құрайды да, оның көп бөлігі жаңадан іске қосылатын зауыттар жұмысы үшін керек» деп айтқан тамыздың соңында Астанадан арнайы келген «Самұрық» холдингінің департамент директоры Әскербек Қуанышбаев.

Мұны айтып отырған себебіміз, Ақтөбе Ресейдің Орынбор облысынан жеткізілетін электр қуатына тәуелді. Ресей жағы жыл басынан бері тарифтерді 50 пайызға өсірді. Соңғы рет Ақтөбеде өткен шекаралас аймақ басшыларының кездесуінен екі-үш күн өткесін, электр бағасын тағы да 21 пайызға көтеріп сататындығы туралы Орынбордан хабар жетті.

Ақтөбеліктер қазан айынан бастап электр қуатының әр киловатына 7 теңге 70 тиыннан, ал өндіріс орындары 11 теңгеге жуық төлей бастайды. Жыл аяғында Жетіқарадан жеткен қуатқа баға төмендей ме, әлде қазіргі көтерілген күйінде қала бере ме, осы мәселеде энергетикалық компаниялар түсінік беруден қашқақтап отыр.

Экономикалық дағдарыс күшіне мініп тұрғанда, Ақтөбеде қытай инвесторлары мұнай өңдеуші зауыт құрылысын қолға алмақшы. Ақтөбе мұнайының бақылаушы пакет акциясының иелігі 11 жылдан бері Қытай Ұлттық мұнай-газ корпорациясына тиесілі. Жақында Ақтөбедегі Қытайдың ірі компаниясы «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ-ын басқаруға Сюй Кэцян деген Қытай азаматы келді. Бұрын Ресейде жұмыс істеген жаңа директордың келуімен Қытай Ақтөбедегі экономикалық мүддесін одан әрі күшейтіп жатыр.

Құны 1 миллиард доллар тұратын жаңа мұнай өңдеуші зауыт құрылысын салуға Бейжің дағдарысқа қарамай кірісе бермек. Бір қызығы, осы жоба туралы қытай инвесторларының емес, Ақтөбе облысы әкімі Елеусін Сағындықовтың аузынан естідік. Жылына 8 миллион тонна жергілікті мұнайды өңдеп, сатпақшы екен. Ал, олардың қазіргі өндіріп жатқан мұнай көлемі 8 миллионға жетіп жатқан жоқ.

Неге Ақтөбе мұнай-газын игеруде Бейжіңнен келген компанияларға ғана үнемі артықшылық беріледі? Осыған дейін қытайлар Жаңажол кенішінде мұнаймен бірге шығатын ілеспе газды өңдейтін зауыт салып еді, теңдесі жоқ құрылыс деп бәрі мақтады. Тіпті көшбасшылардың қатарына да еніп кетті.

Шындығында, мұнайдан түскен табыстан құралған қытай капиталымен салынған зауыт болатын. Осы зауыттың салынуымен ілеспе газ толық өңделіп жатқан жоқ, бәз-баяғысынша ауада жанып жатыр. Жаңажолда таза ауамен демалу мүмкін емес, күкірт пен газ иісі бірнеше шақырымнан сезіледі. Әрі Қытай инвесторлары салған жаңа зауыт аумағында жергілікті тұрғындардың арасында тыныс, жүрек-қан тамыры аурулары асқынып барады.

Кеше ғана әкім сүйінші сұрағанымен, Сюй Кэцянның мұнай зауытын қай жерден салатындығы әзірше жұмбақ. Тағы да жабық есіктің аржағында шешіліп, тәуелсіз эколог, жұртшылық пікірі жайына қалмақшы. Осылайша, алдағы жылы экономикалық дағдарыс дауылының жергілікті экономиканы қай қырынан соғатыны айқындалмай жатып, Ақтөбеде жарнамасы жоғары бірнеше жобалар жоспарланып қойды.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG