Accessibility links

Қаржы полициясының бұрынғы полковнигі Серік Салтанбековты Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері әкеткеннен бері, ол туралы әлі ешқандай хабар-ошар жоқ.

Оның жақын туыстары Ішкі істер басқармасы мен қалалық прокуратураға арызданса да, олардың тарапынан қандай да бір әрекеттердің жасалмай жатқандығын айтып отыр. Салтанбековтың із-түссіз жоғалып кеткеніне он күнен асты. Егер де оны Ұлттық қауіпсіздік комитеті тұтқындаған болса, ол туралы туған-туыстарына не себепті ештеңе айтылмай отырғаны түсініксіз.
Адвокат Серік Сәрсенов Азаттық радиосына, әуел баста Ұлттық қауіпсіздік комитетінің тергеушісімін деп таныстырған Масқарбаевтың, Серік Салтанбековке билікті күштеп басып алуға әрекет еткені үшін айып тағылып отырғанын жеткізген болатын. Салтанбековтың кезінде Рахат Әлиевтің қарамағында жұмыс істеп, басшылық қызметтер атқарғанын ескерсек, оның «рахатгейт» деген атаумен белгілі болған қылмыстық істерге қатысы болуы мүмкін бе? Мұны айтып жатқан себебіміз, Рахат Әлиевтің тобында болған біраз адамдар сотталып, біразы бас сауғалап шетел асқан соң, арада көп уақыт өтпей жатып, Салтанбеков те Павлодар облыстық қаржы полициясының басшылығынан босатылған. Дегенмен, адвокат Сәрсенов, Салтанбековтың Рахат Әлиевтің қол астында қызмет еткенін жасырмаса да, оның «рахатгейтке» қаншалықты қатысы бар екенін білмейтіндігін айтты.
Салтанбековты тергеу абақтысында емес, үй қамауында ұстап отыр деп оның әйелі Әлияға айтыпты деген адвокат Азат Файзуллинге хабарласқанымызда, ол бұл жағдайды былайша баяндап берді:
- Кеше кешкісін Серік Салтанбековтың туған-туыстарының шағымы бойынша Медеу аудандық Ішкі істер басқармасына бардым. Сол жаққа телефон шалсаңыз олар барлық жағдайды түсіндіріп береді. Ал Салтанбековке қатысты қозғалған қылмыстық іс құпия болып саналатындықтан, бұл жөніндегі ақпаратты сендерге ешкім бермейді. Серікті үйінен ұстап алып кеткен соң, үш күннен кейін оны қорғаудан бас тартып, тиісті мекемеге арыз жаздым. Себебі, маған жан-жақтан қысым жасалды, оның ішінде ақпарат құралдары да бар. Ал Серіктің әйелі Әлияның мен туралы айтып жүргені қып-қызыл өтірік. Керек болса, мен олардың ешқайсысымен әлі сөйлескен де жоқпын.
Алайда,Әлия Амангелдіқызы Файзуллиннің айтқандарын жоққа шығарып отыр. Ол Азаттық тілшісіне берген сұхбатында, Азат Файзуллинмен оның кеңсесінде кездескені туралы айтып берді. - Сол уақытта менің күйеуімнің қорғаушысы ешқандай әрекет қолдаңбаңдар. Барлығы жақсы болса, оны үй қамақтан босатады, - деді, ол.

Серік Салтанбековке байланысты ақпараттардың құпия екенін оның алғашқы адвокаты Файзуллин де растады. Дегенмен, оның жақын туыстарына Серіктің дәл қазіргі уақытта қай жерде екенінің не себепті айтылмай жатқаны әзірше белгісіз. Мүмкін, Серік Тұяқұлына қатысты қозғалған немесе қозғалайын деп жатқан қылмыстық іс шын мәнінде де қоғамға және оның туған-туыстарына жария етілмеуі тиіс ақпараттардың бірі шығар.
- Мен оның айтып жатқан бірде-бір сөзіне сенбеймін. Бүгін Серіктен хабар болмай жатқанына екі аптаға таяды. Файзуллин түсіндіріп жатқандай, Серікке қарсы қозғалған қылмыстық іс расында да құпия болып саналса, ең құрығанда оның қай жерде отырғанын неге айтпайды? Заңға қарайтын болсаңыз, қандай істің мемлекеттің құпия болып саналатындығы ашық айтылған.
Ол барлығын өтірік айтып отыр. Кеше біз Медеу аудандық Ішкі істер басқармасынан нәтиже болмайтындығына көз жеткізген соң, Алматы қаласының Ішкі істер басқармасына да арыздандық. Бірақ, олар да жөні түзу сөз айтып жатқан жоқ. Ертең қалалық және аудандық сотқа шағым түсіремін. Енді ол жақтағылар да ешқандай әрекет етпесе, Серікті құтқару үшін қандай әрекет жасауға болатындығын айта алмаймын. Бірақ, бүгінгі күнге дейін Салтанбековтан хабар болмауына Файзуллиннің де қатысы бар деп күдіктенемін. Менің жеке пікірім, ол барлығын жақсы біледі. Біліп тұрып, ештеңе айтпай отыр. ҰҚК десе барлығы қорқады. Осы үрейдің салдарынан Серік Салтанбековтың қайда екенін біле алмай отырмыз емес пе, - деді адвокат Серік Сарсенов.
Осы оқиғаға қатысты дүйсенбіде Ұлттық қауіпсіздік комитетінің баспасөз қызметіне хабарласқанымызда жауап ала алмадық. Бұл жолы олардың Серік Салтанбековке байланысты айтқан ақпараты мардымсыз болды:

- Біз сіздердің сұрауларыңыз бойынша тиісті бөлімдерге хабарласып көргенімізде, ол жақтағылар Серік Тұяқұлына қатысты ақпараттарды жоққа да шығарған жоқ, растаған да жоқ. Әзірше қолда бар ақпараттар осы ғана. Басқасынан хабарсызбыз - деді, баспасөз қызметінің өкілі Ислам Бекішов.
Серік Салтанбековтың адвокаты Серік Сәрсеновтың айтуынша, Медеу аудандық Ішкі істер басқармасы адам ұрланғанына байланысты тиісті шаралар қолдану керек еді. Біз ол жақпен хабарласқанымызда, тергеу бөлімінің бастығы Амангелді Әділбаевқа сілтеді. Күні бойы телефон шалсақ та, қандай да бір ақпарат алу мүмкін болмады.
Серік Салтанбековты 6-тамыз күні Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкеріміз деп таныстырған адамдар үйінен алып кеткен болатын. Содан бері оның қайда екенін ешкім білмейді.
XS
SM
MD
LG