Accessibility links

Қазақстандық жастар биліктің қолындағы "қуыршақ" құралға айналғысы келмейді


Ертең Астанада Қазақстан жастарының жалпы республикалық 3-ші форумы басталады. Қазақстанда жастардың түрлі бағытта жұмыс істейтін 727 қоғамдық ұйымы тіркелген. Десек те, қоғамда жастардың белсенділігінен гөрі енжарлық пен бойкүйездігі басым.

Бүгін 3-нші жалпы республикалық жастар форумына қатысуға Қазақстанның әр түкпірінен келген дегегаттар Астанада бас қосуда. Форумның негізгі жұмыс күні ертең басталмақ. Форум делегаттары қолданыстағы 2004 жылы қабылданған жастар саясаты туралы заңға өзгертулер мен толықтырулар енгізу жөнінде ұсыныстарын жасамақ. Және ҚР Президенті жанындағы жастар саясатын дамыту кеңесінің отырысы болып, онда бес бағыт бойынша жастар тарапынан жасалған бес бірдей бағдарламаның жобалары талқыға салынады.

Қалалы жердегі қоғамдық ұйымдар мүшелерінің көбі студенттер. Ал, ауылдық жерлердегі жастар қоғамдық-саяси жағдайларға қызықпайды тіпті мүлдем хабарсыз. Мұны Қазақстан жастар одағының төрағасы Әсет Қайырханұлы растайды:

— Жастардың қоғамдық-саяси белсенділігін үш топқа бөліп қарастырған жөн. Біріншісі, өзіне өмірден не қажет екенін білетін, мақсат-мұратын айқындаған, қоғамдық-саяси алаңда белсене қызмет атқарып жүрген топ. Екіншісі, елдегі саяси - қоғамдық істерге немқұрайлы қарайтындар. Үшіншісі, ешнәрсеге қызықпайтын, ешқандай саяси процеске қатыспайтын жастар. Жастардың мұндай үш тобы әлемнің кез-келген мемлекетінде бар. Ал, Қазақстанда жоғарыдағы жіктеулердің үшінші тобындағылардың саны көп.

Алайда, Нұр Отан» партиясының жастар қанаты «Жас Отанның» атқарушы хатшысы Бақытжан Нарымбетовтің ойы жастардың көп бөлігі барлық іске мемлекет жауапты деген жаңсақ пікірде дегенге саяды.

— Қай салаға болмасын қатысты істі мемлекет атқару керек деген пікірді жастардың аузынан жиі естиміз. Бұл дұрыс емес. Жастар өз мәселелерін өздері шешуге ұмтылыс жасау қажет. Және мемлекет ісіне де бел шешіп араласқаны жөн. Жастар елдің болашағы. Президентіміздің айтқандарын басшылыққа ала отырып, аянбай еңбек етуіміз керек. Сонда ғана біз еліміздің баянды болашағына өзіндік үлесімізді қосамыз.

«Биліктің партиясы болып саналатын «Нұр Отанға» студенттерді тізім бойынша өткізу және партияның болмаса биліктің өткізетін іс-шараларына жастарды жаппай қатыстыру, керек десеңіз, заңға да қайшы",-деп сөз бастаған студент Жанболат Мамай:

— Мысалы, Олимпиада алауы Алматыға келген кезде аталмыш шараға 30 мыңға жуық студент қатыстырылған. Бұл деген масқара. Билік студент жастарды әлеуметтік тап, елдің болашағы деп қарамайды. Қажет кезде іске қосатын қолындағы белгілі күшке балайды. Сайлау кезінде де студенттерді мұрнынан тізіп апарып Н.Назарбаевқа, «Нұр Отанға» дауыс бергізгені туралы фактілер жеткілікті.
Осылайша өз ойын бүкпесіз жеткізген Жанболаттың айтуына қарағанда, жастардың өзі таңдаған саяси партияларға мүшелікке өтуі, сайлау тұсында өзінің қалаған кандидатына дауыс беру құқы бұзылмауы керек.

Жастардың өзіндік көзқарасының қалыптаспауын мемлекеттің негізгі ұстанымының жоқтығына байланысты екенін баян еткен жас журналист Тоқтарәлі Таңжарық:

— Жастар болашаққа сенбейді. Себебі, Қазақстан дүбәра мемлекетке айналып бара жатыр. Осыған дейін өз жемісін бермеген саяси реформалар жастардың мемлекетке деген сенімін жер қылды. Әрине, биліктің ықпалымен «Отаным, Қазақстаным» деп тебіреніп сөз бастайтын жастар бар. Бірақ, олардікі жасандылық. Биліктің үйретуімен солай істейді.

Бүгін Астанада Қазақстан жастарының 3-нші республикалық жалпы форумы басталды. Форумға аттанып бара жатқан Алматы қаласы әкімшілігі жастар саясатын дамыту мемлекеттік қоры директорының орынбасары Дәурен Мұхамеджанов:

— Жастардың қоғамдық-саяси белсенділігі жоғары деуге болады. Қазіргі жастардың дені білімді, өз таңдауын жасаған, болашақтарына сенімді азаматтар. Оның жарқын көрінісі ретінде осы ұйымдастырылып жатқан форумды айтуға болады.

Азаттық радиосы алғашқы болып хабарлаған, алматылық студенттердің президент Н.Назарбаевтың атына жолдаған үндеуіне қолдау көрсеткен «Азат» партиясының төрағасы Болат Әбілов «Жас Алаш» газетіне берген пікірінде былай деген екен: «Бүгiн iргетасын қалап жатқан мемлекеттiң ертеңi қалай болмағы жастарға тiкелей байланысты. Мұны есiнен шығарып алған билiктiң шабынан түртiп, ұйқысынан оятып қойғандарың өте дұрыс болды. Осы жағдайды пайдалана отырып, мынаны айтқым келедi: Достар, жоғарыдағылар сендердiң қойған талаптарыңа жауап қатпауы мүмкiн. Тiптi «үнiн өшiрiңдер» деген тапсырма да берiлуi ғажап емес. Мұндайға мойымаңдар. Бәрi де өз қолдарыңда. Сендер осы елдiң азаматысыңдар. Мемлекеттiң болашағы — өз болашақтарың!»

XS
SM
MD
LG