Accessibility links

Энциклопедиялық ілім иесі болған әл-Фараби еңбектерінің бүгінгі күнге тек бестен бір бөлігі ғана аман жеткен екен. Солардың өзінде қатпар-қатпар сыр жатыр.


Тоғызыншы ғасырдың соңы мен оныншы ғасырдың алғашқы жартысында Түркі даласының ұланы, тұтас адамзат баласының маңдайына біткен жарық жұлдыздарының бірі-Әбу Насыр әл-Фараби әлемдік руханиятқа өзінің өлшеусіз үлесін қосып жатты.
Қазақ жерінде, Арыс өзенінің бойындағы Отырар қаласында дүниеге келген болашақ ғалымның толық аты-Мұхаммед ибн Мұхаммед ибн Тархан ибн Ұзлағ әл-Фараби ат-Түрки еді.

ТІЛІН ҚЫПШАҚША «СЫНДЫРҒАН» ҒҰЛАМА

Тархан деген атына қарап-ақ оның түркі тектес халықтар арасынан шыққандығын замандастары да, тарихшылар да бірден аңғаратын. Ежелгі Отырар топырағында асыр сап жүрген баланың тілі алғаш қыпшақ тілінде шыққан еді, дейді ғалымдар. Оның аса зеректігі мен ілім-білімге деген құштарлығы бала кезінен білінген екен. Ол сонымен бірге араб, парсы, латын, грек және санскрит тілдерін де өсе келе еркін меңгеріпті.

Әбу Насыр әл-Фараби әлемдік деңгейде «екінші Аристотель» атанған ғажайып ғұлама болатын. Оның атсалыспаған ғылым саласы жоқтың қасы болар. Атап айтқанда: тіл білімі, әдебиет теориясы, философия мен медицина, музыка және логика, математика мен астрономия ілімдері хақында арнайы трактаттар жазған.
Өкінішке қарай, осынау ұшан-теңіз рухани туындылардың көбісі жоғалып кетіп, біздің заманымызға тек 40 шақты еңбегі ғана жеткен екен. Себебі ғалым өз еңбектерін ел ішіне қолжазба күйінде таратып отырған көрінеді. Әттең дүние, ол жәдігерлердің қосымша нұсқалары болмаған, болса да ел ішіне негізгі нұсқасымен қоса таратылған сияқты. Сонымен, әл-Фараби мұраларын зерттеуші әлемдік ғалымдар осынау «екінші Аристотель» атанған ғұламаның қаламынан туындаған еңбектердің жалпы саны туралы әрұдай пікір ұстануда. Олардың бірінің айтуынша 117, екіншісінің сөзіне қарағанда 160, үшіншісінің болжамынша 200-дей трактат жазылған екен.

«ШЫҒЫСТЫҢ АРИСТОТЕЛІ»

Дегенмен әл-Фараби өзге біліктерінен гөрі әлемге ғұлама философ ретінде кеңінен танымал. Мысалы, «Данышпандықтың інжу-маржаны», «Ақылдың мәні туралы трактат», «Ғылымдардың шығуы», «Аристотель еңбектеріне түсіндірме» тектес трактаттары арқылы ғаламдық ойдың дамуына өзінің қомақты үлесін қосқан. Сондықтан да халық оны «Шығыстың Аристотелі» атандырып кеткен болатын. Ол ежелгі заман ойшылдары Аристотель, Платон, Гален шығармаларына терең талдаулар, түсініктемелер жазды.
Бұл орайда Фараби танушы ғалым Ақжан Машанұлы 1994 жылы «Қазақстан» баспасынан жарық көрген өзінің «әл-Фараби және Абай» деген еңбегінде: «...бұл кісіден бұрын да, кейін де даналар болды. Бірақ олардың ішінде...аса ірі жаңалық ашқан ғалымдарды табу қиын... Платон, Аристотель, Птоломей сияқты ғұламалар музыканы жөнді меңгере алмағандарын өздері жазып кеткен...»-деп отырарлық ойшылды жоғары бағалайды.

Қыпшақ даласының осынау перзенті сонымен бірге әлеуметтік-қоғамдық және этика саласына да қалам тербеген жан. Мысалы, «Бақытқа жету жайында» деген еңбегінде «оның бірден-бір жолы ғылымды, білімді игеруде», деп насихат айтады.
Ал «Қайырымды қала тұрғындарының көзқарастары» деген трактатындағы бірнеше тарауларда «Бірінші тұлға туралы» толғанады. Мысал келтіріп көрелік:

«Бірінші тұлға - барлық жан біткеннің өмір сүруінің басты себебі. Жалғыз Сол ғана кемшіліктен ада: басқа жан біткеннің бәрінде ең болмағанда бір кемшілік, немесе бірнеше кемшілік бар. Ал Біріншіні алатын болсақ, ол мұндай кемшіліктің бәрінен ада. Өйткені Оның тіршілігі-кәміл. Және болмысында басқаның бәрінен озық. Одан кәміл жетілген ешнәрсе жоқ. Және Одан бұрын ешнәрсе болмақ емес. Бұл ретте Оның тіршілігі ең мәртебелі дәрежеде, әрі ізгі, әрі кәміл жетілген...» дейді ғұлама он сегіз мың ғаламды Жаратқан, аса Қамқор, ерекше Мейірімді Алла-Тағаланың құдіретін түсіндірмекке ұмтылысы барысында. Бұл үзінді «Ғылым» баспасынан 1973 жылы жарық көрген Әл-Фарабидің «Философиялық трактаттары» жинағынан келтіріліп отыр.

