Accessibility links

Желтоқсан оқиғасының 20 жылдығы желтоқсандықтардың көңілінен шықпады


1986 жылғы Алматыдағы қазақ жастарының Мәскеу саясатына қарсы бас көтеруіне қатысқан азаматтар Желтоқсан оқиғасының 20 жылдығы өз деңгейінде аталып өтпеген деген пікірде. Сонымен қатар, желтоқсандықтар қаралы оқиғаның саяси бағасы тағы да берілмей қалғандығына наразылық танытып отыр.

Желтоқсан оқиғасына саяси баға берілуін алғаш рет талап еткендердің бірі Жансая Сәбитова сол қанды қырғынның жиырма жылдығында билік ресми бағасын беретін шығар деген сенімде болғандығын айтады.

- Бұл бізге емес, ел үшін керек нәрсе еді ғой. Заңды түрде тарихи-саяси баға берілген соң халықаралық ұйымдарға шағым түсіру арқылы адамгершілікке қарсы қылмыс ретінде танытуға күш салғымыз келген еді. Міне, жиырма жыл өтті, бұл оқиға әлі өз бағасын алған жоқ. Мен осы жолы билік тарапынан бір саяси бағасы беріліп қалатын шығар деп Астанада тәуелсіздіктің 15 жылдығына орай Президенттің қатысуымен өткен жиынға барып едім, тағы да «желтоқсан оқиғасы» туралы жарым сөз айтылған жоқ, - дейді Жансая Сәбитова.

Ал Желтоқсан оқиғасына қатысқандардың бірі Қалдыбай Әбенов болса Желтоқсан оқиғасының жиырма жылдығы елеусіз өтетіндігін алдын ала сезгендігін айтады.

- Менің көңілімнен шыққан жоқ. Желтоқсан көтерілісінің жиырма жылдығы елеусіз-ескерусіз өтеді-ау деген менде бір күдік болған еді. Ескерусіз өтіп жатыр дегенім, бүкіл Қазақстан бойынша Желтоқсан оқиғасының жиырма жылдығы туралы ешқандай хабарландыру-жарнамалар ілінген жоқ. Ал бір ай бұрын жастардың қаны төгілген алаңға шырша орнатылып, жаңа жылға дайындық қамына кірісіп кетті. Осыдан-ақ жиырма жылдықтың елеусіз өтетіндігін алдын ала сезген едім, - дейді Қалдыбай Әбенов.

Журналист Жұмаш Көкбөрінің пікірінше, Желтоқсан оқиғасының жиырма жылдығы Тәуелсіздік мерекесінің көлеңкесінде елеусіз қалып қойды.

- Желтоқсанның жиырма жылдығы біздің күткеніміздей болған жоқ. Себебі, жиырма жылдық ҚР Тәуелсіздігінің көлеңкесінде қалып қойды. Желтоқсан оқиғасына арнап қойылған ескерткіш бұдан бірнеше ай бұрын ашылып қойылды. Ал желтоқсанның 17-күнгі шара «жетім қызтың тойындай» болып өтті: алаңға жиналған кісі саны саусақпен санарлықтай ғана. Желтоқсан көтерілісіне байланысты бүгінге дейін саяси баға берілмеуі өз алдына бөлек әңгіме. Бұл жолы осындай бір әңгіме айтылуы керек еді. Сондықтан, Желтоқсан оқиғасының жиырма жылдығы өз деңгейінде өтті деп мен де айта алмаймын, - дейді журналист Жұмаш Көкбөрі.

Ал Желтоқсан оқиғасы туралы «Аллажар» фильмін түсірген Қалдыбай Әбенов жиырма жыл бұрынғы қырғынның желісімен жасалынған туындыны тығылып көруге мәжбүр болғандығын айтады.

- Желтоқсан оқиғасына арналған менің «Аллажар» фильмім еш жерде көрсетілген жоқ. Ал көрсетілген күннің өзінде тығылып отырып қарауға мәжбүр болдық. Мысалы, «Қазақстан» кинотеатрында бірлі-жарым көрсетілімдер болды. Бірақ, кинотеатр алдында фильм жайында немесе Желтоқсан оқиғасы туралы ешқандай хабарландыру ілінген жоқ, - дейді «Аллажар» фильмінің режиссері Қалдыбай Әбенов.

«Желтоқсан көтерілісі» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Гүлнәр Лепесбаева болса осы тарихтың ақтаңдақ беті сол қалпында жабылып қала ма деген қорқынышын жасырмайды.

- Жиырма жыл өтсе де көңілімде қуаныштың ізі көрінбейді. Желтоқсан халықтың көтерілісі: оған 40-50 мың адам қатысты. Біз тәуелсізбіз дейміз. Бірақ бұл тек қағаз жүзінде ма деп ойлап қаламын. Соңғы кездері осылайша Желтоқсан оқиғасына баға бермей жауып тастай ма деген мазасыз ойға батып жүрмін.

Ал Қалдыбай Әбеновтың пікірінше, 1986 жылы жастардың көтерілісін басуға қатысқандар билік басынан кетпейінше бұл оқиғаның саяси бағасы берілмейді.

- 1986 жылы жастардың қанын төккен кісілер билік басынан кетпейінше Желтоқсан оқиғасына саяси баға беру былай тұрсын, ұлттық деңгейде атап өтудің өзі мүмкін емес, - дейді Қалдыбай Әбенов.

Алайда Гүлнәр Лепесбаева жиырма жыл бұрынғы қанды қырғынның ақиқатын ашуда жастарға иек артатындығын айтады.

- Желтоқсан тақырыбы бойынша талай кездесулерге барғанда жастар, оның ішінде мектеп оқушылары неге сіздерге саяси баға берілмей жатыр деп сұрайды. Сол жастар бізді алып шыға ма деп, халыққа үлкен сеніммен қараймын. Жиырма жыл өткеннен кейін бізге саяси баға бер айту біздің намысымызға тиетін нәрсе, - дейді «Желтоқсан көтерілісі» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Гүлнәр Лепесбаева.
XS
SM
MD
LG