Accessibility links

Осы жұмада некеге отырушылар басқа күндерден анағұрлым көп. Олар бұл күні үйлену қызмет түрлерінің екі есеге өскендігіне қарамастан, 2008 жылдың 8-ші айының 8 күні некеге отыруға шешім қабылдапты.

Шанхайда Қытай сауда компаниясында жұмыс істейтін Майнұр мен Лондонда оқуын тәмамдаған Табыс Алматыда танысқан. 2008-ші жылдың 8-ші айының 8-і күні Алматыда олар мәңгіге ажырамасқа уағдаласып, «Жас отау» неке сарайында заңды некеге отырды. Қуаныштан жүзі бал-бұл жайнаған Табыс Түркия сегіз санының бір күні қатар келуі - мың жылда бір рет кездесетін ерекше оқиға болғандықтан, некелесу үшін осы күнді таңдапты.
Табыстың жары Майнұр ата-жұртында некесін қидырғаны үшін өзінің бақытты екендігін әңгімелеген кезде көзіне жас үйірілді:

- Қазақстанға келіп, отбасын құрып жатырмыз. Жұбайым айтқанындай, бұл күн ерекше. Оған қоса бүгін Бейжіңде олимпиада алауы жанады ғой?! Үш сегіз саны қатар келсе жақсы болатын шығар деп ырымдадық, - деді ол көңілі толқып. .
21 жасар Әсемнің болашақ күйеуі де некелесу үшін осы күнді таңдапты. Мұндай қуанышты күні Азаттық радиосына сұхбат берген Әсем келешектегі күйеуі Айбардың, 8 санының - мәңілік, шексіздіктің белгісі екендігіне айрықша мән беріп, осы ерекше күнде мәңгілік бірге болайық деген ниетпен неке сарайына келгендерін жасырмады.
Алматыдағы «Жас отау» неке сарайының қызметкерлері де бұл күнге алдын-ала мұқият дайындалған екен.

"Жас отау" неке сарайының директоры Әлия Тұтқышева. Алматы, 08 тамыз 2008 ж.
- Жас жұптарға осы күнмен арнайы құттықтау қағаздарын әзірлеп, сыйлықтар жасадық. Некеге отырғызу рәсімі өтетін залдарды да ерекше безендірдік, - дейді неке сарайының директоры Әлия Тұтқышева.
Алайда, осы сарайға тамыздың 8-і күні некеге отыру үшін жастардан алдын-ала 60 шақты өтініш түскенімен, бүгін оның тек 35-і ғана тіркелмек екен. Әлия Тұтқышеваның айтуына қарағанда неке сарайының қызметкерлері арыз берушілерге телефон шалып, арыз беріп едіңіздер ғой, тіркелесіздер ме? деп сұрағанымен, олар бұл күнге лайықты мейрамханалар таппай, бағасының көтеріліп, «Лимузин» көліктерін жалға алу құнының қымбаттап кеткендігін айтқан.
2008 жылдың 8-ші айының 8-ші күні некесін қидырушылар 2007 жылдың 7-ші айының 7-ші күнімен салыстырғанда аз екендігін байқапты «Жас отау» неке сарайының қызметкері Әсем Лұқпанова:

- Мысалы, былтыр шілденің 7-сі күні тек осы неке сарайында 90-ға жуық жас жұп некелерін қидырған. Биыл бүгінгі күні одан үш еседей аз жұп келмек. Арыз беру кезінде бұл күні некеге отыруға тілек білдірушілер көп еді. Бірақ мейрамханалар мен автокөлік бағасы екі есеге өсіп кетті емес пе?! Сондықтан, олар бұл күні некеге отырудан бас тартқан сияқты.
Жас жұбайлар неке қиғызу үшін ырымдап осы күнді таңдады. Алматы, 08 тамыз 2008 ж.
Жылдың осы бір күні мейрамханалар мен жас жұбайларды таситын сән-салтанатты көліктерді жалға алу да күрт қымбаттағанын некелерін қидырып отырған жастар да айтып отыр. Мысалы, біз әңгімеге тартқан Лена есімді қалыңдық «Лимузинді» жалға алу бағасының екі есеге өскенін тілге тиек етті.

- Үйлену тойы қызмет түрлерінің бағасы қатты шарықтағанын сезіндік. Мейрамхананы көп іздедік. Жай күндері ондай емес еді. Үш сегіз саны қатар келгеннен кейін бәрі қымбат! Бірақ қайтеміз? Жылда тұрмысқа шығып жатқан жоқпыз ғой, - деп күлді Әсем.
Алматы қаласында некесін қидырушылар Әуезов ауданында ең көп тіркелген. Бұл күні осы ауданда ғана 90-ға жуық жас отау тігілмек.
XS
SM
MD
LG