Accessibility links

Наразы тұрғындар қала әкіміне келді


Полиция қала әкімдігінің алдын бөгеп, пикетшілерді ішке жібермей тұр. Алматы, 10 қыркүйек, 2008 жыл
Полиция қала әкімдігінің алдын бөгеп, пикетшілерді ішке жібермей тұр. Алматы, 10 қыркүйек, 2008 жыл

Сәрсенбі күні Алматы әкімшілігінің алдында бір топ тұрғын баспана мәселесіне байланысты наразылық пикетін өткізді.

Қала әкімінің алдына жиналған наразы топтың көпшілігі әйелдер. Шаңырақ, Бақай, Қарасу, Красный Трудовик секілді елдімекендердегі сот шешімімен заңсыз салынған деп танылған үйлерде және Алматыдағы бірқатар жатақханаларда тұрып келген олар баспана мәселесі бойынша талайдан созылып келе жатқан дауды шешіп беру туралы өздері жазып әкелген үндеуді оқыды Сонымен бірге, наразы тұрғындар құқық қорғау органдары мен жекелеген кәсіпорындардың күзет қызметкерлерінің қарапайым адамдарға әлімжеттік жасап, қол жұмсауын тоқтатуды және әкімшілік жауапқа тартылып, 15 тәулікке абақтыға қамалған тіркелмеген "Талмас" қоғамдық ұйымының жетекшісі Айнұр Құрмановты босатуды талап етті.

Қала әкімдігі алдындағы пикетке қатысушылар, Алматы, 10 қыркүйек, 2008 жыл

Осы жерге келген прокуратура мен полиция өкілдері жиналғандардың дереу тарауын сұрап, заңға бағынбағандардың әкімішілік және қылмыстық жауапқа тартылатындарын ескертті. Заң өкілдерінің пикетшілердің қолындағы жазуларды тартып алып, күштеп таратпақ болған әрекетіне тұрғындар көнбеді.


Пикетшілер ұрандарды жоғары көтеріп тұрғандарды айнала қоршап, полицейлердің ортаға өтуіне мүмкіндік бермеді. Бұл жолы құқық қызметкерлері наразылық танытушылардың ешқайсысының қолындағы жазуларды тартып ала алмады. Арада шамалы уақыт өткенде полицейлердің саны екі есеге көбейді. Тіпті, әкімшіліктің алдына айтқанға көнбегендерді ұстап әкетуге арнайы автобустар да әкелінді.


Наразы топ қала әкімінің кеңсесі алдында тұрып алып «Есімов шықсын!» деп айқайлады. Әкімшілік қызметкерлері қазір әкім Ахметжан Есімовтың қалада жоқ екенін айтты.

Жағдай ушығып бара жатқан соң қалалық әкімшіліктің ішкі саясат бөлімінің қызметкерлері шығып, әкімінің орынбасары Виктор Долженков пикетшілердің арасынан бес адамды қабылдауға дайын екенін айтты. Бұл ұсынысқа келіспеген наразылық танытушылар Долженковпен кездесуге әр ауданның екі өкілінен 12 адам барсын деген талап қойды. Әкімшілік қызметкерлері кабинеттің тар екендігін алға тартып, 12 адамның тым көп болатынын айтты. Тұрғындар өз ұсыныстары орындалмаған жағдайда Ахметжан Есімовті кешке дейін күтетіндіктерін жеткізді.

Аздан соң наразы топ өкілдерін қала әкімінің орынбасары Виктор Долженков қабылдады. Бірақ ол тұрғындар қойған талапты орындай алмайтынын, барлық даулы мәселе тек заң шеңберінде шешілуге тиіс екенін айтып шығарып салды. Екі тараптың кездесуіне әкімшілік алдына жиналған баспасөз өкілдерінен ешкім қатыстырылмады.

Кездесуге қатысып шыққан Шаңырақ-5 ықшам ауданының тұрғыны Света Саурықова Азаттық тілшісіне онда болған әңгіменің қысқаша мазмұнын айтып берді:

- Виктор Долженковтың алдына барғанымызда, ол бізге "сендер жерді заңсыз басып алғандықтан бұл мәселені шешу мүмкін емес, әзірше тұра беріңдер, бірақ алдағы уақытта үйлеріңді бульдозермен күреп тастауы мүмкін" деді. Біз ондай сөз есту үшін барған жоқпыз ғой! Содан соң, бізде оған "егер қолдарыңнан ештеңе келмесе, онда біз дәл осылай Ақордаға дейін барамыз" деп ескерттік.

Виктор Долженковтың алдында өздерінің мәселелеріне байланысты көптеген талаптар қойған наразылық танытушылар әкім орынбасарына 15 тәулікке абақтыға жабылған Айнұр Құрманов туралы айтуды ұмытып кетіпті. Сөйтіп, пикетшілердің үндеуінде жазылған соңғы талап ол кездесуде айтылмай қалды.

Тұрғындар өз проблемалары түпкілікті шешілмейінше наразылық шараларын алдағы уақытта да жалғастыра беретіндерін айтып тарасты.

XS
SM
MD
LG