Accessibility links

Қазақстандық сарапшылар Қазақстан мен Ресей мемлекеті басшыларының Ақтөбедегі кездесуінде Оңтүстік Осетия және Абхазиядағы жанжалдан кейінгі аймақтағы саяси ахуал талқыланды деген болжам айтады.

Сонымен қатар, жергілікті сарапшылар бұл мәселеде ресми Астана көптарапты ұстанымда қалуы тиіс деген пікір айтып отыр.
Көршілес екі мемлекет басшысының Ақтөбедегі кездесуіне жергілікті саяси сарапшылар ерекше мән береді. Ресей басшысының Қазақстанға ресми сапары күн тәртібінде бұрыннан тұрғандығына қарамастан, тамыз айындағы Оңтүстік Осетия және Абхазиядағы оқиғалардан соң, аймақтық және халықаралық деңгейдегі бірқатар күрделі мәселелердің қордаланып қалуы бұл кездесудің маңыздылығын арттыра түскендей.
Саясаттанушы Әзімбай Ғалидың пікірінше, тамыздағы оқиғалардан кейін әлемде блок-блокқа бөліну, яғни «қырғи-қабақ соғыс» басталып кетті. Мұндай жағдайда өзара қарым-қатынастың шегін анықтау, сонымен қатар қарулану саясаты бірінші кезекте тұратындығы белгілі. Осы тұрғыдан алғанда, Ақтөбедегі кездесуде Кремль Қазақстанды батысқа қарсы қойылған өз блогына тартуға тырысады дейді саясаттанушы:
- Қарулану бәсекесі басталды. Әзірше Қазақстан екі жақпен де байланыс орнатып отыр. Яғни, елдің көп векторлы саясаты сақталады. Ресей болса, Астананы бұл саясатынан тайдыруға күш салады.
Ал, саясаттанушы Досым Сәтпаевтың пікірінше, Қазақстанның Кавказ аймағындағы жанжалға қатысты ұстанымы әлі де болса анық емес. Сондықтан басы ашық мәселелер бар деген сөз.
- Бұл кездесуде Кавказ аймағындағы жанжалдарға қатысты мәселелер талқыланатындығы айтпаса да белгілі. Екі мемлекеттің басшылары, көпшілік алдында пікір алмаспаса да, бұл тақырыпты жабық есік жағдайында сөз етеді деп есептеймін. Өйткені, бұл мәселеде Қазақстанның ұстанымы бұлыңғыр болып тұр. Ал Ресей оған қанағаттана қоймайтындығы анық.
Досым Сәтпаевтың пікірінше, президенттер Ақтөбеде аймақтағы ықпалдастық процестерге ерекше көңіл бөлуі мүмкін. Өйткені, Ресей Дүниежүзілік сауда ұйымына кіруден бас тартты. Соған байланысты Кремль әлемдік сауда ұйымына балама одақтарды құруға ұмтылатындығы белгілі. Бұл ретте Қазақстан, Ресей және Беларусь арасындағы Кедендік одақты құру жұмысына дем берілуі мүмкін.
- Менің пікірімше, осы кездесуде, соңғы уақыттағы геосаяси өзгерістерді ескере отырып, Ресей өзінің посткеңестік аймақтағы жаңаша ұстанымдарын айқындауға тырысады. Яғни, осы мәселеде Астанаға да үлкен жүк артылуы әбден мүмкін. Олай дейтініміз, Қазақстан қазірдің өзінде аймақтағы көптеген ортақ жобалардың басында жүр, - деді Досым Сәтпаев.
Сонымен қатар, сарапшылар Қазақстанның Батыс елдерінен үзілді-кесілді қол үзіп, Ресей блогына толықтай кіре салмайтындығын баса айтып отыр. Саясаттанушы Әзімбай Ғалидың пікірінше, көп жағдайда батыстың берері Ресей блогынан артығырақ болуы мүмкін.
- АҚШ – ЕуроОдақ Қазақстанға экономикалық мүмкіндіктерді ашады. Оның үстіне Астана «Еуропаға жол» бағдарламасын жүзеге асырмақ. Мұнай және газ тораптарының тартылуына Батыс елдері мүдделілік танытып отыр, - деді Әзімбай Ғали.
XS
SM
MD
LG