Accessibility links

Жексенбіде жұртты жиынға шақырған жастар әкімдіктен, қарттар алаңнан табылды


Қоғамдық белсенді Дәурен Сатыбалдин Алматыдағы митингте сөйлеп тұр. 11 сәуір 2010 жыл.

Қоғамдық белсенді Дәурен Сатыбалдин Алматыдағы митингте сөйлеп тұр. 11 сәуір 2010 жыл.

Митингтен бас тартқан жастардың хабарын естімеген жұрт бүгін алаңға жиналды. Олардың көбі зейнеткерлер болса, алаңға аяқ басқан әр кісіден тыныштық бұзушының кейпін көрген полиция олардан екі есе көп еді. Төрт адам ұсталып, қайта босатылды.


«МАМАЙДЫҢ ӨЗІ ҚАЙДА?»


Сәуірдің 11-і күні Алматы қаласының «Астана алаңына» ондаған кісі, негізінен зейнеткерлер заңсыз митингке жиналды.

Халық мұнда «Рух пен тіл» клубының жексенбі күні «Біз өзгерісті қалаймыз!» атты жастардың алғашқы жалпыұлттық жиынын өткізу туралы хабарын естіп келгендіктерін айтты.
Митингке қатысқандардан да полицияның қарасы көп. Алматы, 11 сәуір, 2010 жыл


Осыдан екі күн бұрын «Рух пен тіл» жастар клубының жетекшісі Жанболат Мамай Алматы әкімдігімен бір мәмілеге келіп, жексенбіге жоспарланған митингті өткізбеу туралы шешім қабылданғанын хабарлаған еді.

Сондықтан болар клуб жетекшісі Жанболат Мамай бұл маңнан көрінген жоқ. Көпшілік «Жанболаттың өзі қайда?» деп сұрап жатты. Қалалық билік өкілі оларға Мамай дәл қазір әкімшілікте жастар ұйымымен жұмыс істейтін комиссия құру мәселелерін талқылап жатыр деп түсіндірді.

«Қазір қала әкімінің орынбасары Серік Сейдумановтың қабылдауында Мамай бастаған жастар сол мәселені талқылап жатыр. Жастардың мәселелері шешілген соң олар митингтен бас тартты», - деді Алматы қалалық әкімдігі ішкі саясат бөлімінің бастығы Бауыржан Иманғали

Мұны естіген бірқатары: «Осында келіп неге түсіндіріп айтпайды?» деп, алданған кейіп танытты.

"ӘКІМДІКПЕН ӘРІПТЕСТІК ОРНАТҚАНДАР САТЫП КЕТТІ»


Әкімдік өкілі билікпен келіссөзге қатысқан жастардың бір белсендісі жұртқа мән-жайды түсіндіріп беру үшін осында келгендігін айтып, «Еркін интернет үшін» жастар қозғалысының үйлестірушісі Ұлан Шәмшитке дауыс күшейткіш ұсынды.
Ұлан Шәмшит, «Еркін интернет үшін» жастар қозғалысының үйлестірушісі. Алматы, 11 сәуір 2010 жыл.


«Бір сөзбен айтқанда, митинг болмайды бүгін. Өйткені менің әріптестерім билікпен келісті. Менің ұстанымым басқа. Менің ойымша, біз әлі келісімге келген жоқпын. Құрметті азаматтар, әзір үйлеріңе тарай беріңдер», - деді ол.

«Ескі алаңға» митинг үшін емес, жауынды күні Әлия мен Мәншүктің рухына тағзым ету үшін ақ түсті қалампыр гүлін ұстап келген Ұлан Шәмшиттің өзі әкімшілікпен келісімге келген әріптестерінің шешімімен келіспейтіндігін айтып отыр.

«Олардың не ойлағанын мен білмеймін. Менің ойымша, олар бүкіл жастарды сатып кетті. Бұлай болмауы керек. Әкімдікпен «әріптестік» орнатты деген күннің өзінде олар мен сияқты бүгін осы алаңға шығуы керек еді», - дейді Шәмшит.

«ҚЫРҒЫЗСТАНДАҒЫ ЖАҒДАЙ ҚАЙТАЛАНБАС ҮШІН»

Онымен бірге «Рух пен тіл» клубының екі мүшесі де еріп келіпті.

«Осы күнді біз тағайындаған соң, осында жиналған адамдарға да дұрыстап түсіндіріп, Қырғызстандағы жағдай қайталанбас үшін, соларды таратуға шықтық», - деді «Рух пен тіл» жастар клубының мүшесі Асылхан Боқаев.

Жиналғандар жастардың ақталу сөздерін тыңдап жатқан уақытта құқық қорғау органдарының қызметкерлері көпшіліктің ішінен таңдап жүріп, төрт кісіні - Ермек Нарынбаев, Мұхаммед Қыдысұлы, Дәурен Сатыбалдин және Медет Құлжабаевты автобусқа тиеп үлгерді.
Ізбасар Бектұров, Алматы қаласы ішкі істер департаменті басшысының орынбасары. 11 сәуір 2010 жыл.


«Оларды біз алып кеттік. Біз оларды жатқа танимыз. Соларды алып кеткеннен кейін ғана жұрт тыныштала бастады. Олар өздерінің қандай да бір оқыс қимыл-іс әрекетке баратындай боп белдерін бекем буғандарын көрсетті», - деді Алматы қаласы ішкі істер департаменті бастығының орынбасары Ізбасар Бектұров.

Ол «ескі алаңға» 15 автобус пен ондаған жеңіл көліктегі құқық қорғау органдарының қызметкерлерін бастап келген еді.

Митингке шыққандар ұсталғандарды босатпай тарқамаймыз деген талап қойған соң ғана полиция ұсталғандарды босатты. Біраздан соң алаңға жиналған халық бейбіт тарқады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG