Accessibility links

Оппозиция неге үндемеді?


«Өкіл қайын ата» кітабының жарық көруі биліктегілерді ғана емес, елдегі оппозиция басшыларын да абдыратып тастағандай болды. Қарт коммунист Серікболсын Әбділдиннен басқаларының кітапты оқыдым деп айтуға батылы жетпеді. Неліктен?

Егер де оппозиция ҚР бас прокуратурасының алғашқы кездегі жасаған «кітапты оқыған азаматты жауапқа тартамыз» деген сұсты мәлімдемесінен шошыса, онда олардың демократиялық құндылықтар үшін күресіп жүргені өтірік болғаны. Себебі, кітап оқығаны үшін жауапқа тарту, орта ғасырда ғана кездесетін жабайылық. Мұндайда оппозиция елдегі азаматтардың құқын қорғап, майданның алға шебінен табылуға тиіс-тұғын. Олай болмады. Оппозиция үндемеді. Бәлкім, не айтарын білмей, сасқалақтады.

Ең қызығы демократияның қазанын қайнатып жүрген «Жас Алаш» газеті де «Өкіл қайын ата» кітабына аса қатты мән бермеді. Елдегі беделі зор оппозициялық басылымның Рахат Әлиевтің кітабындағы белгілі саясаткер Алтынбек Сәрсенбайұлының өліміне қатысты келтірілген жаңа деректерге қызығушылық танытпағаны, расында да таң қаларлық жағдай.

Өз басым журналист Сергей Дуванов оқыған және онымен танысу үшін құқық қорғаушы Андрей Свиридовке берген «Өкіл қайын ата» кітабын Жармахан Тұяқбай немесе Болат Әбіловтердің оқымағанына аса сенбеймін. Сейсенбі күні өткен баспасөз мәжілісін өткізген «Азат» партиясының басшысы Болат Әбілов журналистерге кітапты оқымағанын, тек қызық үшін кей беттерін парақтағанын айтып, ақталғандай болды. Кімнің алдында? Президенттің бе, әлде ҚР бас прокуратурасының ба? Мүмкін, Болат Әбілов президенттің күйеу баласы Рахат Әлиев айтып жүрген оппозицияны қаржыландыратын Ақ-Орданың алдында ақталғысы келген шығар?
XS
SM
MD
LG