Енді ғұламаның әдебиет теориясы саласына арнаған шығармаларына ден қойсақ. Мысалы Фараби ойшыл «Өлең кітабы» атты еңбегінде өлең жазу ісіне қойылатын шарттарға тоқталған екен. Ішкі терең мағынаға сыртқы пішін, яғни сұлу ұйқас үндесіп келгенде ғана әсем жыр туындайтынына мегзейді ол.

Ал «Өлең өнерінің қағидалары туралы» еңбегінде ежелгі заман ойшылы Аристотелдің «Поэтика» атты еңбегіне сүйене отырып, жыр жазу машығы мен ақындық шеберлік жайына тоқталып өткен екен.

Енді ақын Фараби қандай жыр төкті екен, осыған келсек... Әл-Фараби еңбектерін зерттеу ісіне айрықша үлес қосқан ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор Немат Келімбетов ұлы ойшылдың біраз өлеңдерін аударған екен.
«Адамға бір сәттік қысқа ғұмыр берілген,
Сол қас-қағымдай сәттің өзін көп көріп,
Адамдар бірін-бірі жегідей жейді,
Бірін-бірі азапқа салып қинайды.

Түкке тұрғысыз атақ-даңққа таласып,
Қашанға дейін бір-бірімізді азаптай береміз?
Одан гөрі көк Тәңірісіне жалбарынып,
Өліп кеткеніміз жақсы емес пе?»-деп ой сала жырлаған екен ғұлама ақын.
Әл-Фараби сондай-ақ, өз туған топырағында ғажайып ғылыми мектептің негізін салып кетті. Онда әл-Жаухари, әл-Түркістани, әл-Отрари сияқты ойшыл шәкірттері тәрбиеленген болатын.

ҒАЛЫМДАР ҒҰЛАМА ЖАЙЫНДА

Әр дәуірде өмір сүрген данышпан ұлдар әл-Фараби еңбектерін жоғары бағалап, пікірлерін білдірген, өздеріне үлгі тұтқан. Мысалы Әбу Әли ибн Сина былай деп жазған екен: «...Үйге келген бойда оны оқуға кірістім. «Метафизика» ойымда жатталып қалғандықтан, сол сәтте-ақ кітаптің мазмұнын түсініп алдым. Бұған қатты қуанып кеттім. Мұндай кітаптың табылғанына шүкіршілік жасап, ертеңіне-ақ кедейлерге біраз садақа бердім»,-деп ағынан жарылады ұлы ибн Сина.

Фараби жөнінде әлемдік деңгейдегі басқа да ғалымдар шынайы пікірлерін былайша білдіріскен екен. Мысалы Захируддин әл-Байхаки «.. ол кісінің «Екінші ұстаз» деген лақап аты бар екен»,-дей келіп, ғұламаның трактаттарынан, үлкен құрметпен, мынандай үзінділер келтірген:

«...Білім жолына түскен жан күнделікті күйбең тіршілікті ойламауы қажет...Білімді өзіне кәсіп, өнер етіп алмауы керек. Әрі оны мал-дүние табу құралы етіп жібермеуі тиіс...»

«Ағаштың өсіп-жетілгенін бұтақтағы жемісіне қарап бағалайды ғой».
«Сондай-ақ адамның басына қонған бақыттың тұрақты болуы жақсы мінез-құлыққа байланысты.»
«Кімде-кім өзін, демек өз дәрежесін көтермек болса, ондай адамның өсу жолына тосқауыл қойылады»,-деген екен әл-Фараби бабамыз.

Ал «ұлы ғұлама қашан қайтыс болды?»-деген сауалға орай мынандай жорамалдар бар. Ибн Әби Усайбиа деген ғалымның естелігіне сүйене отырып, ғалым Немат Келімбетов былай дейді: «...кейбір шейхтардың айтуына қарағанда, Әбу Насыр әл-Фараби «949 жылы Мысырға сапарлап барған. Кейін Дамаскіге қайтып келіп, осы жерде 950 жылы қыркүйек, хыжраша рәжаб айында, Сайф әд-Даула ибн Хамдан әмірлігінде қайтыс болған».

Ибн Әби Усайбиа ғалым тағы былай деген екен: «... Әбу Насыр өте қанағатшыл адам болғаны үшін әмірші Сайф әд-Дауланың ерекше құрметіне бөленген көрінеді. Соған қарамастан Фараби күніне 4 дирхам күміс ақшадан басқа ешқандай сый-сияпаттан пайдаланбаған екен. Сол төрт дирхамды тіршілікке зәрлі болған нәрселерге ғана жұмсайтын болған. Ол «тіршілігім не болады?» деп қайғырмаған да екен...»

Дәл осыған ұқсас пікірді фарабитанушы ғалым Ақжан Машанов «әл-Фараби және Абай» деген еңбегінде былайша тарқатады:
«..Шындық жолдан адамды адастыратын нәрселер бар. Олар: тән тілегі, нәпсі. Әл-Фараби- ол жағына да шегіне жеткізе тыйым салған адам. Демек ол шындық жолына ғылыми ізденістер арқылы ғана емес, өзінің барлық тірлік-болмысымен түскен адам», - деп ой түйеді ғалым Машанұлы.

Фараби тану ісі Қазақстанда кеңес үкіметі жылдары, яғни 1960 жылдары едәуір қарқынмен жүргізілген болатын.
Жоғарыда аттары аталған ғалымдар А. Машанов, Н. Келімбетов, сондай-ақ А. Қасымжанов, А. Көбесов сынды ғалымдар бұл ғылыми іске айтарлықтай өз үлестерін қосты.

Қазір саябыр тартып тұрған фарабитану ісінің қазақ топырағында әлі талай белестерге көтерілетініне үміттіміз.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG