Accessibility links

Тұтқындау құзыреті соттарға берілді. 30 тамыздан бастап әр күдікті азаматты тұтқындау туралы шешімді прокуратура емес, барлық тараптар қатысатын ашық сот мәжілісінде судьялар қабылдайтын болады.

Қазір барлық сот орындары жаңа өзгерістерге дайындалып жатыр.

- Бұл жаңа міндетті өз құзырына алуға қазір соттар құқықтық-материалдық жағынан дайын. Арнайы мәжіліс залдары берілген. 30 тамыз - 1 қыркүйек күндеріне кезекшілік кестесі әзірленіп, оған судьялар бөлінген. Жалпы бұл бастаманы әрі қарай алып кетуге қалалық сот әзір, - дейді Алматы қалалық сотының судьясы Адайбек Бейімбетов.
Дегенмен, Алматы қаласындағы Алмалы аудандық прокуратурасының қызметкері Алексей Киряк тұтқындау құзыретін сотқа беруде әлі толық шешімін таппаған мәселелердің бар екендігін алға тартады. Мысалы, ол күдіктелерді әкелетін күзет қызметінің Қаржы полициясында да, Ұлттық қауіпсіздік комитетінде де жоқ екендігін айтады. Сондықтан, прокуратура қызметкері тұтқындауға қатысты сот мәжілісін прокурор кабинетінде өткізуді ұсынады:
- Қазір сот мәжілісін прокурор кабинетін қажетті барлық құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету шаралары қолға алынуда. Қылмыстық Кодексте қамауға алу шараларына қатысты өтініш алдын-ала тергеу орындарында немесе күдіктінің ұсталу орнында қаралуы керектігі айтылған. Біз тұтқындауды санкциялау мәселесі қылмыстық тергеу ғимараттарындағы соттың көшпелі отырыстарында қаралуы керек деп есептейміз.
Людмила Бектемірова, судья: Бұл құзіреттің соттарға берілуіне прокуратура қарсы болды. Алматы, 25 тамыз 2008 ж.
Алайда, сот қызметкерлері әлдеқайда оптимистік көңіл-күйде. Олар прокуратураның тұтқындау құзыретінің соттарға берілуіне әу бастан-ақ қарсылық білдіргенін айтады.

- Бұл істі олар дауласып жүріп, бізге әрең берген. Олар бұл процеске қатты қарсыласып бақты. Тіпті қазір де тұтқындауға санкция беру үшін олар бізге келгілері келмей, өздеріне шақырады. Бұл - олардың жандарына батқан тақырып қой. Олар өз уыстарынан көп нәрсе шығып кетті деп есептейді. Бірақ біздің бұл мәселені шешуге қауқарымыз жетеді, -
дейді Алматы қаласы Бостандық аудандық сотының судьясы Людмила Бектемірова.
«Қазақстанда сотқа дейінгі тұтқындау құзыретінің сотқа берілуінің мақсаты - азаматтардың құқығын Конституцияда көрсетілгендей халықаралық талаптарға сай ету» екендігін айтады Қазақстанның Жоғарғы сот төрағасы Қайрат Мәми Азаттық радиосына:

- Бүгінгі күнге дейін сотқа дейінгі күдікті адамды тұтқындау мәселесі прокуратура мекемелерінде жабық түрде қаралып жүрсе, тамыздың 30-нан бастап әр бір күдіктіні ұстау үшін прокуратура рұқсат сұрап сотқа келеді. Сотта бұл прокурордың, күдіктінің, оның қорғаушысының, өз тілек-қалауына байланысты жәбірленушінің қатысуымен ашық түрде қаралады. Бұл - құқық қорғау орындарындағы жемқорлықты азайту үшін де өте қажет қадам.

- Бұл Қазақстанның 2010 жылы ЕҚЫҰ-на төрағалық етуіне қатысты жасалып жатқан қадам емес пе?

Қайрат Мәми, Жоғарғы соттың төрағасы: Күдіктіні тұтқындау туралы шешімді сот барлық тараптардың қатысуымен қабылдайды. Алматы, 25 тамыз 2008 ж.
- Сұрағыңыз өте орынды. Бірақ мен бұл мәселенің бұрыннан көтеріліп келе жатқандығын айтар едім. Әлбетте, бұл мәселе Қазақстанның ЕҚЫҰ-на төрағалық етуіне оң әсерін тигізеді. Бірақ Қазақстан азаматтардың құқығын қорғау жөнінде өзінің қадамдарын әрқашан жүйелі түрде, саты-сатысымен жүзеге асырып келеді.
Алматы қалалық прокуратурасының мәліметтеріне қарағанда, соңғы 3 жылда Алматы қаласында 8 мыңнан астам адам ұсталған. Оның 7 мың 700-ін прокурорлар тұтқындаған. Биылғы жарты жылда қалада 1 жарым мың адам қамауға алынған.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG