Accessibility links

Баспана дауының құрбандары Обамадан көмек сұрайды


Қазыбековтар отбасы қазақстандық билікке сенбейді. Алматы, 6 қараша 2008 ж.
Қазыбековтар отбасы қазақстандық билікке сенбейді. Алматы, 6 қараша 2008 ж.

Алматыда Бәрібаев көшесінде орналасқан үйдің тұрғындары кеше ғана сайланған АҚШ-тың жаңа президенті Барак Обамадан көмек сұрап отыр.

Олардың баспанасы бұзылуы тиіс үйлердің қатарына ілінген екен. Бәрібаев пен Қазыбек би көшелері қиылысындағы оң жақта орналасқан үйлердің барлығы дерлік бұзылған. Қала әкімшілігінің рұқсатымен ол жерде «Алан Реалти» құрылыс компаниясы бүгінгі заманға лайық көп қабатты элиталық тұрғын үйлер тұрғызу керек екен. Компания өкілдері аталған көшенің тұрғындарына ең алғаш рет 2007 жылдың сәуір айында келген. Ескі үйлердің қожайындары көп ойланбай, құрылыс компаниясының өтемақы ретінде ұсынған ақшаларын алып, қаланың басқа да аудандарына қоныс аударған. Ал нөмірі 47 үйдің тұрғындары болса, компанияның өтемақысымен де, соттың шешіміне де келіспей отыр.
6-шы қараша күні аталмыш үйдің тұрғындары «Барак Обама көмектес», «Сот балалар мен қарияларды баспанасынан айырды» деген секілді жазулары бар ұрандармен сот орындаушыларын қарсы алды. №-47 үйде сегіз адамнан тұратын Қазыбековтар отбасын күштеп шығару таңғы сағат 11-ге белгіленген екен. Сот орындаушылары мен «Алматыжердің» қызметкерлері ескертпе хатта көрсетілген уақыттан кешікпей келді. Аталған мекеменің қызметкерлері бұл жолы Қазыбековтер отбасын мазалаған жоқ. Дегенмен, олар №-47 үйдің тұрғындарына бірнеше күннің ішінде Медеу аудандық сотының шешімімен келіспейтіндігі туралы қалалық сотқа шағым түсіру керектігін ескертті. Ондай болмаған жағдайда, соттың шешіміне сәйкес, 12-ші қараша күні баспаналарынан күштеп шығаратындығын айтты.
Азаттық тілшісіне сұхбат берген Гүлжан Қазыбекованың айтуынша, «Алан реалти» компаниясының балама ретінде ұсынып отырған үйлерде өмір сүру мүмкін емес. – «Мәселен, біздің отбасымызда 8 адам бар. Әкем мен шешемнің жасы тоқсанға таяп қалды. Өткен жылы әлгі компанияның бізге ұсынған үйлерін көріп келдік. Соның бір де біреуі көңілімізден шыққан жоқ. Бір үйге барғанымызда, ол сауна болып шықты, ал екіншісі 5 қабатта орналасқан, үшіншісінің санитарлық тазалығы сын көтермейді. Осыдан кейін өз үйімізде тұра берейік деген шешімге келдік».
Медеу аумақтық бөлімінің сот орындаушысы Талғат Жанасаров №-47 үйдің тұрғындарына 12-ші қарашаға дейін уақыт берді. Алматы, 6 қараша 2008 ж.
Сонымен қатар, Гүлжан Қазыбекова Азаттық тілшісіне сырттай шығарылған соттың шешімі мен құрылыс компаниясынан келген хатты көрсетті. Соңғысында өтемақы ретінде ұсынылған ақшаның көлемі екі түрлі көрсетілген. Құрылыс компаниясы басшысының қолы қойылған хаттың бірінше бетінде 27 427 000, ал екінші бетінде 39 397 000 деп жазылған. Сонымен қатар онда, "бұл ақша банкте сақтаулы тұр, үйді босатуға келісім берген күні сіздің есеп шотыңызға аударамыз" деп айтылған.
- 40 миллионға жуық ақша беретін болса, бұл үйден баяғыда-ақ көшіп кетер едім. Компаниядан келген хатты қолыма алып, «Алматыжердің» бас кеңсесіне бардым. Ал ондағы қызметкерлер біздің үй үшін төленуге белгіленген ақшаның көлемі 39 397 000 емес, 27 420 700 екенін айтты. Ал біз бұл ақшаға келісуден бас тарттық - деді Гүлжан Қазыбекова.
Сонымен қатар, аталған үйдің тұрғындары сот шешімінің сырттай шығарылғанын айтты. Қазыбековтер отбасының сөздеріне сүйенетін болсақ, оларды үстіміздегі жылдың 20-шы қыркүйек күні болған сот отырысына ешкім шақырмаған.
Қазыбековтер отбасының еңбектеген баласынан, еңкейген кемпір-шалына дейін көшеге шығып, жергілікті билік пен соттың әділетсіздігіне наразылық ретінде ұрандар көтеріп тұрды. Оларға ешкім кедергі келтірген жоқ. Азаттық тілшісінің «не себепті Барак Обамадан көмек сұрап отырсыздар, ол басқа елдің басшысы ғой» деген сұрағына, Қазыбековтер отбасы «біздің билікке сенім жоқ» деген жауап қайтарды.

Бұл жайында видеоны қараңыз:

XS
SM
MD
LG