Accessibility links

Алматыда бүгін №4, №5 автобус паркінің жолаушылар тасымалдайтын автобустары жолға шықпай қалды.

«Үш сағаттан бері №16-шы автобусты күтіп тұрмын» деген студент Мәрия автопаркте болып жатқан проблемалық мәселе қарапайым халыққа ауыр тигендігін сөз қылды. Бойжеткен жоспарлаған уақытында баратын жеріне жете алмапты:
- Бұл жаман ереуіл. Жаман әзіл. Автобустардың жүрмей қалуының кесірінен көптеген адамдар бүгін таңертеңнен бері баратын жеріне жете алмай жатты. Менің өзім Тастақ ықшам ауданынан университетке келу үшін екі сағат уақытымды жоғалттым. Міне, 15 минут болды - автобустар қайта жүре бастады, - деді Мәрия.
Біз куә болған №5 автобус паркінің №118-ші жолаушылар тасымалдайтын автобусы Алматы уақыты бойынша сағат 13-тен 56 минут кеткенде соңғы аялдамаға келді. Әңгімеге тартқан Мұхит есімді көлік жүргізушісі, Азаттық тілшісіне берген сұхбатында, қаладағы автопарктердің жанар-жағар майдың жетіспеушілігінен автобустарын шығара алмағандықтарын тілге тиек етті:
- Таңертең жұмысқа келіп едім жанар-жағармай таусылып қалыпты. Жұмысқа шықпадым. Ереуілге шығуға жүргізушілер дайындалып жатыр екен. Күнімен көлік кептелісі. Жоспарды орындау қиын. Күніне 4 айналым жасаймыз. Одан түсетін ақша аз. Бір айналымға 4 сағат уақыт кетеді.

Мұхиттың айтуына қарағанда, жүргізушілердің ереуілге шығуының тағы бір себебі - автобустарға валидаторлардың орнатылуымен байланысты:
- Валидаторларды автобусқа орнату қолайсыз. Адамдарды алдыңғы есіктен кіргізіп, артқы есіктен шығаруға көп уақыт кетеді.

Трамвай, троллейбустарға осы жылдың бірінші айынан бастап валидатор, яғни электронды кондукторлар орнатылған болатын. Ал автобустарға бірінші қыркүйектен орнату жоспарланған.
Зейнет жасындағы Валентина Бобровская үнемі №1 троллейбуспен жүреді екен. Ол қоғамдық көліктерге қойыла бастаған электронды кондукторлардың қолайлы екендігін айтады:
- Мен үшін қолайлы. Ешқандай проблема кездеспейді. Менің ренішім жоқ, - деді ол.
Алайда троллейбус жүргізушілері Оңтүстік Корей өндірісінің терминалы көңілден шықпайды деп отыр:
- Халыққа да, бізге де қолайсыз. Адамдар қағаз ақшамен келеді, оны аппарат ұсақтамайды. Біреуіне ақшасын қайтарады, біреуіне қайтармайды. Тіпті, билет бермейтін кездер болады. Олар ақшасын бізден талап етеді. Мен аппаратты бақылаймын ба, жоқ әлде жолға қараймын ба? - деді №1 троллейбустың жүргізушісі Арман Бекмаханов.
Біз осы мәселеге қатысты №4, №5 автобус парктеріне және қалалық жолаушылар көлігі мен автомобиль жолдары департаментіне хабарласқанымызбан тиісті жауап ала алмадық.

Осы тақырыпқа байланысты видеоны көріңіздер: "Автобустар неге жүрмеді?", "Қоғамдық көліктің машақаты".
XS
SM
MD
LG