Accessibility links

Заңсыз жер сатумен айналысқан кімдер?


Шаңырақтағы заңсыз деп танылған баспаналар.
Шаңырақтағы заңсыз деп танылған баспаналар.

Қазақстандық баспасөзде Алматы қаласының даулы аудандарында халыққа жалған құжаттар арқылы жер учаскелерін сатып, алаяқтықпен айналысқан екі қылмыстық топтың құрықталғаны хабарланды.

Алматы қалалық Ішкі істер департаменті бастығының орынбасары полиция полковнигі Бақытбек Балғымбаевтың сөзіне қарағанда, Республиканың әртүрлі аймақтарынан келген үш азамат «Шаңырақ» ықшам ауданының территориясынан қарапайым халыққа заңсыз жер сатумен айналысқан.
Бүгінгі таңда Алматы қаласының негізгі проблемаларының біріне айналып отырған «Шаңырақ», «Бақай» және «Красный Трудовик» сияқты шағын аудандарындағы заңсыз құрылыстардың бой көтеруіне ат салысып жүрген адамдардың алғашқы легі ұсталғанымен, кейбір саясаткерлер бұл қылмысқа биліктің де қатысы бар деп отыр. Олардың пікірінше, 5-6 жылдан бері ұсталмай жүрген қылмыстық топтың заңсыз құрылыстарға байланысты мәселенің тым ушығып бара жатқан соң ғана қолға түсуі, кез келген адамның күмәнін туғызады.
Бұл жөнінде саясаткер Жасарал Қуанышәлин «Азаттық» тілшісіне берген сұхбатында былай деді:
- Керек десеңіз, бұл туралы президент Назарбаевтың өзі жер-жерлердегі шенеуніктер жер сатып, көп нәрсені бүлдіріп жатыр деп ашық айтқан болатын. «Балық басынан шіриді» дегендей, бүгінгі даулы аудандардағы заңсыз құрылыстарға әкімшілік қызметтегі шенеуніктердің де қосқан үлесі бар екені өтірік емес. Жалпы, «Шаңырақ», «Бақай» және «Красный Турдовик» секілді ықшам аудандарда қарапайым халыққа заңсыз жер сатты деген күдікпен бірнеше адам ұсталды. Мұның артында биліктің кезінде өзі жасаған қылмысын жабу әрекеті тұруы мүмкін екенін жоққа шығаруға болмайды.

