Accessibility links

Саят Ыбыраевты қамауда ұстау туралы сот шешімі күшінде қалды


Саят Ыбыраев, Қазақ ұлттық техникалық университетінің профессоры
Саят Ыбыраев, Қазақ ұлттық техникалық университетінің профессоры

Қазанның 11-і күні Алматы қалалық соты қамаудағы профессор Саят Ыбыраевты кепілге босату туралы оның адвокаты Таир Назхановтың талап-арызын қанағаттандырмады. Ыбыраевтың жақтастары профессордың саяси себеппен қамауға алынғанына шүбә келтірмейді.


Дүйсенбі, қазанның 11-і күні осыған қатысты Алматы қалалық сотында ашық сот отырысы өтті. Өйткені судья сотқа журналистердің қатысуына қарсы болған жоқ. Сот барысында профессордың адвокаты Таир Назханов, өз қорғауындағы азаматтың бұрын сотталмағанын, отбасында кәмелетке толмаған бес баласы және екі бірдей қарт адам барын алға тартып, Саят Ыбыраевты кепілге босатуды сұрады.
Таир Назханов, Саят Ыбыраевтың адвокаты. Алматы, 11 қазан 2010 жыл

«ҚАУІПТІ ҚЫЛМЫСКЕР»

Кепіл ретінде профессордың анасының атындағы үйді қоятындарын айтты. Сонымен қатар адвокат соттан өз клиентінің бір үйлі жанның жалғыз асыраушысы екенін ескеруді өтінді.

Ал прокурор Өркен Алшымбаев болса Саят Ыбыраевқа тағылып отырған айып (қылмыстық кодекстің 126-шы бабы, 3-ші бөлім «А» тармағы – авт.) бойынша «қауіпті қылмыскер» болғандықтан тергеу амалдары аяқталып іс сотқа жеткенге дейін қамауда қалдыра беруді сұрады.

Екі жақтың пікірін тыңдаған судья Ермахан Ділдәбаев, 20 минуттық үзілістен кейін шешімін шығарды: «Айыпталушы Ыбыраев айыпталып отырған қылмыс қылмыстық кодекстің 126-шы бабы, 3-ші бөлім «А» тармағы болғандықтан ауыр қылмыстар санатына жатады. Бұл бағытта бес жылдан он жыл мерзімге дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген. Тағылған айып бойынша ол қауіпті қылмыскер болып саналады. Сол себепті адвокат Назхановтың жеке шағымы қанағаттандырылмайды».

Осылай деген судья Ділдәбаев, Алмалы аудандық сотының шешімін өз күшінде қалдырды.

ЖҰМБАҚ АҢДУ

Бұдан бұрын хабарлағанымыздай қазанның 7-сі күні Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетінің профессоры Саят Ыбыраевтың туыстары мен әріптестері оның түсініксіз жағдайда қамалуына қатысты наразылық білдіріп, баспасөз мәслихатын өткізген. Ыбыраевтың зайыбы Ләззат Ыбыраева, күйеуі қазанның 1-і күні ауруханада жатқан жерінен тұтқындалып, тек қазанның 4-і күні ғана оны бұлтартпай қамау жөнінде Алмалы аудандық соты санкция бергенін айтады.
Ермахан Ділдәбаев, Алматы қалалық сот судьясы. Алматы, 11 қазан 2010 жыл

Ләззат Ыбыраева жұбайы сотталғаннан бері онымен бірде-бір рет кездесе алмағандарын, тіпті сәлемдеме бере алмай отырғандарын айтып, күйеуінің денсаулығына қатты алаңдайды. Сонымен қатар Ләззат Ыбыраева күйеуі ұсталғанға дейін жаз бойы белгісіз біреулердің үйлерін торуылдап, Саят Ыбыраевты үнемі бақылауда ұстап жүргенін айтады.

– Бір жолы Саят Мұратұлын университет алдында белгісіз біреулер қолын қайырып алып кетпек болғанда мұғалімдер мен суденттер айғай салып жүгіріп, содан аналар професссорды жібере салып, машиналарына отырып қашып кетті, - деді Саят Ыбыраевтың әріптесі Нұрбибі Иманбаева Азаттық тілшісіне.

«МҰНЫҢ АРТЫНДА САЯСАТ ТҰР»

Адвокат Таир Назхановтың айтуынша професссор Саят Ыбыраевтың үстінен екі нашақор арыз түсірген.

– Тергеу ісі әлі толық басталған жоқ дегенмен түскен арыз бойынша жәбірленуші нашақорлар «Саят Ыбыраев өздерін мәжбүрлеп қамап ұстап отырған» деп шағымданған, - дейді адвокат.

Қазанның 7-сі күні болған баспасөз жиынында Саят Ыбыраевтың «Сенім.Білім.Өмір» республикалық қоғамдық бірлестігінің өкілі екені де айтылып қалған. Дәл осы ұйымның Исматулла Мақсұмды "рухани ұстаз" санайтын Қазақстандағы Яссауия сопылық тариқатын ұстанушыларға қатысы барлығы көпке мәлім.
Ләззат Ыбыраева, профессор Саят Ыбыраевтың зайыбы. Алматы, 11 қазан 2010 жыл

Нашақорлардың арызы әншейін желеу. Бұның артында саясат тұр деген пікір айтады Ыбыраевтың жақтастары.

– Бұл кісі соңғы кездері БАҚ беттерінде уаһһабизм бағыты мен салафиттер және діни экстремизм туралы пікірін ашық білдіріп жүр. Содан кейін-ақ бұл кісінің соңына түсе бастады. Ағайдың ұстанымына қарсы, уаһһабизмді қолдайтын адамдардың әрекеті, - дейді профессор Саят Ыбыраевтың әріптесі Нұрбибі Иманбаева.

Техника ғылымдарының докторы, профессор Саят Ыбыраев үш ғылыми монография мен 60-тан астам ғылыми мақаланың авторы. Механика мен машинажасау саласы бойынша бес патентке ие болған.
XS
SM
MD
LG