Accessibility links

Алаяқтар тобы 5 бірдей банктің бөлімшелерін тақырға отырғызды


Ақтөбеде кезекті бір алаяқтық топтың үстінен қозғалған қылмыстық іс аяқталды. Бұл жолы алданғандар Ақтөбедегі бес банктің жергілікті филиалдары. Әлиева басқарған топ банк қызметкерлерінен 23 миллион теңге көлемінде несиелер рәсімдеп, тақырға отырғызып кетті.

Басқа қаладан келген бұрынғы жезөкше 2006 жылдың наурыз-маусым айларында бір пәтерді қайта-қайта кепілге қою арқылы 5 банктен бір мезгілде несие алған. Әлиева жалғыз әрекет етпеген, тағы 6 жігіт бар. Бұлардың әрқайсысының өз «рөлдері» ұйымдастырылыпты. Компьютер бағдарламаларының маманы, үй құжаттарын рәсімдеудің жолдарын жетік біледі дегендей. Мемлекеттік органдармен, банктермен байланысқа шығатын адамдары да болған.

Алаяқтық жолы былайша жүзеге асырылған. Пәтер иесімен оның үйін сатып алушы адам сату-сатып алу жөнінде келісім жасайды да, нотариус арқылы куәландырып, банктерден несие алуға келеді. Пәтердің техникалық құжаты банкте қалады да, бұлардың қолына қолма-қол ақша түседі. Әрбір банктен 30-35 мың доллардан алып үлгеріпті. Бір қызығы, 3 ай ішінде сол пәтердің құжаты бес рет тұрғын үйді мемлекеттік тіркеу жөніндегі мекемеге келгенде, мамандар қалайша назар салмаған? Бұл- мәселенің бір жағы.

Содан кейін банк қызметкерлерінің қажетті құжаттардағы мөрлер мен лауазымды тұлғалардың қойған қолдарына назар аудармады дегенге сенім аз. Бір банк бөлімшесін алдасын делік, бірақ бір мезгілде бесеуін бірдей тақырға отырғызу мүмкін емес қой!

Оның үстіне, банктер несие бермес бұрын міндетті түрде БТИ-мен хабарласып, үй иесі жөнінде ақпарат алады. Несие рәсімдеушілердің зейнетақы қорынан мәлімет сұралады. Жұмыс орнына хабарласады. Басқа да көзге көрінбес тұстары көп. Қалай болғанда да, осы қылмыста банк қызметкерлерінің кінәсі бар.

Осы қылмыстық істі тергеп сотқа жеткізген облыстық қаржы полициясы департаменті қылмыстың көзге көрінбес ұйымдастырушыларын қазбаламай, бар кінәні «бұрынғы жезөкшеге» артып қойды.

Ақтөбе облыстық прокуратурасының бөлім бастығы Мадияр Баспаевтың хабарлауынша, Әлиева тобының қарамағындағы компьютер мамандары құжат көшірмелерін айнытпай жасауда «шеберлік» танытқан. Сот Әлиева мен 6 жігітті Қылмыстық кодекстің бірнеше баптары бойынша айыпты деп танып, ұзақ жылға бас бостандықтарынан айыруға үкім шығарды.

Айта кету керек, Ақтөбе қалалық №2 сотында 2006-2007 жылдары алаяқтықпен ұйымдастырылған қылмыстық істер бірінен соң бірі қаралуда. Әрбір судьяның алдында бір-бір іс...

Бұлардың дені арзан үй, жер телімдерін алып берем деп, азаматтардан алдап ақша алып, бірнеше миллиондап жоқ қылғандар. Ал, 5 банктің қоржынына бір мезгілде қол салған Әлиеваның әрекетін «супер-алаяқтық!» деп бағалайды жұртшылық.

XS
SM
MD
LG