Жасарал Қуанышәлі: Заңсыз құрылысқа шенеуніктердің де қатысы бары өтірік емес.
Даулы аудан немесе заңсыз құрылыстарға жол берді деп аталып жүрген «Шаңырақ», «Бақай», «Красный Трудовик» ықшам аудандарының тұрғындары өздері үй салған жер учаскелерін кезінде қандай да бір алаяқтардан емес, қалалық әкімшіліктің қызметкерлерінен сатып алғандарын айтып отыр. Осы мәселеге байланысты «Шаңырақ-5» ықшам ауданының тұрғыны Күләйша Жамалова Азаттық радиосына берген сұхбатында, өздеріне жер сатқандардың атын атап, түрін түстеп берді.
- Осыдан бірнеше жыл бұрын Алматының іргесінде жер сатылып жатыр деген хабарды естіген соң, қалаға келіп, таныстарымның таныстары арқылы әкімшілік қызметкерлерінен үш мың долларға алты соттық жер сатып алдым. Сол уақыттағы құжаттар менде әлі де сақтаулы. Бізге бұл жерді дәл қазіргі таңда Алатау ауданы әкімінің кеңесшісі болып қызмет етіп жүрген Ринат Сиқымбаев пен жергілікті өзін-өзі басқару комитетінің төрайымы Нәйла Бегімова сатқан болатын. Жалпы, кімнің алаяқ екенін түсінбей қалдық қой. Біз қоныстанған елді мекендегі тұрғындардың барлығы дерлік жер учаскелеріне әкімшілік арқылы қол жеткізді. Басқасынан хабарым жоқ, - деді ол.
Бірақ Алатау ауданы әкімінің кеңесшісі Ринат Сиқымбаев жергілікті тұрғындардың өзі туралы айтып жүрген сөздерін жоққа шығарды.
- Ия, Нәйла Бегімова екеуіміз туралы айтылып жүрген мұндай әңгімелердің талайын естіп жүрмін. Жер бөлуге немесе сатуға біз тұрмақ аудан әкімшілігінің де құзыры жоқ. Бұл әңгімелердің тууына қандай себептердің әсер етіп отырғанын іштей сеземін. Мен Жетісу ауданы әкімінің кеңесшісі болып қызмет етіп жүрген кезімде де осы заңсыз құрылыстармен күрестім. Жерді ешкімнің рұқсатынсыз, өз бетінше басып алғандардың құрылыстарын бульдозермен қиратқыздық.
Сол уақытта заңсыз құрылыстың иелері Нәйла Бегімова екеуміздің аты-жөндерімізді жаттап қалған болу керек деп ойлаймын. Өйткені, сол аудандарға жиі-жиі барып тұрдық. Бұл әңгіменің рас-өтірігін арнайы құзырлы органдар анықтайды. Біздің жер сатуға қатысымыз бар деп айтылып жүрсе, дәлелдесін. Қарапайым тұрғындар тұрмақ, осыдан аз уақыт бұрын қалалық әкімшіліктің ішкі саясат бөлімінің қызметкерлері де осы тектес әңгіме айтып жүр дегенді естідім. Нәйла Бегімова екеуіміздің жер сатқанымызды білетін болса, неменеге оны бізге айтпайды. Сыртымыздан осындай әңгіме туғызғанша, нақты фактілермен дәлелдесін, - деді Ринат Сиқымбаев.
Кеңсесі «Красный Трудовик» ықшам ауданында орналасқан жергілікті өзін-өзі басқару комитетінің төрайымы Нәйла Бегімованың да пікірін білмек болғанымызда, оған хабарласа алмадық. Ринат Сиқымбаевтың айтуынша, Нәйла Исмайылқызы отырған кеңсе – колхоздың бұрынғы клубы. Ол жерге әлі күнге дейін телефон байланысы орнатылмаған.
Жұма күні осы мәселеге байланысты даулы аудандар деп аталып жүрген «Шаңырақ», «Красный Трудовик» ықшам аудандарына барғанымызда да, жергілікті тұрғындар қалалық әкімшіліктің ішкі саясат бөлімінің қызметкерлерінің келіп, кезінде осы маңайда жер сатумен айналысқан адамдардың аты-жөндерін сұрастырып кеткенін айтты.
Ал, Алматы қалалық әкімшілігінің ішкі саясат басқармасының бас маманы Серік Түймебаев, Азаттық тілшісіне берген сұхбатында, заңсыз жер сатқан алаяқтардың аты-жөнін білу үшін «Шаңырақ», «Бақай» және «Красный Трудовик» сияқты елді мекендерге бармағанын айтты.

- Жалпы, біз ешқандай әңгіме тудырмаймыз. Мұндай ақпараттың сізге қалай жеткенін түсінбей отырмын. Негізі, біз жоғарыдан түскен нұсқау бойынша жұмыс жүргіземіз, - деді ол Азаттық тілшісіне.
Алматыдағы даулы аудандар мен жатақханалардың мәселелері бойынша түрлі наразылық шараларын ұйымдастырып жүрген тіркелмеген «Талмас» қоғамдық ұйымының жетекшілерінің бірі Ризада Жақыпбек, осыдан аз уақыт бұрын қалалық әкімшіліктің ішкі саясат басқармасының бас маманы Серік Түймебаевтың өзіне хабарласып, оның «Шаңырақ», «Красный Турдовик» және «Бақай» ықшам аудандарында қарапайым халыққа заңсыз жер сатқан адамдардың аты-жөнін сұрастырғанын айтып берді. Сонымен қатар, Ризада Жақыпбектің сөзіне қарағанда, Серік Түймебаев аталған мәселеге байланысты Алатау ауданы әкімінің кеңесшісі Ринат Сиқымбаев пен жергілікті өзін-өзі басқару комитетінің төрайымы Нәйла Бегімованың қаншалықты қатысы бар екенін айтып беруін өтінген.
- Мен қарапайым халықпен көп кездесіп жүрмін ғой. Әсіресе Алатау ауданына қарасты даулы ықшам аудандардың тұрғындары кезінде өздері тұрып жатқан жерді қалалық әкімшіліктің қызметкерлерінен сатып алғандарын талай айтты. Және, заңсыз жер сатуға қатысы бар адамдардың ішінде Ринат Сиқымбаев пен Нәйла Бегімованың да аты-жөнін атаған болатын, - деді ол.
XS
SM
MD
LG